Маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда алғаш рет Әкелер күні аталып өтеді.
Қазақ «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген.
Әкенің орны қашанда бөлек. Қызым қылықты болсын деп қырық үйден тыятын да, ұлды ұлы мақсаттарға жетелеп, жол көрсететін де – әке. Жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені бойға сіңдіріп, таудан биік талапты болуды үйрететін асқар таудың жөні дара екені даусыз.
Қай кезеңде де өзгелерге үлгі бола білген еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны ақиқат. Себебі әр үздік нәтиже мен күрмеуі қиын жұмыстың астарында сол бір жанның табан ақы, маңдай тері жатыр. Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де – оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ.
Осындай ӘКЕ деген қасиетті сөздің де істің де қадірін кетірмеген, тіпті тоқсанға аяқ басса да айтар сөзінен, жүрер жолынан жаңылмаған әкелеріміз ортамызда баршылық.
Бар саналы өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнап, аймағымызда құрметтілер көшінде жүрген Жанайдар атамыздың есімі мен өнегелі өмір жолы аға буын өкілдеріне жақын таныс.
Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ардагер Жанайдар Сұлтанбеков 15 маусым күні торқалы тоқсан жасқа толып отыр.
Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп қазыналы қарт деп осы Жанайдар қария туралы айтса керек көпшілік. Тоқсанға екінің бірі келе бермейді. «Алла Тағала сүйген құлына ұзақ жас береді», – дейді хадисте. Осы орайда сүйегі асыл ардагердің өткен өмір жолына тоқталатын болсақ, оның ғибратты өмір кешіп келе жатқанын аңғарамыз.
Ол 1934 жылы 15 ақпанда Коммунар колхозында (қазіргі Игілік ауылы) дүниеге келді. Коммунар 7 жылдық мектебін 1948 жылы бітіріп, 1951-1952 жылдары Тараз қаласындағы ауыл шаруашылық мектебінде агроном мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Оқуды аяқтаған соң Коммунар колхозында агроном болып жұмыс атқарды. 1956 жылдан бастап Коммунар совхозында шофер болып 1966 жылға дейін жұмыс жасады. 1967 жылдан бастап совхозда гараж меңгерушісі, МТМ меңгерушісі, машина трактор ауыл шаруашылық меңгерушісі болды.
Еткен еңбек елеусіз қалмасы анық. Осы орайда тоқсанның төріне шығып отырған атамыз Жеңістің әр жылдардағы мерекелік медальдарынан бастап, облыс, аудан әкімдерінің және ардагерлер ұйымының Алғыс, Құрмет громаталарымен марапатталған.
Көп жылғы қызметінің жемісін терген мәуелі бәйтеректей ауыл-аймақ, бала-шағасының ортасында бақуатты тіршілік кешіп жатыр. Жүрген жерінде сыйлы, құрметті, беделді. Төккен тер, шеккен бейнетінің нәтижесін көргеніне шүкіршілік етіп, іштей тәубе айтып отырады.
Зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, біраз жылдар бойы Игілік ауылдық ардаргерлер кеңесін басқарды.
Ел құрметінен ажырамай, сый-абыройға бөленіп, бала-шағаларының алдында, замандастарының ортасында қадірлі, мінезге бай асыл азамат ретінде көпке танылды.
Ақиқатында, бәзбіреулер сәлем берген қолыңды саусағының ұшымен, еріндері әрең жыбырлап қинала алса, Жанайдар қария артық сөзге келмей, тек қана сабырлы, әділетті сөздерімен еліне тек қана шын көңілімен жақсылық тілеп отырады.
«Көңіл көңілден су ішеді» деп халық осындайды айтқан болар! Иә, асыл адам айнымас. Барлық қарттарымыз ел алдында сый-құрметке бөленіп, алғыс арқалап жүрмегені де рас. Аталы, мәнді сөз айтудың орнына бүйректен сирақ шығарып, ел арасына жік, ру мен аталар ортасына іріткі салып, елді бөліп-жарып, қисық-қыңыр сөз таратып, дау-жанжал, айтыс-тартыстың «ұйытқысы» болып, беделін кетіріп, қадірін қашыратын кейбір қариялар қатарынан табылмайтын Жанайдардай қарияны көргенде, шіркін, осындай әдемі қартаю бізге де бұйыртса екен деп қаласың.
«Жарты жолда атың, жарым жолда қатының өлмесін» деген сөз бар қазақта. Жарты жолдан асып, тоқсанға таянған шағында Жанайдар қарияның жан жары Әсия апамыз осыдан екі жыл бұрын дүниеден өтті. Адамгершілігі мол, өзі қонақжай жанның жарқын бейнесін көз көрген үлкен-кіші ұмытпақ емес. Тату-тәтті өмір сүрген, жұптары әсте жазылмаған бәйтеректей мәуесін жайған қарттарлан өрбіген ұрпақтары бүгінде шаңырақтарын шаттыққа толтырып, ұл-қыз өсіріп, отыздан аса немере-шөбере сүйіп отыр. Осы ретте абыз қариядан ұзақ жасаудың сыры неде екенін айтып беруін сұрағанымызда, ол: «Жас жайына келсек, мен ешқашан алдыма ұзақ жасайын деп мақсат қойған адам емеспін. «Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық ішем деген асым ба еді?!» деп қазақ атам айтқандай, менің жасыма келген де, келмеген де адам бар. Бұл әрине Алланың маған берген сыйы деп білем. Адам адал өмір сүрсе, әрине, ол әрдайым Алланың қамқорлығында жүреді. Менің оған көзім жетті. Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады.
Әкелеріміздің қатарлары жастарына жетпей ақсақалдықтың жолына түсті. Қазірде осы мәселе мені ойландырады. Жасы жетпістен асқандар арасында үлкендіктің жолын ұстанудың орнына такси болып, жастармен бірге шарап ішіп жүргендерді кездестіремін. Біле білгенге, тоқсан – өте үлкен жас. Десе де, мен тоқсанға келсем де, ұрпақтарымның алдында жөн сілтеп жүргеніме Құдайға шүкіршілік деймін. Қас-қабағыма қарап, жағдайымды жасап отырған ұл-қыздарыма Алланың нұры жаусын деп, барлық ұрпағыма тек қана жақсылық тілеймін», – деді қария.
Жанайдар қарияның елге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бала жасынан ауыл шаруашылығы саласын өміріне серік етіп келе жатқан қарт диқанның өскелең ұрпаққа бергені де, берері де әлі көп. Оның өнегелі өмір жолы бәрімізге үлгі.
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі