Мотоатқыштар бригадасына – 19 жыл

«Тәуелсіздік алмай тіккен туың тік болмайды» деп батыр бабаларымыз тегін айтпаған болар. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты мен асқан көрегендігінің арқасында ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткіздік. Өзіміздің төл әскерімізді құрдық. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген нақыл сөзді көңілге медеу ете отырып, әскерімізді бірте-бірте күшейте түстік. Осылайша, «төрт құбылам тең болсын» деген мақсатта еліміздің төрт бұрышын қырағы күзететін, тұрақтылық пен тыныштықты бірқалыпты ұстауға кепілдік беретін төрт өңірлік құрылды. Осы төрт өңірліктің ішіндегі ең үлкені «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы болып табылады. Ал бұл өңірліктің құрамына кіретін көлемді әскери бөлімдердің бірі – 85395 әскери бөлімі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғары Бас қолбасшысының Жарлығымен құрылған 85395 әскери бөліміне биыл 19 жыл толып отыр.

2000 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әскери бөлімге салтанатты түрде Жауынгерлік Туды табыс етті. Осы күннен бастап әскери бөлімнің жауынгерлік жолы басталып, алдына қойылған тапсырмаларды абыроймен атқара бастады. Сонымен қатар бригада «Сарыарқа – 2004», «Іле – 2006», «Бейбіт миссия – 2010» «Алдаспан– 2012», «Шоқпар – 2013», «Шығыс – 2013», «Өзара іс-қимыл – 2013», «Өзара іс-қимыл – 2009» «Айбалта – 2015», «Айбалта – 2019» кең көлемді оқу-жаттығуларына қатыса отырып, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсете білді.
Бригаданың алдына қойылған міндеттердің тағы бірі – табиғи апаттардың, технологиялық және экологиялық апаттардың салдарын жоюға қатысу. 2019 жылғы маусым айында ойламаған жерден Арыс қаласында төтенше жағдай орын алды. Оқ-дәрілерді сақтайтын қоймалар жарылып, халықты біраз әбігерге түсірді. Қиын-қыстау кезінде Арыс халқына көмек көрсету, жарылыстың салдарын жою мақсатында әскери бөлімнің инженерлік-саперлік тобы Арыс қаласына аттанды. Олар бір ай бойы Арыс қаласында болып, өздерінің алдына қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындап, әскери бөлімге абыроймен оралды.
Міне, осылайша кез келген тапсырманы ойдағыдай атқара білетін айбынды мотоатқыштар 2019 жылғы 5 тамызда әскери бөлімнің 19 жылдығын қарсы алды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының «Салауатты өмір салтын насихаттау», сонымен қатар өскелең ұрпаққа Отан қорғау ұлы әрі абыройлы парыз екенін, патриоттық сезімді әрбір азаматтың бойында дәріптеу мақсатында 2019 жылғы 4 тамызда 85395 әскери бөлімінің құрылған күнін атап өту үшін Тараз қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жеке құрамдары арасында велошеру өткізілді.
Спорт – әскери өмірдің айнымас бөлігі. Айбынды әскердің айбынды сарбазы болу үшін жан мен тәннің саулығы аса қажет. «Шынықсаң шымыр боласың» демекші, велошеруге қатысқан әскери қызметші де өз күштерін осындай іс-шарада тағы да сынады.
19 жыл тарих үшін аз уақыт болғанымен, біздің әскери бөлім үшін жарты ғасырға бергісіз уақыт болып табылады. Себебі бригададағы қиындығы мен қызығы бір-бірімен ұштасқан әскери қызмет талай сардар мен сарбазды талай сыннан өткізді. Сол сынақтардан мүдірмей өткендер бүгінгі таңда айбынды әскеріміздің кәсіби шеберлігі мен әскери тәжірибесі мол лауазымды адамдарына айналып, тәуелсіздік тұғырын одан ары бекіте түсуде.

З.Есенова,
85395 әскери бөлімінің
мемлекеттік тілді
дамыту бойынша маманы,
ҚР ҚК қызметкері

Comments (0)
Add Comment