Жамыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «TotalEnergies Renewables Services Kazakhstan» ЖШС-нің бас директоры Тьерри Плезанмен кездесу өткізді.
Тараптар Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу мәселесі бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы үкіметаралық келісімнің іске асырылу барысын талқылады.
Қазіргі таңда жобалау кезеңі жүріп жатыр. Жақын арада зерттеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Аймақ басшысы инвесторларға заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындардан білікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінді.
TotalEnergies профессорлар қауымдастығы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік унивеситетінің студенттеріне дәріс өткізеді.
Облыс әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына компаниямен бірлесіп,энергетика саласындағы кадрларды даярлау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ ұзақ мерзімді екіжақты өзара іс-қимылды нығайту мәселелер талқыланды. Бұған дейін компания Шу ауданында күн электр станциясын қолданысқа берген. Нәтижесінде 15 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан.
Кездесуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қабылданған шаралар қаралды. Өткен жылы компания Шу ауданында футбол алаңы мен спорт алаңшасын салған. Әлеуметтік нысандардың құрылысы тұрғындардың сұранысына сай жүргізілген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатына сендірді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында қазіргі таңда жалпы қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Олармен ағымдағы жылдың 3 айында 214,7 млн кВт/сағ электр энергиясы өндірілді.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергея көздерінің саны 28 нысанға (2,5 ГВт) дейін жетеді деп күтілуде.