Елорда әуежайында Нұр-Сұлтан Анталия бағытындағы Turkish Airlines ұшағына жолаушыларды отырғызу кезінде 44 жастағы азамат ұшақта жарылғыш заттың барын айтып, бірнеше рет айқайлап, шу шығарған. Ер адамның мас күйде болғаны анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Әуежай аймағы мен ұшақ борты түгелдей тексеріліп, нәтижесінде жарылғыш заттар немесе басқа да қауіпті құрылғылардың табылмады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бұл бабының санкциясында бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Күдікті кінәсін мойындады. Ол қазір полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.