Ән мен күйдің әсемқоңыры

Биыл Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық қаһарманы, белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Болашақ өнер иесі, сәби шағынан жыр алыбы Жамбыл мен Сүйінбайдың елінде Құланаяқ Құлмамбет, Бақтыбай, Жорға Үмбетәлі ақындардың, ән мен жырдың желмаясы атанған Кенен мен Дәурен салдың, Қалқаның ән-жырына құлақ түріп өсті.

Қазақ өнерінің қайталанбас перзенті Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтқан, тіпті сырнайда да ойнаған екен.
«Өнер де құрғақ жерге бітпейді» дегендей, Нұрғисаның үлкен аталары ауызы дуалы молда, Түктібай атасы өнер қонған қасиетті қобызшы, Жамбыл атасы жыр алыбы атанған төкпе ақын болса, нағашы атасы халық композиторы Кенен Әзірбаев еді.
Қанмен келген қасиетті өнер Нұрғисаға бақ болып қонды. 1930 жылы Тіленді Қаракестектен Алматыға көшіп келгенде Нұрғиса бес жаста екен. Әкесі баланың өнерге бейімділігін байқап, қолдан домбыра жасап берген соң ол әке күйлерін біртіндеп үйрене бастайды. Әкесі домбыраны пышақпен тартатын, сол кісіге еліктеймін деп Нұрғиса шекті әлденеше үзіп алғаны бар. Нұрағаң бала кезінде тау тұлғаларды көргені, дәмдес болып, әңгімелерін тыңдағаны туралы:
– 1934 жылы Қазақ елінің өнерпаздарының басын қосқан үлкен слет болды. Сонда Жамбылдан бастап бүкіл өнер қайраткерлері, әнші-күйшілер, барлығы Пушкин көшесі, 45-інші үйде болды. Көбісі біздің үйге жиналды. Ішінде Шашубай, Иса, Нартай, Үмбетәлі, Жамбыл, Кенен атам бар. Әкем ол кісілермен таныстырды. Сонда Ораз Жандосовты бірінші көруім. Мен ол кезде сегіз жастамын, музыка мектебінде оқимын. Осы күнге дейін сол бір тамаша шақ көз алдыма келеді. Темірбек Жүргенов тойды басқарды. Үлкен өнер адамдарымен кездесу менің өнерге деген сүйіспеншілігімді оятты, – деп жазыпты өз естелігінде.
Нұрағаңның анасы Салиха да сырнаймен әнді шебер орындайтын, көкірегі ояу, аса қонақжай жан болыпты. Үйге келген мейманның бабын тауып, құрақ ұшып қызмет етеді екен.
Бір күні шөптің үстінде домбыра тартып отырған Нұрғисаны: «Әй, бала, бері кел» деп, үйге келген қонақ шақырып алды. Сөйтсе, ол атақты композитор Ахмет Жұбанов екен. Ол кісі баланың өнерге бейім екенін байқап: «сен бала Алматыдағы музыка мектебіне кел» деп, ата-аналарына баланың құжаттарын жөндеп әкелуін қадағалап тапсырды.
Тумысынан қабілетті бала Чайковский атындағы музыка мектебіне еш қиындықсыз түсіп, фортепиано, домбыра аспабын шебер ойнауға машықтанды.
1937 жылы 12 жасында Нұрғиса домбырашылар оркестріне қабылданды. Ол кезде оркестрді Латиф Хамиди басқаратын. Латекең Нұрғисаның биге қабілеттілігін байқап, ән-би ансамбліне жібереді. Ол кезде дайындық «Қазақконцерттің» ауласында өтетін кез екен. Атақты Әбікен Хасенов күй тартады, жастар би билейді. Үзіліс кезінде Нұрғиса Әбікеннің домбырасын қолына алып, әлгі орындаған күйлерді бірінен соң бірін тартқанда Әбікен халық суретшісі Әубәкір Смайыловқа: «Әбеке, мына баланың бағын байлама, оркестрге жібер» деген екен. Содан Нұрағаң Ахмет Жұбановтың радионың жанынан құрған оркестрінде 1943 жылдың қаңтарына дейін қызмет етеді де сол жерден майданға аттанады.
