Наурыз айы – жақсылықтың жаршысы

Ақпан-тоқпан айы қыс ақысы кетіп, шуақты күн жетіп, түске дейін «мүйіз», түстен кейін «киіз» болар, бар тіршілік иелеріне жан берер наурыз айын адамзат баласы асыға күтетін.

Наурыз парсыша «нау» және «рыз» жаңа күн дегенді білдіреді. Наурыз – қасиетті ұғым. Мұсылман халқының ежелгі сенім-нанымында наурыз туған 1 мен 3 жас аралығында, қасиетті тіршілік, жан-жануарлардың ерекше жаратылғанына, жер-көкті, жанды оятар жайдары гуіл дауыс естіледі екен. Дәл осы күннен бастап табиғаттағы тірінің бәріне, жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады.
Жылы жақтан құстар оралып, сай-салада қар еріп, «құс базары» туып, қыстың қысқы тоңын жарып, бәйшешек жер бетіне гүл боп көрінетін де, дәл осы наурыз айының тууынан басталған.
Наурыз қазіргі Григориан күнтізбесі бойынша март айының 1-ші жұлдызы болып айтылып, жазылады.
Октябрь революциясынан кейін наурыз айының қасиетіне көз жұма қараған, «діни салт пен уағыз» деп түсінген Кеңес Одағы қатаң тыйым салған. Бірақ Ақпан-Ақ түйек, ақ-ақыл боран дегеннен шыққан. Қыстың ең ауыр айы, аяз құбылмалы дүлей болған. Сондықтан ақпан айы аяқталып, наурыз айы келуін жұрт жақсылыққа балап, «Март болмай – шарт болмас» деп асыға күткен. Күн райын наурыздың басына, туар ай мен жұлдызға қарап болжаған. Бәйшешек ерте шықса, жыл құстары ерте келсе, көктем ерте келеді деп қуанған. Осындай сәттен тағылым алған жұрт дала жұмыстарын да ерте бастап кеткен.
Жалпы халқымыз әр айдың тууына қарап та көп нәрсені тани біліп, баға беріп, сенім білдірген. Қайқы қылыштай жаңа туған айға сәлем жасап, тағзым етіп, «Ай көрдім, Аман көрдім», «Жаңа ай, жарылқа, ескі ай, есірке» деп бата қылған. Ал ай шалқалап туса, өзіне жайсыз болғанымен, елге жайлы болады деп болжап отырған.

Қазақ этнографиялық зерттеуінде, қазақ халқы барлық айдан гөрі, наурыз айын ерекше қасиетті санап, қадір тұтқан. Ежелгі дәстүр жыл басы осы наурыз айынан басталған. Сондықтан наурыз жайлы ән тербеп, жыр жазатындар өте көп болған. Абай Құнанбаевтың «Қыстыгүні», «Күздігүні», «Жазғытұры» деген сияқты жылдың маусымды айларына аталған өлеңдерінің жазылуы да осы туған айдың тағылымына байланысты болған. Наурыз айы туғанда қой қоздап, бие құлындап, түйе боталап, сиыр бұзаулап, ешкі лақтар тұста нау- рыздың берер несібе – берекесі «Ақ мол болсын!» деп наурыз көже тарату, дән беру дәстүрі де – ежелден қалыптасқан ата жолы.
Ақындар:
Ақ көрпесін серпіп тастап Жер-Ана,
Көк көйлекпен таранғандай тұрып бір.
Қор кешіп ед жүрегіне нұр тарала,
Аспан асты көкмайса боп тұнып тұр.
Қыр басында қол ұстасқан қыз-жігіт,
Шаттанып жүр бақыттарын тапқандай.
Уа, көктем, сенде бар бір ізгілік,
Тіршілікке нұрын шашқан ақ таңдай.
Махаббатқа ғашықсың ба әлде сен?
Әлде саған ол ғашық па, білмедім…
Бір білерім, Наурыз айы келмесе,
Көре алмас ек табиғат сұлу өрнегін, – деп жырлағанындай, әз-Наурыз кешегі ата-бабалар заманынан ұлағат боп жалғасып келсе, бүгінгі мұсылмандар әлемінде жаңаша жарқын сипатқа ие болып келе жатқанын да көріп отырмыз.
Мәселен, қазақ жерінде осы бір тіршілік оянар берекелі де мерекелі наурыз айының 1-жұлдызын қазақ халқы «Алғыс айту күні» деп бірнеше жыл қатарынан тойлап келеді. Қазақтың этнографиялық тарихына көз салсаңыз, басына қиын күн туғанда қазақ баласына кімдер жан бағып, әр қазақтың бір үзім нанын бөліп жеп, жандарын аман алып қалды. Олар: орыстар, кәрістер, немістер, шешендер сынды ұлттар. Осы көп ұлттың көбісі қазақ жерінен бақытын тауып, мекендеп қалғанын көріп отырмыз.
Демек, осынау ұлттардың Қазақстандағы өсіп-өніп отырған бүгінгі ұрпағы қазақ халқына мың алғыс айтуы қай жағынан да әділетті болары анық.
Алғыс айту күні құтты болсын, ағайын! Дархан көңіл, патша жүрек мейірбан тәуелсіз Қазақстанның аспаны ашық болғай!

Жапар Сатылғанов,
этнограф, эколог, құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

Comments (0)
Add Comment