Мыңнан бір мезеттер

Адам сан алуан құбылыстарды басынан өткереді. Өң мен түстің ортасында әркіл-тәркіл күй кешіп, түсініксіз жайтқа тап болғандар, нақты ояу кезінде-ақ суық санамен әлденені көріп, шошынып жүргендер, жүрегі тоқтап, қайта соғып, түрлі көріністі басынан кешкендер, тіршіліктің сан алуан сиқырлы сәттерін сезінгендердің сұрағы өте көп. Мұндай жағдайларға мен де көп куә болдым. Осынау бастан кешкендерімді оқырман қауыммен бөліскенді жөн көрдім.

Мен қалай өмірге келдім?

Анам жеті құрсақ көтеріпті. Бірақ Алланың қалауымен олар шетінеп кете берген екен. Бала тұрмаған соң, әкем мен анам емші апайға барып егіліпті. Сонда әжей бір қой алып келуді айтады. Қой келген соң анама: «Қос уыс жем бер. Жемді жеп, соңынан малдың үлкен және кіші дәреті бірге келсе, балаларың болады, олай жасамаса, бала тұрақтамайды», – депті.
Етегіне жас толған шешем алақанымен жемді алған сәттен-ақ шауып келген қой қос уыс жемді жалап, соңынан қолдан берген суды ішіп, үлкен және кіші дәретін бірге жіберіп қойыпты. Сонда бақсы кемпір қолын жайып жіберіп: «Тоғыз ай, тоғыз күнде ұрғашы лақ туасың, әумин», – деп бет сипаған екен.
Ертесі ұйықтап жатқан анам түс көреді. Түсінде үлкен үйдің қалт-құлт еткен қылдай өрт сөндіру сатысымен маңдай тері сорғалап, әне-міне құлап кетердей қауіп-қатерге толы бесінші қабатына әзер шығыпты. Сөйтсе, үйдің төбесі алып базар екен. Сол базардан сәбиге арналған қыз көйлек сатып алған екен. Расымен, әжейдің айтқаны айдай келіп әрі өзі түсінде көргендей мен дүниеге келіппін. Алайда әке-шешемді уайымға салып, күндіз-түні дамыл таппай жылай беріппін. Содан тапқан сәбиі тапқанша шетінеп, жүрегі шайлыққан анам құндақтаулы мені құшақтап, ол уақытта есімі әлемге танымал Қожағаппар есімді көріпкел кісіге барады.
Ауласында 50-ге жуық адамның ұзын-сонар кезегінің соңына таман анам тұрыпты. Сәлден соң іштен көріпкелдің көмекшілері сыртқа шығып: «Ата сәби көтерген келіншекке кірсін деп жатыр», – деп хабарлайды.
Анамның алдында он шақты сәби көтерген келіншек кезекте тұрған көрінеді. Соның бәрі ішке кіріп, «сен емес деп айтты» деп келесі келіншектерді шетінен кіргізе бастайды. Кезектің соңына таман тұрған анама кезек келгенше, ішке дамылсыз кіріп шыққан балалы әйелдер қалай кірсе, сыртқа солай асығыс шығып жатады. Соңында анам ғана қалған екен. Сөйтіп анам ішке кіре сала көріпкел қария: «Әй, бағаналы бері сені күтіп отырмыз ғой», – деп дүрсе қоя беріпті. Сосын құндақтаулы маған қарап: «Жылай береді. Бір жері ауырады ма деп уайымдайды екенсің. Ауру тұрмақ бәлесі де жоқ, дені сау, бұл қыздікі таза бетпақтық. Өзің бесінші қабаттан алған жоқсың ба, өлмейді балаң», – деген екен.
Анам үйден шығарда 3 сомды сол қалтасына, одан жақсы айтса 5 сом бермекші болып, оң қалтасына салған бес сомдықты суырып бергенде: «Алмаймын 5 сомдығыңды. Қалтаға маған арнап салған сол қалтадағы 3 сомдығыңды бер», – депті.

Қыдыр ата қайда?

Ауызашардың уақытында жететін қасиетті Қыдыр түні болатын. Қонақ бөлмеге дастарқан жайып, көрпеше төсеп, анам екеуміз дұға жасадық. Таңға дейін Қыдыр атаны күтіп, көз ілмеуге бекінгенбіз. Түн іші. Үйде анам екеуміз ғана ояумыз. Мен сыртқа шығып кеттім. Ішке кірсем, анам қонақ бөлмесінен «Ата» деп атып шықты. Сағат тілі түнгі үшті көрсетіп тұрған еді. Анам менің бетіме үңіліп қарап: «Атаны көрмедің бе?» – дейді сасқалақтап.
– Түнгі сағат үште қандай ата? – дедім мен бойымды үрей билеп.
– Сен сыртқа шыға салысымен, үстінде ақ шапаны бар ата кіріп келді. Қонақ қой деп төрге отырғыздым. Аз ғана отырды да, бата беріп, есіктен үнсіз шығып кетті. «Шай ішіңіз» деп соңынан тұра жүгіріп есікті айқара ашып қалсам, сен келе жатырсың, ал ата жоқ болып кетті. Сонда қалай жоқ болып кетті? – деді анам таңданысын жасыра алмай.

Әкемнің аманаты мен аяны

Жуырда әкем дүниеден өтті. Үйдегі кішкентай немерелерін туыстардың үйіне жібердік. 7 жасар немересі Жансая мазасы қашып, жылай берген соң, үйге алдырдық.
Үйге еңіреп жылап кірген Жансая: «Түсімде атам көкте тұрып, «Жансая» деп дауыстап мені оятты. «Мұнда сен не істеп жүрсің, қайт үйге!» деп ренжіді», – деді. Сол күннен кейін бөтен үйде ұйқы көрмеген сезімтал қыз: «Енді ешқашан, ешкімнің үйіне қонбаймын», – деп егілді.
Әкем көзінің тірісінде ауылдың шетінен жаздық кафе ашқан еді. Алайда үйдегілер әкемнің бұл тіршілігін қолдамадық. Өйткені алақандай ауылдан ол жерге ешкім бас сұға қоймайтыны белгілі еді.
Тапшанда шай ішіп отырып, оны-мұны әңгіме етіп болған соң, мен әкем ашқан дәмхананы меңзеп:
– Кафені не істейсіздер? – деп анамнан сұрадым.
– Соны білмеймін, біз әкеңнің бұл ісін дөңгелетіп, іске асырамыз дей алмаймын. Біреуге береміз бе, көреміз… – деп анам ауыз жиып болғаны сол, үй ішінен немеренің үлкені ұйқысынан шошып оянып, шарылдап жылаған дауысы естілді.
Шошып қалған 11 жасар Үмбетәлінің таңдайын басып, су ішкізіп, бәйек болдық. Кейін мән-жайды сұраған соң:
– «Жаздық кафеге тиюші болмаңдар! Есейгенде, немеренің үлкені сенсің және өзің басқарасың ол жерді. Бейітімнің төрт бұрышына төрт тал егіңдер. Мен енді сол төрт талды бағып жатамын» деді атам түсімде, – деді Үмбетәлі.

«Орамалымды о дүниеге салып жібер…»

Мені жұмысқа іздеп келген апай әңгімесін әріден бастады. Бастығының анасы өмірден озыпты. Жасы келген орыс әйелді христиан дініне сай арулап көмеді. Алайда дүниеден озған анасы қызының түсіне кіріп: «Басым жаурап жүр. Менің орамалдарымды жеткізіп бер», – деп жаулығын сұрап, Тараздағы бір мекенжайды айтып, сол үйдегі қайтыс болған адамнан орамалын беріп жіберуді өтінеді.
Басында қызы сенбейді. Кейін анасының түсінде келуі жиілеп кетеді. Әр келгенде қаһарына мініп: «Неге айтқанымды істемейсің? Мен саған көрсетемін! Орамалды ертерек беріп жібер», – деп қызына ашуланады.
Әр түсіне кіргенде, әртүрлі мекенжайды айтқан анасы бұл жолы қызына Сүлейменов көшесіндегі үйді тәптіштеп айтып түсіндіреді. Қызы жаттап алады. Сөйтіп айтқан күні, айтылған орынға барады. Дәл сол үйде 18 жасар орыс қыздың жерлеу рәсімі жүріп жатыр екен. Сол жерде христиан дінінің өкілдерімен тілдесіп, анасы айтқан орамалдарды табытқа салып, әлгі қайтыс болған қыздың құлағына анасының аты-жөнін айтып, аманатын тапсырыпты.
Ал сол түні әлгі орыс әйелдің түсіне анасы қайта кіріп, алғысын айтып, ризалығын білдіріп: «Сен орамалды әкеп берген соң, басым жылынып қалды», – деген екен.
Құй сен, құй сенбе… Алайда бұл да Жаратқанның бір жұмбағы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment