2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде банк шоттары мен мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа ережелері іске қосылды. ҚР Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, биыл мобильді аударымдарды бақылау қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілген.
Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов баспасөз конференциясында: «Бұған дейін тек екі үш ай қатарынан әртүрлі 100 адамнан аударым алу фактісіне сүйеніп ғана тексеру жүргізу көзделген еді. Алайда қоғам тарапынан ұсыныстар көп түскеннен кейін тағы бір критерий қосылды. Соған сәйкес, енді жеке тұлғаның шотына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша түссе және бұл сома 12 ең төменгі жалақыдан (2026 жылы 1,02 миллион теңге) асса, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарастырылады. Алайда егер бір тұлғаның шотына ірі көлемдегі қаражат аз ғана адамнан түссе немесе аударымдар тұрақты түрде үш ай қатарынан жүргізілмесе, ондай есепшоттар бақылауға алынбайды. Нақтырақ айтқанда, қаңтар, ақпан және наурыз айларында бірдей сипатта аударымдар түсуі қажет, – деген болатын.
Осы ретте Е.Біржанов азаматтардың банк шоттары автоматты түрде бұғатталмайтынын да атап өткен болатын.
– Иә, біз туыстарымызға, балаларымызға және достарымызға ақша аударамыз, бұл орайда ешқандай сұрақ жоқ. Ал егер ол кәсіпкерлік қызмет болса, онда шаралар қабылданады. Дегенмен, салық органдары тарапынан қандай да бір күмән туындаса, алдымен тұлғаларға хабарлама жолданады. Егер азамат өз уәжін түсіндіріп, ол қабылданса, ешқандай шектеу шарасы қолданылмайды. Тек хабарламаға мән берілмеген жағдайда ғана салықтық тексеру жүргізіледі. Аталған тексеру барысында банктерден алынған деректер арқылы қаражаттың қайдан және қандай жағдайда түскені анықталады. Егер салықтан жалтару фактісі расталса, тиісті салық міндеттемелерін өтеу талап етіледі. Азамат бұл шешіммен келіспеген жағдайда сотқа жүгіну құқығына ие. Ал сотқа шағымданбаған жағдайда берешек мәжбүрлі түрде өндіріліп алынады. Бұл ретте жеке сот орындаушылары тартылып, өндіріп алу заң аясында жүзеге асырылады. Біздің мұндағы басты мақсатымыз – адал салық төлеушілерге қысым көрсетпей, көлеңкелі табыстарды заңды айналымға шығару болып отыр, – деді вице-министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Әрине, бұл бастама ел қазынасын молайтып, көлеңкелі экономиканың жолын кесу мақсатында қолға алынғаны белгілі. Алайда бұл бір жағынан кәсіпкерлер тарапынан қолма-қол ақшаға деген сұранысты да күрт көбейткендей. Бұған «Мыңбұлақ» шағынауданында орналасқан, ел аузында «Диана» аталып кеткен сауда базарын аралағанда көз жеткіздік. Біз бас сұққан базар ішіндегі үш бірдей дүкеннің сатушысы тек қолма-қол ақшамен ғана есеп айырысуға болатынын ашып айтты. Енді бірі «Kaspі аударым жоқ» деген жазуды тайға таңба басқандай етіп жазып, дүкен сөресіне іліп қойыпты. Біз тілдескен сатушылардың дені мұның сырын мобильді аударымдардың бақылауға алынуымен байланыстырды. Әлбетте, көпке топырақ шашып, барлық сауда нүктелеріндегі жағдай дәл осындай деуден аулақпыз. Себебі, арасында заңға сәйкес кассалық аппаратпен төлем қабылдап жатқандар да жетерлік.
Дегенмен, қолдан келсе, қонышынан басып, аударым жасағандардан үлесін алып қалып жатқандар да аз емес көрінеді. Мысалы, қала тұрғыны Күлайна Қамшыбекова банк қосымшасы арқылы аударым жасағаны үшін 1 350 теңгенің тауарына 1 500 теңге төлегенін айтады.
– Жуырда бір шағын дүкеннен тауар сатып алмақ болдым. Әлгі тауардың бағасы 1 350 деп белгіленгенімен, есеп айырысатын сәтте сатушы банк қосымшасы арқылы төлем жасайтын болсам, 1 500 теңге төлеуім керектігін айтты. Сатушыдан «Неге артық төлеуім керек?» деп сұрағанымда ол «Біздегі талап сондай, болмаса басқа дүкенге барыңыз!» деп қысқа қайырды.
Жалпы, мұндай жағдайлар соңғы уақытта жиілеп барады. Кейбір саудагерлер банк қосымшасы арқылы төлем қабылдағаны үшін «қызмет ақысы», «аударым пайызы» деген сылтаумен тауар бағасын негізсіз өсіріп отыр. Ал іс жүзінде бұл тұтынушы құқығын өрескел бұзу екені сөзсіз. Бұл бір жағынан заңға да қайшы келетін секілді. Себебі банк комиссиясы кәсіпкерлік нысаны мен банк арасындағы келісімге сай реттелуге тиіс, оны сатып алушыға жүктеуге болмайды. Жалғыз мен ғана емес, осындай жағдайға талай адам тап болып жүрген шығар деп ойлаймын. Алайда сол сәтте 100-150 теңге үшін көп адамның дауласып тұруға уақыты да, шыдамы да жетпейді. Бірақ дәл осылай әрбір сатып алушыдан аз-аздан жиналған ақша саудагер үшін қомақты пайдаға айналатыны анық. Егер аударым арқылы төлем қабылдау тиімсіз болса, оны алдын ала ескертіп, бағаны да бірдей қою керек. Ал бір бағаны көрсетіп, төлем кезінде екіншісін талап ету – барып тұрған әділетсіздік, – деп іш қынжылысын жеткізді тұрғын.
Мобильді аударымдарға бақылаудың күшейетіні такси жүргізушілерін де сарсаңға салған сыңайлы. Солардың бірі – ұзақ жылдан бері осы саладан ризығын айырып жүрген Керімқұл Көмекбаев.
– Өзім осы салада бірнеше жылдан бері жүрмін. Бірақ соңғы уақытта табыс табу барған сайын қиындап барады. «Яндекс», «Indrive» сияқты қосымшалардың пайызы жыл сайын өсіп, қалтамызды қағып тұр. Олар әрбір тапсырыстан қомақты үлесін алады да, қалғанын бізге береді. Бірақ соның өзі күнделікті жанармайға, көліктің жөндеуіне, жууына, басқа да ұсақ-түйек шығындарға жетсе, соған шүкір дейміз.
Кей күндері таңнан кешке дейін рөлде отырсақ та қолда қалатыны шайлығымыздан артылмайды. Бағаны біз қоймаймыз, тарифті әр компания өзі белгілейді. Бұл жерде кептеліс, жолдың нашарлығы, уақыттың зая кетуі ешкімді қызықтырмайды. Ал жолаушы арзан бағаға үйреніп алған. Осындай жағдайда аздап еңсемізді тіктеп алу үшін кейбір тұтынушылар қолма-қол немесе мобильді аударыммен төлегенде, сонысына разы болып жүретін едік.
Енді сол мобильді аударымдарды да қатаң бақылауға алмақ. Бұл бізге жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Себебі ресми табысымыз бен нақты қолымызға алатын қаражаттың арасы жер мен көктей. Ал енді сол мобильді аударымдардан түскен азын-аулақ қаржымыз түрлі желеумен табыс ретінде тіркеліп, алдымыздан салық не басқа да міндеттемелер шыға бастаса, онда мүлде жұмыс істеудің мәні қалмайды.
Әрине, мен салық төлеуге қарсы емеспін, бәрі заң аясында болғанын қалаймын. Дегенмен, такси жүргізушілерінің де шынайы жағдайы ескерілсе деймін. Мәселен, қосымшалардың пайызын шектеп, жанармай бағасы мен өзге де шығындарды назарға алып барып қана мұндай талап қойылуы керек деген ойдамын. Әйтпесе, онсыз да әр тиынды санап жүрген жүргізуші үшін бұл шектеулер тек қосымша қысым ғана болып отыр, – дейді такси жүргізушісі.
Қорыта айтқанда, мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа тетіктері қоғамда әрқилы пікір туғызып отыр. Сондықтан келешекте бұл өзгерістер бір жағынан ел қазынасын толықтыруға, екінші жағынан халықтың сұранысын ескере отырып, қоғамдағы ашықтық пен әділдікті нығайтуға септігін тигізер деген үміттеміз.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