Мобильді телефондарды тіркеудің машақаты

Жаңа ереже жұртшылықты әбігерге салуда

Қазіргі таңда ұялы телефон әрбір адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Байланыс құралы ғана емес, қаржылық операциялар жүргізу, жеке деректерді сақтау, мемлекеттік қызметтерді пайдалану сияқты маңызды функцияларды атқаратын құрылғының қауіпсіздігі мен заңдылығы да зор маңызға ие болып отыр. Осыған байланысты өткен жылдың 25 наурызынан бастап ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, заңды тұлғалар мен жеке азаматтарға былтырғы жылдың 25 мамырына дейін барлық құрылғыларды www.kz-imei.kz порталы арқылы заңдастыруға мүмкіндік берілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, елге алғаш рет әкелінетін барлық мобильді құрылғылар міндетті түрде GSMA халықаралық деректер базасында, сондай-ақ мемлекеттік салық және кедендік жүйелерде верификациядан өтуге тиіс. Бұл құрылғының өндіруші мәлімдеген сипаттамаларға сәйкестігін, елге заңды жолмен әкелінгенін және IMEI-кодтың жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар базасында бар-жоғын тексеруді көздейді.
Бұл туралы аталған министрлік: «Верификациядан келесі тұлғалар өтуге тиіс:
импорттаушылар – елге әкелінетін барлық құрылғылар бойынша;
жеке тұлғалар – егер құрылғы бұған дейін Қазақстанның ұялы байланыс желісінде қолданылмаған болса;
авторизацияланған сервис орталықтары – техникалық себептерге байланысты IMEI-кодты ауыстырған жағдайда.
Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін заңдастырылмаған құрылғыларға ұялы байланыс қызметтерін пайдалану шектеледі. Сонымен қатар желіге алғаш қосылғаннан кейін 30 күн ішінде тіркеуден өтпеген құрылғылар арнайы тізімге енгізіліп, бұғатталады.
Құрылғыны сатып алмас бұрын оның IMEI-кодын www.imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеруге болады. Бұл азаматтарды жалған немесе ұрланған телефон сатып алудан сақтандырады. Бұл шаралар мобильді техника нарығындағы көлеңкелі айналымды азайтуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, бизнесті жүргізуге ашық әрі әділ жағдай жасауға және құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Ал 2025 жылғы 25 наурызға дейін Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық құрылғыларға бұл талаптар қолданылмайды, олар бұрынғыдай қалыпты режимде жұмыс істей береді», – деп мәлімдеді.
Бұл ереженің заңды күшіне енгеніне бір жылдан астам уақыт өтсе де, әбігері әлі де басылар емес. Оған себеп – соңғы күндері елімізге шетелден әкелінген телефондарды тіркеуде қиындықтардың туындауы. Әсіресе, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан жеткізілген смартфондардың IMEI-коды қабылданбай, жаппай бұғатталып жатқан көрінеді. Тіпті, жаңа телефондар ғана емес, 4-5 жыл бұрын сатып алынған құрылғылар да істен шығып, бұған қатысты сатушылардың да, тұтынушылардың да шағымы көбейген.
– Ұзақ жылдан бері телефон сатумен айналысып жүрген кәсіпкер ретінде айтарым, қазір жағдай шынымен күрделі болып тұр. Телефон верификациясы енгізілгені дұрыс шығар, тәртіп болуы керек екенін түсінеміз. Бірақ оның орындалу тетігі қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де тым ауыр тиіп жатыр. Бұрын халықтың көбі телефонға бір ғана SIM-карта салып, сонымен жылдар бойы еш қиындықсыз пайдаланып келген. Мысалы, тек бір ғана оператор қызметін қолданатын. Енді жағдай өзгерді. Мәселен, бір адам екінші нөмір алып, оны телефонға салған кезде бірден верификация сұралады. Егер талаптарды орындамаса, құрылғы «сұр тізімге» енгізіледі. Ал ең қиыны – бір айдың ішінде тіркелмесе, телефон толық бұғатталып, SIM-карта оқымай қалады деген ескерту бар. Бұл – қарапайым халық үшін өте үлкен мәселе. Себебі кез келген адам бұл талаптарды бірден түсініп, орындап кете алмайды. Әсіресе, ауылдық жерлерде немесе техникалық жағынан сауаты төмен азаматтар үшін бұл күрделі процесс. Көпшілік қайда барып тіркелу, қалай верификациядан өту керектігін нақты білмейді. Соның салдарынан жұмыс істеп тұрған телефоны аяқ астынан жарамсыз болып қалып жатыр.
Ең өкініштісі, осы жағдайды пайдаланып жүрген делдалдар пайда болды. Көпшілігі амалсыз соларға жүгінеді. Ал ортадағы үшінші тұлғалардың сұрайтын ақшасы аз емес, 30-50 мың теңгеге дейін барады. Біз үшін бұл үлкен шығын. Бір жағынан, бір телефонды тіркету үшін осынша ақша төлеу әділетсіздік деп санаймын. Сондықтан кәсіпкерлерге де оңай емес. Бізге келген әр сатып алушыға түсіндіріп, көмектесуге тырысамыз, бірақ жүйенің өзі күрделі болған соң, қолымыз қысқалық қылуда. Соның кесірінен тұтынушылар ренжиді, кәсіпкер де қиын жағдайда қалады. Кейбіреулер, тіпті, «Ертең тағы тіркей алмай қаламын ба?» деген оймен жаңа телефон алудан да қорқып жүр. Сондықтан тіркеу жүйесін жеке компания емес, мемлекет өз бақылауына алуы қажет. Оның үстіне тіркеу жолдары түсінікті, ашық әрі жылдам болуы керек. Халыққа нақты нұсқаулық беріліп, өтініштер жедел қаралуға тиіс. Әйтпесе, бұл мәселе тек ушығып, тұтынушылар да, кәсіпкерлер де делдалдарға тәуелді болып, артық шығынға бата береді, – деп іш қынжылысын жеткізді кәсіпкер Ғабит Әбілдаев.
Тұрғындар да бұл мәселенің салдарын тартып отыр. Кейбірі қымбатқа алған телефондарының аяқ астынан бұғатталғанын айтып, қайда жүгінерін білмей дал. Мұндай кезде мемлекеттік органдар мен сауда орындары жауапкершілікті бір-біріне сілтейтін көрінеді.
– Мен екі балама 2023 жылы екі телефон алып берген едім. Біреуін 300 мың теңгеге, екіншісін 150 мың теңгеге сатып алғанмын. Ол кезде ешқандай мәселе болған жоқ, балаларым емін-еркін пайдаланып жүрді. Бірақ қазір екеуі де аяқ астынан бұғатталып қалды. Қарасам, «верификациядан өтіңіз» деген нұсқаулық келіп тұр. Содан кейін осы мәселе бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Барсам, «Бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деп қайтарып жіберді. Амал жоқ, телефонды сатып алған сауда орталығына ат басын бұрдым. Бірақ ондағылар да «Біз тіркемейміз, басқа жерге барыңыз» деді. Сонда мен қайда баруым керек? Ешкім нақты жауап бермейді. Осының салдарынан балаларым үшін деп алып берген дүнием пайдасыз темірге айналып отыр. Енді қазір не істерімді білмей отырмын. Әркім әртүрлі мекемеге сілтейді, бірақ нақты шешім жоқ. «Верификациядан өт» дейді, бірақ қалай, қайда, кім арқылы өтетінін ешкім түсіндірмейді. Осының зардабын мен секілді қаншама адам тартып отыр.
Тағы бір алаңдататын нәрсе – осы тіркеу кезінде жеке деректеріміздің қауіпсіздігі. Қайда тіркелеміз, қандай мәлімет береміз, ол деректер қалай сақталады – бұл жағы да түсініксіз. Ертең жеке ақпараттарымыз таралып кетпей ме деген күмән бар. Өйткені қазір онсыз да түрлі алаяқтық көбейіп кетті. Менің ойымша, мұндай талаптар енгізілгенде, ең алдымен халыққа түсінікті, қолжетімді жолдарын көрсету керек еді. Сонымен қатар жеке деректердің қауіпсіздігіне нақты кепілдік берілуі қажет. Әйтпесе, біз сияқты адамдар сенделіп, уақытымызды да, ақшамызды да жоғалтып отырмыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Динара Сәменова.
Қазіргі таңда елімізде ұялы құрылғыларды тіркеумен «ATS MEDIAFON KZ» ЖШС айналысады. Компанияның коммерциялық директоры Мәди Шерімнің айтуы бойынша, телефондарды тіркеудегі басты талап – құрылғының заңды жолмен әкелінгенін растайтын құжаттарының болуы екен.
– Кедендік рәсімдеусіз және тиісті төлемдерсіз әкелінген тауарлар тіркелмейді. Сондықтан құрылғылардың бұғатталғанына олардың қай мемлекетте шығарылғанының еш қатысы жоқ. Жеке тұлғалар телефондарын тегін тіркей алады, ал кәсіпкерлер бір құрылғы үшін 4 325 теңге төлейді. Сондай-ақ мекеме сайты тәулік бойы, еш ақаусыз жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе бойынша кез келген заңды немесе жеке тұлғалармен диалог орнатуға дайынбыз, – дейді серіктестік басшысы.
Смартфондарды заңдастыру бастамасы ел дамуына серпін беруді көздегенімен, оның орындалуы көпшіліктің көңілінен шықпай тұр. Біз келтірген пікірлер бұл жүйені әлі де жетілдіре түсу қажеттігін анық аңғартып тұрғандай. Сондықтан осыған жауапты министрлік жұртшылықтың үніне құлақ асып, жүйелі шешім қабылдайды деген үміттеміз.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment