«Құмшағал» алқабында орталық ашылды

Жұмыссыздық мәселесі қашанда өзекті. Әсіресе, елде тараған індеттің салдарынан бірқатар кәсіп иелерінің жұмысы уақытша тоқтап, тұрғындар жұмыссыз қалған-ды. Осы орайда қала әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы тұрғындарға қандай қолдау көрсетті? Биыл ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар іске асты ма? Осы сауалдың жауабына орталық басшысы Батырхан Тоқтағұлмен әңгімелескенде қанық болдық.

– Жағымды жаңалықтан бастасақ, жақында «Құмшағал» алқабында жұмыспен қамту орталығының бөлімі ашылды.

– Иә, қала әкімінің тапсырмасымен «Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Құмшағал» шағын ауданында тағы бір бөлімі ашылды. Қазір алқаптағы 7 шағын аудан мен 28 сая-жайда 18000-ға жуық тұрғын бар. Енді олар қала орталығына келмей-ақ, өздеріне жақын жерде орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады.

– Онда мамандар жеткілікті ме, жедел қабылданған шешім қызмет көрсету сапасына кері әсерін тигізбей ме?

– Алқапта ашылған бөлімде орталықтағы қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Бүгінде елімізде көптеген мекемелер электронды қызмет түріне ауысып жатыр. Бұл жаһандану заманында іске асырылып жатқан ауқымды іс деп айтуға болады. Қазір алқап тұрғындарына көмек көрсетуге бөлім басшысы және үш маманнан бөлек, қоғамдық жұмыстар бойынша үш азамат жұмылдырылған. Орталықта нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы іске асырылады. Бұл бағдарлама мемлекеттік қызметтің үш түрін көрсетеді. Бұдан бөлек, тұрғындарға орталық арқылы жүзеге асатын «Еңбек биржасы» мемлекеттік еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы бойынша egov.kz порталы арқылы көрсетілетін барлық электронды қызмет түрлерін алуға және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында электронды еңбек биржасына кіру мүмкіндігі қарастырылған.

– Орталықтың бөлімі ашылды, осымен жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған мәселелер толығымен шешілді ме?
– Ағымдағы жылы қала әкімінің қолдауымен жұмыспен қамту орталығының екі бөлімін ашу көзделген. Соның бірі «Құмшағал» алқабында ашылғанын білесіздер. Ал орталықтың екінші бөлімін жыл соңына дейін «Астана» мөлтек ауданынан ашуды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта ол бөлімде де жұмыстар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша іске асырылады.

– Биыл жұмыспен қамту орталығының жоспарланған межелі міндеттері орындалды ма?

– Күні бүгінге дейін Тараз қаласының жұмыспен қамту орталығында бағдарлама шеңберінде 11066 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтсақ, бағдарламаның 1-бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білім мен қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қыркүйек айынан бері барлығы 396 адамға жолдама берілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 472 азамат жолданса, оның ішінде 442 тыңдаушы оқуын аяқтап, 421-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның 2-бағыты бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 2020 жылы шағын несие алуға 26 адамға 272 млн теңге қарастырылып, 34 азаматқа несие берілді. Яғни меже 100 пайызға орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ағымдағы жылғы жоспар бойынша республикалық бюджеттен 608,9 млн теңге 1096 адамға, жергілікті бюджеттен 12,8 млн теңге 23 адамға бөлініп, берілді. Сондай-ақ 3-бағыт бойынша 352 түлек Жастар практикасына жолданып, әлеуметтік жұмыс орындарына 25 азамат жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмыс бойынша 1272 азаматқа жолдама берілсе, оның ішінде 653 жеке тұлға жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 72 жоба бойынша 5404 жұмыс орны ашылса, оның ішінде 2702 азаматты жұмыспен қамту көзделген. Жүзеге асырылып жатқан 72 жоба бойынша бекітілген жоспар 100 пайызға орындалды. Нақтырақ айтсақ, жұмыспен қамту орталығы арқылы 2702 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Сәндібек Асанәліұлы

Comments (0)
Add Comment