Өткен аптаның аяғы Түркістан қаласы үшін нағыз жұлдыздар жауған күн болды. Танымал өнер жұлдыздары мен блогерлердің бастары қасиетті қалада бірікті.Өркен Кенжебектің айтуы бойынша «Бір шаршы метрге бір жұлдыздан» келді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Динара Сатжан, Дәулет Төлеутайұлы жастарға мастер-класс өткізуге барса, Ерке Есмахан, Өркен Кенжебек, Әлішер Елікбаев, Дана мен Мейіржан, Айгүл Мукей, Ғаділбек Жанай, Мұхамеджан Тазабек, Қыран Талапбек т.б танымал жандар «Сандық» мейрамханасының ашылу салтанатына келген.
Мейрамхана қазақтың көне стилінде жасалса, ас мәзірі де халықты өз ерекшелігімен таң қалдыруда.
Ал, сол кезде қаланың екінші шетінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жарықшамдарының жарқырау рәсімі өтті. Тарихи ескерткішті жарықтандыру үшін 1200 метр электр сым қолданылып, 229 түрлі-түсті шам жағылды. Кеште «Астана балет», «Ш. Қалдаяқов» атындағы филармония өнерпаздары өнер көрсетті.
Туризмді дамытуға соншама ақша жұмсап жатқан Түркістан облысының еңбегі ақталса екен деп тілейміз.