Әнұран неге шатаса береді?

Қазақстанның Әнұранын әлемдік жарыстарда шатастыру жиілеп кетті. Әйтеуір жыл­да бір-екі ел міндетті түрде білгенінен жаңылады,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Жел­тоқсан айының басында Испанияда өткен гандболдан әлем чемпионатында да осы тектес оқиға қайталанды. Бір­­ақ оған бас ауырта қойға­нымыз шамалы. Еліміздің символына құрмет­сіздік таныт­қан жарыс қожа­йын­дарының әрекетіне құ­зыр­лы министрлік пен федерациялар қашанға дейін көз жұма қарайды?

Біз осы ретте бұған дейінгі спорт­­тық додалардағы әлем ел­де­рі­нің мемлекеттік Ән­ұранымыз­ды мазақ еткен тұста­рын еске түсіріп көрдік. 2013 жылы 15 қаң­тарда Жоғары хоккей ли­гасы «Тверь» хоккей клубы қараған­дылық «Сарыарқа» командасымен болған матч алдында Қазақ­станның Әнұранын шатастырып алған. 2014 жылы да Оңтүстік Ко­рея­ның Чеджу қала­сында өткен бокстан әлем чемпионатын­да Қазақстанның ескі Әнұраны шырқалды. 2015 жылы Финляндияда өткен хоккей лигасында «Барыс» – «Йокерит» ойынын­да дәл осындай жағдай қайталанды. Сол жылы Хорватия­дағы Golden Spin турнирінде әйгілі мәнерлеп сырғанаушымыз Денис Тен топ жарып, марапаттау рәсімінде бұрынғы Әнұранымыз тағы қо­сыл­ды. 2015 жылы Ауыр атлетикадан Ресей Федерациясы президенті кубогы кезінде қазақ­стан­дық зілтемірші Илья Ильинді мара­паттау кезінде көршілеріміз біл­местік танытты. 2015 жылы Ре­сейдің Хабаров қаласында каратэ киокушинкайдан өткен әлем чемпионатының марапаттау рә­сі­мінде де жарысты ұйымдас­тырушылар ескі Әнұранды қосты. Қиырдағы басқалар болса бірсәрі, көршіміздің бұл әрекетін түсіне алмағандар көп болды. Ал олар ке­­шірім сұраумен құтылды.

2017 жылы қарашада Сочиде өткен самбодан әлем чемпионатында Қазақстан Әнұранының шатасып қойылуына байланысты РФ Самбо федерациясы кешірім сұрап, хат жолдады. Сол чемпионатта қазақстандық Есет Қуанов­ты марапаттау барысында жарыс­ты ұйымдастырушылар тарапынан қателік кетті. Есесіне, трибунада отырған отандастарымыз орын­­дарынан түрегеліп, Әнұран­ды әуелете шырқады.

2017 жылы 17 маусымда Син­га­пурдағы ММА бойынша Азия чемпионатында Қазақстан спорт­шысын марапаттау рәсімінде тағы ескі Әнұран қосылды. Бұл жолы да ұлттық құраманың мүше­лері Әнұранды өздері шырқады.

2020 жылы 30 қаңтарда Мек­си­ка­ның Куэрнавака қаласында өткен Садриддин Ахмедов пен Стивен Даньоның кездесуі алдында жарыс қожайындары Қа­зақ­стан Әнұранын шатастырып ал­ды. Жекпе-жек алдында олар Ка­наданың гимнін қосты. Кездесу аяқталған соң боксшымыз жа­рыс қожайындарына наразы­лы­ғын білдірді.

Кувейттегі жарыста бірінші орын алған қазақстандық спорт­шы Мария Дмитренконы мара­пат­тау кезінде жарысты ұйымдас­тырушылар Қазақстан Әнұра­ны­ның орнына британдық комик Са­ша Коэеннің «Борат» фильмінде айтылған әнді қосты. Мұны енді бүтін бір елді мазақ ету, мем­лекеттік рәміздерін аяққа таптау де­се де болады. Өйткені спортшы­лар марапаттау рәсімінен бұрын ұйым­дастыру комитетінен Қазақ­станның Әнұраны бар-жоғын сұра­ған. «Гимннің бар екенін айт­қан ұйымдастырушылар оны ин­тернеттен көшіріп алса керек»,– дейді спортшылар. Ең сора­­қысы, спортшы Мария Дмитрен­ко сол «Бораттың әні» ой­налып біткенше қолын жүрек тұсына қойып, сол әуенді байсалды түрде тыңдап тұрды. Кейін ұйымдас­тырушылар кешірім сұрап, ертеңінде болған марапаттау шарасында Қазақстанның өз Ән­ұра­нын қайта қосты. Алайда «Борат» фильмін 2006 жылы көрсетуге тыйым салған санаулы елдің бірі Кувейт билігі бұл оқи­ға­ға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Сан алуан халықаралық шаралар барысында, оның ішінде көбі­несе спорттық сайыстарда Қазақ­стан Әнұранын ескі нұсқасымен немесе «Борат» кинофильміндегі әнмен шатастырып алу деректері ішінара кездесіп тұрады. Тіпті, ел ішінде, Қостанай қаласында, 2012 жылы шетелдік әнші Рики Мар­тиннің әні қойылып кетіп, бірнеше секундтан соң мемлекеттік Әнұран­ға ауыстырылған бола-тын.

Әнұранымызды шатастырып, мазаққа айналдыру әлем елдері үшін қалыпты жағдайға айналды. Жаңа мемлекеттік Әнұран 2006 жылы жаңартылғанымен, қанша­ма рет шатастыру жағдайы тіркелді. Ендігі кезекте осындай олқы­лық­тарды алдағы уақытта болдырмау үшін тиісті шаралар қа­был­данып, лайықты деңгейде жұмыстар жүргізілсе дейміз. Әйт­песе, мемлекеттік Ән­ұранымызды шатастырушылар көбеймесе, азаймайды.

 

Comments (0)
Add Comment