Мойынқұмдағы атыс: Жастардың қару кезенуіне не түрткі болды?

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы жастар арасындағы атыс дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Ай-күннің аманында бір-біріне қару кезеніп, соңы төрт азаматтың ауруханадан бір-ақ шығуы ойландырмай қоймайды. Сонда буыны әлі қатпаған, өмірдің оң-солын бағамдап үлгермеген жастар нені бөлісе алмады? Көліктеріне қару салып, ойланбастан адамға оқ жаудыруы нені білдіреді? Аудандағы құқық саласы қызметкерлері жұмысының әлсіздігі ме? Әлде жастардың заңнан да, басқадан да қорықпайтыны ма? Сұрақ көп. Жауап табу санаға салмақ салады.

Ең әуелі оқиға орын алған күнге оралсақ, әлеуметтік желіде тараған видеодан оққа ұшқан көліктің сау-тамтығы қалмағанын байқауға болады. Яғни, ресми мәлімдемеде оқ травматикалық қарудан атылғаны айтылса, көліктің есігіне тиген оқ іздері басқа да қару болғанын айғақтап тұрғандай. Оған қоса, жараланған жастарға оқ тиіп қана қоймай, олардың қол мен аяқ тұстарына пышаққа ұқсас қатты темірмен жарақаттар салынған. Осыған қарап, жастар бір-бірін көлікпен қуып жүріп атқандай. Сондай-ақ оқ тиіп қолға түскендері ауыр соққының астына алынғанын аңғару қиын емес. Бұны 1997, 1999, 2003 және 2006 жылы туылған төрт азаматтың түрлі жарақатпен аруханаға түскені растайды.

«28 жастағы науқастың басы, кеуде қуысы және оң білегінде резеңке оқтан жарақат бар. Сонымен қатар оң және сол жамбасында бірнеше тесілген жара байқалған. Науқас көп қан жоғалтып, ІІ дәрежелі травматикалық шок алған. Қазіргі жағдайы ауыр», – деп мәлімдеді сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Бұдан бөлек дәрігерлер ауруханаға түскен 26 жастағы ер адамның да жағдайы ауыр екенін айтты. Оның сол жақ білегі, жамбасы және оң қолы жараланған. Ал ең сорақысы ауруханаға түскен төрт азаматтың екеуінің басына оқ тиген. Бір сөзбен айтқанда, жастар бір-бірін өлтіруге анық оқталған.

Тағы бір назар аударатын дерек, оқиға орнынан ізін суытуға тырысып қашқан екі күдікті де Land Cruiser автокөлігін тізгіндеген. Яғни, қарудан оқ жаудырғандар қара нанмен су ішіп отырған отбасылардан емес. Бай-манаптардың балалары екені анық.

Бұған қатысты қазір ешқандай ақпар айтылмай отыр. Тергеу амалдары құпия сақталуда. Алайда халықтың сөзіне сүйенсек, Мойынқұм мен Күшаман ауылы жастары арасында жанжал тойдан басталған. Ал түнгі сағат 22:00 шамасында Амангелді көшесі бойындағы дүкен алдында жағдай ушығып, оқ атылған. Бір анығы оқ атқан көршілес ауыл жастары бір-бірін жақсы таниды. Бұл жерде Ақбақайдың алтынына талас, үстінен жастар тілімен айтсақ «братандары» бұйрық беріп отыр деген де болжам айтылуда. Яғни, бұл жастардың бұзақылығы ғана емес, топтасқан мүдделердің қақтығысы да болуы бек мүмкін. Бұлай деуімізге жастардың қымбат көліктер мініп, еш қымсынбастан бір-біріне оқ жаудыруы түрткі болуда. Енді ол жағын тергеу амалдары анықтай жатар.

Мойынқұмдағы атыстан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев үндеу жасап, жауаптылар жазасыз қалмайтынын айтты.

«Мойынқұм ауданындағы оқиға – басты назарда. Жастар арасында болған құқықбұзушылыққа байланысты тиісті органдар шұғыл әрекет етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл істе ешқандай кешірім болмайды – күдіктілер заң аясында жауапқа тартылады.

 Жастар – ел болашағы. Сондықтан тәртіп пен заңды сақтау, адамгершілік пен жауапкершілікті сезіну – әрбір жастың борышы. Қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмір – өзара құрмет пен мейірімнен басталады», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы барша жастарды тәртіпті болуға, бір-біріне сыйластықпен, түсіністікпен қарауға, арандатушылықтан аулақ болуға шақырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміз қазір жарақат алған төрт азаматта да ауруханадан шығарылып, үй күтімінде екен. Ал облыстық Полиция департаменті «Ұстау» арнайы операциясы аясында Мойынқұм ауданындағы атысқа қатысы бар деген төрт күдіктіні құрықтаған. Ұсталғандардың барлығы Мойынқұм ауданының тұрғындары. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауында.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмеуде.

Ұсталған күдіктілердің үкімін сот шығарар. Алайда бұл Мойынқұм ауданында болып отырған бірінші атыс емес. 2020 жылы елді мекен ішіндегі дүкеннің алдында екі жігіт жанжалдасып қалып, бірі көлігінің ішінен мылтық алып шығып, екіншісін атып тастаған болатын. Кейіннен белгілі болғаны екі азамат бұған дейін де жаға ұстасып қалып жүрген екен. Осындай ерегістің соңы адам өліміне апарып соғып отыр.

Негізі Мойынқұм бұзақыларымен байырдан аты дүркіреп тұрған аудан. Елді мекенге шөбімен аты шыққан Шу ауданы жақын орналасқандықтан, ол аймақтағы жастармен де қақтығыс жиі орын алып тұрады. Одан бөлек Ақбақайдың алтыны да қылмыс әлемінің серкелерінің қызығушылығын тудыруда. Бұның бірін бұқара білсе, бірін білмейді. Алайда аудан жастарының өзі қару асынып жүргені елді мекендегі ахуалдың қиын екенін аңғартып тұрғаны анық.

Байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда Мемлекет басшысы тапсырған аудан әкімдерінің сайлауы биыл ең бірінші Мойынқұм ауданынан басталады деген әңгіме ел ішінде желдей кезіп жүр. Мойынқұмға Ермек Кәрентаев былтыр ғана әкім болып тағайындалғанын ескерсек, сайлаудың сол елді мекеннен басталуы оның жұмысына деген жоғарғы жақтың көңілі толмай тұрғанын аңғартатындай. Оған қоса, Ермек Амангелдіұлы әкім болып тағайындалған бойы кадрларды сырттан тартамын деп басы дауға қалған болатын.

Әрине, Мойынқұм ауданындағы жастар атысы жергілікті билік құрылымына қаншалықты әсер ететінін білмейміз. Алайда шалғайдағы елді мекенге тоқпағы мықты әкім керек екені анық. Әйтпесе, аудан жастары бұдан да зорын көрсетіп, ертең сан соғып, бармақ тістеуіміз бек мүмкін.

Саян Тілеужан

Comments (0)
Add Comment