Нұрсұлтан Назарбаев бала күнінде киіз үйде өмір сүргені жайлы айтып берді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Qazaq: Алтын адам тарихы» деректі фильмінің кезекті бөлімінде киіз үйдің тарихы жайлы баяндап, бала кезінде өзінің де қазақ үйде тұрғанын еске алды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев киіз үйдің бірнеше мың жылдық тарихы бар екенін және көшіп-қону кезіндегі ыңғайлылығы туралы айтты.

«Үш мыңжылдық бұрын киіз үй пайда болды. Бәлкім одан да бұрын. Себебі бұл – өте ыңғайлы үй. Қабырғаларын кереге деп атайды, олар құралмалы. Ағаштан жасалған, тез бұзылып, тез жиналады. Ең басты экспонат – шаңырақ. Әр отбасы, әр ру әкесінің шаңырағын сақтаған. Содан кейін әкенің қасиетті шаңырағы астында үй салып, өмір сүрді. Әлемдегі күмбездердің барлығы осыдан алынған. Өйткені мұндай құрылыс күшті желден құтқарған, су ұстамайды және құлап та қалмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның сөзінше, бала күнінде өзі де қазақ үйде түнеген.

«Бала кезімде өзім де тұрдым. Әкемнің тонына оранып жатып ұйықтайтынмын. Киізге тиген жаңбыр дауысын естіп, тәтті ұйқыға бату», – деп еске алды Назарбаев.

Comments (0)
Add Comment