Композитор өз кезінде Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде дирижерлік етіп, 1968-1981 жылдары «Қазақфильм» студиясында музыка редакциясының Бас редакторы қызметін атқарды. Әрі 1980 жылдары өзі құрған «Отырар сазы» оркестріне дирижер және көркемдік жетекші болып, ұжымды академиялық деңгейге көтерді.
Нұрағаңа алдыңғы буын ағалар көп қамқорлық көрсетіпті. «Халықтық үні бар әсерлі әндердің шығуына себеп болған кімдер» деген сұраққа композитор естелігінде:
– Ән жазу мәселесіне аса құштар емес едім. Дирижерлықты бітіргенмін. Ән жазуыма себепкер болған – Мұқан Төлебаев. Мен Мұқанмен Мәскеуде бірге оқыдым. Ол 1937 жылы ән факультетіне түскен. 1941 жылы денсаулығына байланысты соғысқа жарамай елге қайтқан. Содан бері Мұқан Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде дирижерлық етті. 1954 жылы мен опера театрында дирижер болып жүргенімде бір күні Мұқан шақырып алып: «Сенде көп дүние бар, қазақтың бар байлығы сенде, сен бәрін меңгергенсің, сенде қалатын дүние – ән, ән жаз!» – деген болатын. Содан бастап ән жаза бастадым. Бірінші әнімді Жамал Омарова апай айтты. Апайдың Жұпар деген қызы туған. Соған арнап «Жұпар» деген ән шықты. Содан кейін Ұзақ Бағаевтың сөзіне «Университет» деген ән шықты. Оған сөгіс алдым. Осының бәрін алғаш Мұқанға көрсетіп аламын.
Менің бір жеңгем бар еді, Сәуле деген. Сол жеңгем ұнайтын өзіме, сұлу болатын және адамгершілігі мол жан еді. «Жан сәулем» әні сол кісіге арналды. Оны алғаш Перуден келген әнші Имма Сумма, кейін Байғали Досымжанов орындаған, – деп жазыпты.
Ал әсем әнді әсерлі жеткізуші әншілеріміздің ерекшелігі жайлы сөз қозғағанда Нұрағаң:
– Бибігүл – Күләш апамыздың орындаушылық шеберлігіне көп үйренген жақсы әнші. «Гауһартасты» бұдан артық орындайтын жан жоқ. Ермек Серкебаев екеуі әннің әрін келтіріп орындайды ғой. «Куә бол» әнін алғаш Бақыт Әшімова орындаса, Роза Рымбаеваның орындауында тіпті ерекше шықты емес пе?! – деп еске алыпты.
Әр жүректі тербеген осы әсем әннің шығу тарихы да ерекше. Бірде Нұрғиса Тілендиев жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!» – деп әндете жөнеледі. Кейін сөзін ақын інісі Тұманбай Молдағалиевке жаздырыпты. Осылайша «Куә бол» әні дүниеге келген екен.
Композитор Нұрғиса Тілендиев өз кезінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Нұтфолла Шәкенов, Бәкір Тәжібаев және Мұқағали Мақатаев сынды ақындармен тығыз шығармашылық байланыста болыпты.
Осы ақындардың ішінде сазгер қазақ өлеңінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 30-ға тарта өлеңіне ән жазыпты. Композитордың жары Дариға Тілендиеваның айтуынша, сазгер Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне ынтық болып, газетке шыққан әр туындысын жібермей оқып отырады екен. Ал 1975 жылы Мұқағали сазгердің үйінде бір ай жатып, екеуі бірнеше ән шығарған. «Есіңе мені алғайсың» – Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің ең соңғы бірге шығарған әндері. Әннің сөзін Нұрғиса Тілендиев ақын қайтыс болғаннан кейін қағаздардың арасынан тауып алып, ағыл-тегіл жылаған екен.
