Мойынқұмдағы маңызды мәселелер назарға алынды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы әуелі Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Екі қабатты нысандағы жұмыстар осы жылдың мамыр айында басталған. Ол үшін 248 миллион теңге қаржы қаралған. Мердігер «DaurenBuild» ЖСШ кесте бойынша жұмыстарды осы жылдың қазан айының 20-на дейін аяқтауы тиіс. Жылыту жүйесі автономды, қатты отынға ыңғайластырылған мектепке 350-ден астам бала тіркелген. Ал алдағы жылыту маусымы үшін 260 тонна көмір жеткізілген.
Облыс әкімі құрылыстың сылбыр жүріп жатқанына назар аударып, мердігерге сапаны сақтай отырып, нысанды белгіленген мерзімде тапсыру керегін ескертті.
Келесі кезекте аймақ басшысы жақында ғана пайдалануға берілген Қызылтал ауылдық округіндегі сумен қамту ғимаратына барды. Жер асты су көзін пайдаланатын нысан арқылы 170 аулаға (877 адам) тіршілік көзі жеткізілуде.
Айта кету керек, елді мекенге таза ауыз су 30 жылдан кейін тартылып отыр. Магистральдық және сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 14 шақырымнан асады.
Ербол Қарашөкеев нысанның қызметімен, қондырғылардың жұмысымен танысты. Ауыл қарияларымен сөйлесіп, жағдайларын сұрап, судың сапасын тексерді.
Сондай-ақ облыс әкімі Қызылтал және Қызылотау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Жиындарға облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуде шалғай ауылдардың тұрғындары көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.
Қызылтал ауылдық округінде өткен басқосуда аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жоспарлы шараларға қысқаша тоқталып өтті.
– Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен экономикалық өсім 104,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,7 пайызға, негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 24,8 пайызға артты.
Тұрғын үй құрылысында 389,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірдегі босалқы жерлер санатындағы 397 мың гектар жайылымдық жер ауылдық округтерге бекітіліп, нәтижесінде елді мекендегі бұл мақсаттағы жер 363,5 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайды. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланып келген 308,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған қоса тағы 200 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда. Жалпы облыс бойынша 164 мың гектар жайылым жетіспейді. Аталған жұмыстардың аясында мәселе толығымен шешіледі, – деді облыс әкімі.
Бұдан соң ауылдық округ әкімі Жәнібек Айдарқұлов есеп беріп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады. Қызылталдықтар газ тарту, ауылдың картадағы атын түзету, интернет байланысының сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Ербол Қарашөкеев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, кейбір мәселерді шешу жолдарын қарастыру бойынша тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Кездесуден соң облыс әкімі жоспардан тыс округтегі Б.Момышұлы атындағы орта мектептің, дәрігерлік амбулаторияның қызметімен және әкімдік ғимаратындағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Жалпы айта кетейік, Мойынқұм ауданында бірқатар жобалар іске асырылып, ел игілігіне жұмыс істеуде. Мәселен, өткен жылы ауданда 2,6 миллиард теңгеге 25 жоба іске асырылса, бұл жылы 50 жобаға 6,4 миллиард теңгеге қаралған.
Келесі кезекте Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауылындағы Радай өзенінен өтетін көпірдің жай-күйін көрді. Жөндеуді қажет ететін нысанның шаруаларға су жеткізудегі маңызы зор. Осыған көңіл бөлген облыс басшысы жауаптыларға мәселені шешу жолдарын жеделдетуге қатысты нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, көпірдің ұзындығы 110 метрден асса, ені 13 метрді құрайды. Жобаны қаржыландыру бойынша өтінім республикалық және облыстық бюджетке ұсынылып, бүгінгі таңда ұсыныс негізінде құны азайтылып, сметалық құжаттарын келісу үшін сәулеттік бюроға жолданған.
Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің таныстырылымына да қатысты. Оқу ордасының материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында толығымен жаңғыртылған. Ол үшін 250 миллион теңге қаржы бөлінген. Күрделі жөндеуден өткен мектепте бүгінде оқушылардың жан-жақты, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды.
«Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, аталған жоба білім беру сапасын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерін қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаға енген мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылумен қатар, оқытушылар құрамы оқытудан өтіп, әдістемелік қолдау алады. Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Aitas» компаниясының қолдауымен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры жүзеге асырады.
Тірек мектебінің таныстырылымында облыс әкімі бұл жұмыстардың барлығы еліміздің жарқын болашағы саналатын балалар үшін жасалып отырған үлкен демеу екенін атап өтті. Сондай-ақ аймақ басшысы облыс көлеміндегі білім саласын дамыту, сапалы білім беру мен инфрақұрымды жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Оның жетеуі 2024 жылы, бесеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Осы орайда «Білім беру саласын тұрақты дамыту» және «Қазақстан халқына» қорларына өңірдегі ауыл мектептеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтамын, – деген Ербол Қарашөкеев бұл шаралар балалардың болашағына және жалпы білім берудің дамуына оң әсер ететінін тілге тиек етіп, осы тұрғыдағы ынтымақтастың жалғасатына сенім білдірді.
Шара барысында «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Күләш Шәмшидинова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова онлайн режимде сөз алып, жобаның ауылдық жердегі білім беру сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі ұтымдылығын баса айтты.
Биыл жоба шеңберінде Жуалы және Мойынқұм аудандарындағы екі мектептің 53 оқу кабинеті 500 миллион теңгеге жаңғыртылып, 161 педагог оқыту курстарына қатысуда. Келер жылы жоба бойынша облыстағы 8 мектепті қайта жабдықтау жоспарлануда.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment