Мың отбасыға азық-түлік жеткізілді

Қалалық әкімдіктің қолдауымен тараздық кәсіпкерлер және «Бином» ЖШС атынан көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакетін таратты.

Сәндібек Піренов

Осыған дейін қала әкімдігінің қолдауымен атымтай жомарт жандардың карантин кезінде қарап жатпайтынына куә болғанбыз. Соның ішінде аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек табыстап, ауруханаларға ыстық тамақ жеткізген және тыныс алу аппараттарын алған қолы ашық жандардың елдің елдігі сыналған уақытта бір жұдырық болып жұмылғаны – азаматтықтың белгісі. Бұл жолы да соған көзіміз жетіп отыр.

Сыпатай батыр көшесіндегі «Тәтті себет» дүкендер желісінің қоймасына қала әкімі Айтқазы Қарабалаев та барды. Қоймада шараның бірінші күнінен-ақ 200 отбасыға азық-түлік жеткізуді жоспарлаған «Бином» ЖШС директорының орынбасары Мади Изенбаев та болды.

– Карантин режиміне байланысты кәсіпкерлер қолдау көрсетуде. Бүгінгі «Бином» ЖШС ұйымдастырған қайырымдылық шарасы бір аптаға дейін жалғасады. Нәтижесінде 1000 отбасыны азық-түлік жинағымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Аталмыш шара барша мұсылман үшін қасиетті саналатын Құрбан айт қарсаңында қолға алынып отыр. Сондықтан бұл көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау үшін ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы десек болады. Айта кетейік, елге індет тарағалы тараздық еріктілердің ерлігіне куә болып жүрміз. Бүгін де еріктілер азық-түлік пакеттерін әр тұрғынның үйіне апарып береді. Волонтер жылында олар да жасқанып қалар емес, – деді қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Жинақталған азық-түлік өнімдерінің ішінде күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, шай, ұн, макарон, сүт және басқа да өнімдер бар. Сондай-ақ балаларға арналған тәттілер де болды.

Айта кетейік, «Садыхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Тәтті себет» дүкендер желісінің басшылығы да игі шараның ізін жалғауға ниеттеніп отыр. Сол үшін де сауапты іске үлес қосамын дейтін жомарт жандар табылып жатса, қайырымдылық шарасының мерзімі бір аптаға байланып қалмасы анық.

Comments (0)
Add Comment