Бүгінде халықтық ән-әуенге айналған Нұрағаңның 500-ге жуық шығармасы – біздің алтын қорымыздың қымбат қазынасы. Ал «Куә бол», «Жүрегім менің», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Әжеме», «Келе жатыр құс қайтып», «Ақ құсым», «Ақ шағала», «Біздің ағай тамаша», «Өз елім», «Сарыжайлау» әндері тыңдаушының жүрегіне жол тапқан өміршеңдігімен құнды.
Ал «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы «Аққу», «Ата толғауы», «Атадан мұра», «Темірбектің төкпесі», «Әлқисса», «Махамбет» күйлері тарихи құндылығымен, көңіл сергітер ерекшелігімен әсерлі. Сонымен бірге Нұрағаң Құддыс Қожамияровпен бірлесіп «Алтын таулар» операсын және «Достық жолымен» балетін жазды. «Менің Қазақстаным» кантатасын, оркестрге арнап бірнеше поэма, «Халық қуанышы», «Қайрат» және «Жеңіс салтанаты» увертюраларының авторы. Ол елуден астам драма спектакліне, он жеті мультипликациялық фильмге әуен жазды.
Көне аспаптарға жан бітірген Нұрғиса Тілендиев сынды композиторымыз халықтың рухани тегінен өніп-өскен қажымас қайрат, үлкен адамгершілік иесі. Бір басында халқымыздың ақындық, әншілік, шешендік, күйшілік, композиторлық рухының күш-қуаты бар Нұрағаң сиқырымен жан баласын өзіне табындырар асқар шыңға ұқсайтын.
Еркін төгілген әсем әуен, нәзік лирикаға толы небір ғажайып музыканың иесі Нұрағаң: «Арқаның сал-серілері – Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, күйшілер Тәттімбет, Тоқа болмаса, мен де болмас едім, менің табынарым – Абай сөзі», – деп жиі қайталап отырады екен.
Нұрағаң – өнерімен тіршілік біткеннің жүрегін жылытып, өзіне еріксіз табындырған біртуар дарын иесі. Ол әдемі әуендерімен неше буынның бесігіне ән қоңырауын тақты. Нұрағаңның бесік жырымен есейген ұрпақ сұлу әнді асқақтата салып, ертеңге нық қадам басуда. Қазақстанның халық әртісі Еркеғали Рахмадиев: «Нұрғиса Тілендиев ғасырлар бойы өзінің өнерімен ғұмырын ұзартатын біртуар дарын иесі», – деп жақсы баға берген.
«Орнында бар оңалар» демекші, Нұрғиса атамыздың үміт артқан перзенті Дінзухра Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын бітіріп, дирижерлық мамандықтың иесі атанды.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, «Отырар сазы» оркестрінің келешегі Дінзухра Нұрғисақызына аманат етілді. Ол бүгін де әке таяғын қолына алып, аталмыш оркестрге бас дирижер болды. Соңғы кезде алыс-жақын шетелдерде қазақ өнерін жиі насихаттауда. Еңбегі еленіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.
Жалпы, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасына жаңашылдық пен терең руханилық әкелді. Ол халық музыкасында заманауи үрдістер мен этно-музыкалық элементтерді үйлестіре отырып, жаңа көзқарастарды енгізді. Оның шығармалары әлі күнге дейін көптеген орындаушылар мен тыңдаушылар тарапынан жоғары бағаланады. Ол тек қазақтың музыкалық мәдениетін ғана емес, бүкіл әлемге қазақ халқының бай өнерін танытты. Әлемдегі қазақ мәдениетінің асқақ туы болған Нұрғиса Тілендиевтің есімі мәңгілікке қалатыны сөзсіз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment