Нұр-Сұлтанда аула сыпырушылары үш айдан бері жалақыларын алмай жүр. Жалдамалы пәтерлерінен қуылған олар, үш күннен бері нәр татпапты. Астанаға жұмыс іздеп әр өңірден келгендер енді үйлеріне қайта алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Далада түнеп, қаңғыбастардың күнін кешіп кеттік дейді олар. Ал жауапты компания, айлықты әне-міне береміз деп уақыт созуда. Немерелеріне тәтті әпермек түгілі, алпысты алқымдаған жігіт ағасы үш күннен бері нәр татпаған. Ішерге асы, киерге киімі таусылған аула сыпырушылары алды үш ай, кейбіреуі екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүр.
“Қанша квартираға қарызбын. Хозяйка айтып бере алады. Затымды ала алмаймын. Үш күн болды қара су ішіп жатырмын. Бастыққа да айттым, жүріңіздер көріңіздер деп. Мына кісілерге де айттым, барлығымыз квартирант, жан-жақтан келгендер ғой”, – дейді аула сыпырушы Ғани Серікбаев.
Елордадағы Республика даңғылы мен Иманов, Иманбаева, Жәнібек Тархан көшелерін аула сыпырушылары таңғы сағат бестен бастап тазалайды. Жұмысқа шықпай, міндеттерімізге салғырттық танытқан кездеріміз болмаған дейді.
Ал, жалақыларын бермей жүрген компанияның аты «Алтын Бэнс». Ол қаланың санитарлық тазалығына жауап беретін «Астана Тазалық» мекемесінің тендерін ұтып алған.
«Бүгін беріп жатырмыз» деп жауап берген «Алтын Бэнс» компаниясында жалпы саны 150 адам жұмыс істейді. Жауапты мекеме белсенді болған төрт адамға телеарнаға хабарласқандарың үшін тамыздың айлығын бермейміз деп қоқан-лоқы көрсетіпті.
Еңбегіміз бағаланбаса, сыпырып жүрген көшемізді жабамыз дейді ашуға булыққан аула сыпырушылары.