Нашақорлық – қоғам дерті

Есірткі – талай адамның түбіне жетіп, бақытты өмірлерін баянсыз еткен улы зат. Соған қарамастан соны тұтынатындардың қатары азаяр емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен болатын.

– Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген синтетиканың көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Әрине, қоғам дертіне айналып отырған есірткі біздің ағзамызға әртүрлі жолдармен енгізілгеннен кейін орталық жүйке жүйесін өзгертіп, зор қатер төндіреді. Сондай-ақ мінез-құлықта, көңіл-күйде зор өзгерістер болып, сенсорлық қабылдау қабілеті бұзыла бастайды. Адам денесінде осындай өзгеріс- тер болғаннан кейін ол қайтадан сезінгісі келеді. Өйткені ол эндорфиндердің, әл-ауқатқа байланысты гормондардың жоғары деңгейін шығарады. Яғни ми өз әсеріне тәуелді болып, құмарлығы күшейе бастайды.
Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Яғни олар қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Әрі жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне адам ойына келмейтін жауап қайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік – алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын басты себептер. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Мұндай топтар үй жақта, би алаңдарында, мектепте де ұйымдасады және топ ішінде алғашқы «тексеріс- тер де» болады.
Топтық психология, еліктеушілік, ермелік топ ішінде біреуі есірткі немесе шарап дәмін татқан болса, уақыт өткен соң барлығы есірткі мен алкогольге әуестене бастайды. Бұзақылар арасына түсудің де себептері көп. Бұл отбасындағы кикілжің де, ата-аналардың, мұғалімдердің баланың бос уақытын қалай өткізетініне назар аудармауы, тіпті баланың қолында артық ақшаның жүруі де болуы мүмкін. Кешірек мұндай жасөспірімдер музыка тыңдап, бейнетаспаларын көріп немесе көше кезіп уақыт өткізеді. Ал бұл болса, адамның ішін пыс- тырады. Қазір спорт, музыка, өнер мектептерінде оқу қымбат, барлық ата-ананың қаржысы жете бермейді. Сөйтіп, күндердің күнінде есірткіге үйір бола бастайды. Бір ерекшелігі – нашақорлар басқаларды есірткіге әуестендіру әрекетін әдейі жасайды. Өйткені нашақор еңбек етуге дәрмені жоқ болғандықтан, есірткі сатып алуға қажетті ақша іздейді де жүреді. Ал ол қаражатты ұрлықпен табудан басқа амалы жоқ. Сондықтан нашақор ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіруге, соның арқасында өзінің «қамын» ойлауды мақсат етеді. Нашақордың жасөспірімдер тобына қосылуының себебі де – сол. Еліктегіш жастар соған еріп, дәмін тата бастайды. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалмауды, тағы бірі өзін ересек көрсетуге тырысуды, ендігі біреуі бар қиындықтан қашып, ләззат аламын деп ойлайды. Сөйтіп, бара-бара есірткінің құлына айналады.
Есірткінің ерекшелігі сол – адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып қалады. Міне, адамдардың нашақор болуы себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы «бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең нашақор болмайсың, қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады» деген арбау сөздерімен нашақорлық жолына тартады. Ал әлеуметтік қиындықтардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады.
Қорытындылай келсек, елімізде есірткіге қарсы қаншама күрес шаралары жүргізілгенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Дегенмен еліміздің есірткі пайдаланушылар мен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағдарламаларына сәйкес, әр облыста қоғамның салауаттылығы үшін қолдан келген амалдарды қарастырып, бар күшімен еңбектенетін Ұлттық қауіпсіздік комитеттері және құқық қорғау органдары жұмыс істеуде. Олардың өз қызметтерін дұрыс атқаратындығына және аянбай қызмет ететіндігіне сеніммен қарай отырып, болашаққа деген үмітіміз зор.

Сағынтай Тәттібаев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Құрылыс және
материалдар өндіру» кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment