Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда брифинг өткізіп, «омикрон» штамы қашан пайда болады деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Келетіні анық. Қай уақытта екенін білмейміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған деректерді ғана пайдаланамыз. «Омикрон» туралы болжайтын ресми деректер жоқ», – деді Бекшин.
Брифинг барысында Бекшин Алматыда қазірдің өзінде 1,3 миллион тұрғын вакцина салдырғанын, сондай-ақ, 15 682 адам ревакциналаудан өткенін мәлімдеді.
Бекшиннің сөзінше, бүгінде қала бойынша омикрон штамына мониторинг жүргізіп жатыр.
«Мысалы 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтанға 53 сынама жібердік. Ондағы мақсатымыз – сол сынамаларда омикрон штамы бар-жоғын анықтау. Нәтижесі екі-үш күнде дайын болуы керек. Сондықтан омикрон біздің елімізде анықталғанын немесе анықталмағанын айту ерте. 3 желтоқсаннан бері зерттеуде тұр», – дейді ол.
Шетелден келгендер бүгінде арнайы қонақүйде карантинде жатыр. Одан бөлек, үй карантинінде жатқандар да бар.