Ғұмырын ғылымға арнаған

«Су шаруашылығы, экология және құрылыс» ұжымының ғалымы Әдеубай Сейітқазиев 70 жасқа жетті. Кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келген мағыналы ғұмырының биік бір белесінде ғалымның өмір жолы көпке үлгі.

Халқымызда «Қарты бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөз бар. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір ұжымның ақылшы тірегі, арқа сүйері Әдеубай Садақбайұлы Тараз мемлекеттік университетінің техника ғылымдарының докторы, профессоры 1950 жыл сәуір 12 жұлдызында Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келіп, 1963 жылы тарихи отаны Қазақстанға қөшіп келген.
Ол 1969 жылы Жамбыл қаласында №5 қазақ орта мектебін бітіріп, Талас ауданы, Ильич атындағы совхозда жұмыс істеп, ғылымға деген ынтасы арқасында 1970 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының қасындағы дайындық бөлімінде білім алып, 1971 жылы осы институттың «Гидромелиорация» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1977 жылы сәтті аяқтап, оның ғылыми-зерттеу бөлімінде аға инженер, кіші ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. Осы қысқа уақытта 1978 жылдың қаңтарынан бастап аға ғылыми қызметкер лауазымын және Ғ3Б-63 бөлімінде экспедицияны басқарды.

Ғылымға деген құштарлығын жалғастыру мақсатында ол 1980-84 жылдары «Мелиорация және суғармалы егіншілік» мамандығы бойынша осы институт аспирантурасының күндізгі бөлімінде өз білімін қомдап, сәтті бітіріп шықты. 1984 жылдан «Ауыл шаруашылық мелиорациясы» кафедрасында ассистент және аға ғылыми қызметкер қызметін атқарып, 1988 жылы «Промывка и освоение целинных засоленных земель Алакульской впадины» тақырыбында техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. 1988-1996 жылдар аралығында «Агромелиорация» кафедрасында аға оқытушы, 1996-1998 жылдары доцент қызметін атқарды. Ал 1998-2003 жылдары «Жерді мелиорациялау және рекультивациялау» кафедрасының доценті лауазымында істеп жүріп, 2003 жылы 31 қазанда «Геоэкология» мамандығы бойынша «Оңтүстік-шығыс Қазақстанның геоэкожүйелеріндегі тұзданған топырақтың су-тұз алмасуын негіздеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, 2004 жылы ЖАК-тың шешімімен техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алып, 2004 жылдың оқу үрдісінде «Жерді мелиорациялау және рекультивациялау» кафедрасының профессоры міндетін қазіргі таңға дейін атқарып жүр. 2005-2010 жылдар аралығында Д14.13.02 докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі. 2008 жылы 27 маусымда ЖАК-тың шешімімен «Геоэкология» мамандығы бойынша профессор атағын алды.

2008 жылы 13 қазанда «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2005 жылғы қыркүйектен қазіргі уақытқа дейін «Экология» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. 2009 жылғы 18 ақпанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген атаққа мемлекеттік грантты жеңіп алды. Ғылыми-әдістемелік жұмыстар саны 450-ден астам, оның ішінде 9 монография («Суғармалы жерлердегі тұздың алмасуын реттеу», «Суғармалы геоэкожүйелердегі тұзданған топырақтың су-тұз алмасуы»), «Экологическая оценка продуктивности улучшения засоленных земель в пустынных зонах Республики Казахстан», «Топырақтың тозуындағы су-тұз және жылу алмасуларды модельдеу», сонымен қатар оқу құралдары – Тұзданған жерлерді мелиорациялау, Экологиядан зертханалық және тәжірибелік жұмыстарды орындауға арналған оқу-әдістемелік құралы, «Экология негіздері» оқу құралы, бұдан басқа 6 оқу құралы авторлармен бірлесіп баспадан шықты. Оннан астам әдістемелік нұсқаулар, 10 өнертабысы баспада жарияланды. Профессор Ә.С.Сейітқазиевтің жетекшілігімен 11 ізденуші-аспирант техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін, 2 PhD философия докторы атағын алды. 30 магистрант қорғап, ғылым магистрі атағын алды. Педагог-маман ретінде 100-ден астам инженер-гидротехник, 40-тан астам студент эколог-бакалавр жоғары кәсіби білікті атақтарға жетуіне жетекшілік етті. 2010 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын алды.

2009-2011 жылдар аралығында «Экология» кафедрасының меңгерушісімен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын мемлекеттік деңгейде орындауда «Ғылым қоры» АҚ-ның грантын жеңіп алды. Бұл тақырып бойынша ізденуші-аспиранттар, докторанттар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. 2011-2013 жылдар аралығында «Экология және биология» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 2011 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал 2012 жылы 1 желтоқсанда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2006-2013 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесінің мүшесі. Компьютер тілін жақсы меңгерген сертификаттары бар. 2010-2011 оқу жылының қорытындысын кешенді бағалау нәтижесінде «Экология кафедрасының үздік оқытушысы» номинациясының жеңімпазы атағына сертификат берілді. 2013 жылдың 3 желтоқсанынан бастап «Экология» кафедрасының профессоры, ал 2015 жылдан бері «Мелиорация және агрономия» кфедрасының профессоры қызметін атқарады. 2015 жылы «Мұхаммед Хайдар Дулати – Үздік табыстары үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2018 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 60 жылдық мерекесінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінде екі ұл мен екі қыздан 21 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

Әрдайым осы тыңғылықты да тындырымды қалпыңыздан танбай, табыстан табысқа жете беріңіз! Отбасыңыздан ынтымақ, басыңыздан бақ таймасын! Көңіліңіз қашанда көтеріңкі болсын! Өмір айдынында мұң-қайғыны білмеңіз! Дос-жаран мен туған-туыс алдында абыройыңыз әрдайым артып, ғылымда, ұстаздық жолда еш талмай, армандарыңызға жете беріңіз!

Нұрлан Іңкәрбеков,
«Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінің деканы

Comments (0)
Add Comment