Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде жиынға келген ер адамға қатысты бұзақылық жасаған әйелдерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айының соңында көпбалалы аналар әкімдікке тұрғын үй мәселесі бойынша жиналған еді. Нәтижесінде жағдай ушығып, әйелдер құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерге шабуыл жасап, оны соққыға шыққан. Әкімдік өкілдері полицияны шақырып, тәртіп бұзушыларды бөлімшеге алып кеткен болатын.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылғы 27 шілдеде сағат 10:00 шамасында Ш., О. және М. әкімдік ғимаратында қоғамдық тәртіпті дөрекілікпен бұзып, әкімдікке кеңеске келген жәбірленуші – бейтаныс М.есімді азаматқа зомбылық жасаған.
Сараптамаға сәйкес, олар М.-ның басын жарақаттап, екі қолын көгерткен. Тергеу дене жарақаттарын денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ретінде бағалаған. Сонымен қатар айыпталушы әйелдер жолды бөгеп, азаматтар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің ғимаратқа кіруіне кедергі келтірген.
Күдіктілердің іс-әрекеті бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, сот-медицина сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлердің айғақтарымен расталған.
«Іс бойынша сотталған адамдардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталған адамдардың жас балаларының болуын сот жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Ш., О. және М. бұрын сотталмаған. Бұзақылық орташа ауырлықтағы қылмыс қатарына жатады», – делінген сот хабарламасында.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, аталған үш әйелге Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. П робациялық бақылау белгіленді. Сондай-ақ олар қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде БАҚ пен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып 3 жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.