Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысы және жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Нәтижесінде қаланың аудандарында 11 мобильдік топ құрылып, жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Зере Қуаныш
Сондай топтардың бірі – 8-ші мобильдік топ. Аталмыш топқа «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров жетекшілік етеді. Бұған дейін «Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» және «Алатау» мөлтек аудандарындағы бейберекетсіздікті реттеген мобильдік топтың жұмысы әлі қызу. Жарымжан жарнамалар, тазаланбаған арық жүйесі, шағын базарлардағы сұрықсыз орындар, қала орталықтарында қыз-қыз жұмыс істейтін ескі дүңгіршектер – бұлардың барлығы қаланың сәнін келтіріп тұрмағаны белгілі. Тарихтың темірқазығына айналған көне қаламызды туристік орынға айналдыру үшін ең алдымен осы олқылықтардың орнын толтырған жөн секілді. Бірнеше ай ішінде атқарылған толымды жұмыстар жайында мобильдік топтың жетекшісі Мұқаш Ескендіров:
– Барлық кәсіпорындар, сауда нүктелері өз төңірегіндегі тазалықты сақтауы керектігі қатаң ескертілген болатын. Бүгінде мөлтек аудандардың іші реттеліп, әлеуметтік жобалар өз деңгейінде орындалып отыр. Мәселен, ірі жобаларға тоқталар болсақ, Тұрысов көшесіндегі теннис корпусын және әкімшілік ғимараты мен қосалқы ғимаратын қайта құру жұмыстары атқарылды. Бүгінде құрылыстың 70 пайызын аяқтаған «Жолғай» ЖШС дер кезінде нысан тапсырылады деп отыр. Сондай-ақ «Арайстроймаркет-2003» ЖШС Т.Рысқұлов көшесінде орташа жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Ал әлеуметтік жобаларға келер болсақ, Д.Қонаев және С.Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы скверді абаттандыру, «Мыңбұлақ» мөлтек ауданы 17-ші үйдің алдында жасанды шөп жабындысымен шағын футбол, баскетбол алаңқайының құрылысы, №39 орта мектептің ішкі әжетханасын ағымдағы жөндеу, Шостакович көшесінің бойымен «Қарасу» каналынан Рысқұлов көшесіне дейін су құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мөлтек аудандардың ауласы толығымен абаттандырылып жатыр, – деді.
Мобильдік топтардың жұмысын зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, учаскелік полиция инспекторы, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері жандандыруда. Топ мүшелері осы күнге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қаланы күл-қоқыстан тазартуға себепкер болған. Бұдан бөлек, тал-дарақ бұталанып, аялдамалардағы заңсыз жарнама алынып, қалыпқа келтірілген. Осы жұмыстардан кейін де хабарландыру мен жарнамалар жапсыруын тоқтатпаған азаматтар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қала аумағының басқа да орындарында (нысан іргелері, ағаштар, бағандар) бейберекет орналасқан жарнамалар да мобильдік топтың назарынан тыс қалмаған. Сондай-ақ 109 жабайы сауда орны сүрілді, заңсыз орналасқан 65 дүңгіршектің орны босап, «қызыл сызықтан» асқан 13 құрылыс нысаны анықталып, бұзылған. Мұнымен қоса, 127 бизнес субъектісінің ғимараты эскиздік жобаға сәйкес жаңартылған.
Сонымен қатар мобильдік топ мүшелеріне тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен сауалдар түсіпті. Соның ішінде құрылыс компанияларының жұмыстарды аяқтаған соң, құрылыс қалдықтарын, ескі асфальт қалдықтарын жинамай немесе қоқыс орындарына жақын жерге үйіп кететіні жөнінде шағымдар көптеп түсуде екен. Сондай-ақ құрылыс компаниялары балалардың ойын алаңқайларын жаңғырту кезінде жаңадан ешқандай ойын снарядтарын қоймай, ескі жарамсыз ойын снарядтарын сырлап, уақытша жарамды етіп қалдыратын көрінеді. Сонымен қатар балалар ойнайтын құмдықтарға (песочница) құм толтырылмай қалып кетуде екен. Арыз-шағымды ескерген топ мүшелері тұрғындар талабы жауапсыз қалмайды дейді.