Өмірдің сүрлеу жолдары

Әкім ағаның ұзақ ғұмыры тар жол, тайғақ кешумен, тайталаспен өтті. Өрі мен ылдиы, қат-қабаты мен күңгейі, дауылы мен аласапыраны қатар жүрді. Жә, енді әңгіме басынан болсын. Сонда ғана қадірлі ағаның асыл бейнесі толығымен жан-жақты ашылар.

Ашаршылықтың азапты жылдарында Өзбекстанға ауа көшіп бара жатып жол үстінде, мал таситын вагон ішінде көз жұмған әкесінің аянышты халін көрген қаршадай баланың тағдырын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Амал жоқ, өзбектің бір қыстағының маңындағы зиратқа әкесінің сүйегін жасырып кеткен еді.
Өмірге еңбектеп кірген баланың әкесі осылайша шалқалап үйден шыққан еді. Бұл әйгілі 1932 қасірет жылы болатын. Екі ұл, екі қызбен қалған анасына жесірлік, ал бұған жетімдік жетті ентелеп. Жоқшылық не жегізбеді?! Айтбай ағасы екеуі өзегі талып бара жатқан кезде өрістегі сиырдың емшегін еміп те күн көрген екен. Ал жесір ана маңдайы күнге күйіп, ертелі-кеш масақ теріп, жетімектерін асырапты. Бірер жылдан соң ел іші тойынып, жағдайы жақсара бастағанда, бұлар ағайынның арасына қайта оралады.

Қызыл империя кезіндегі кемшіліктер мен зардаптарды қаншама жамандағанмен, оның жақсылықтарын да айта жүрген жөн ғой. Қанша дегенмен, Әкім ағаның замандастары сол кезеңнің темір талқысында азап шексе де, әбден шыңдалып шықты. Өз заманының абыройлы азаматы болып қалыптасты. Кеңестік өкіметтің биік те беделді қызметтерін атқарды. Педучилищені бітірген соң, арман қуып Алматының ҚазМУ-ының филология факультетіне келіп түседі. Мұхтар Әуезов, Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев сынды алыптардың алдын көріп, дәрістерін тыңдай бастайды. Анасы Тазгүл мен ағасы Айтбай оған деген бар қамқорлығын аямайды. Жатақханада алаңсыз оқуына жағдайы болмайды деп жеке пәтер жалдайды. Сол пәтер Абай атындағы опера және балет театрының тура қарсы алдынан табылады.
Өмірде тосын жағдайлар бола береді ғой. Әлгі пәтердің иесі әйгілі халық батыры Амангелді Имановтың баласы Рамазанның үйі болып шығады. Бір ұл, бір қызымен жесір қалған Қатира деген мейірімді кісі соғыста қаза тапқан Рамазанның түтінін өшірмей, қоңыртөбел күн кешеді екен. Бір бөлмесін арнайы босатып береді.
О кездегі Алматы ғажап еді ғой. Айнала қоршаған асқар Алатау. Күн нұрымен түрленіп, сәт сайын әр түсті бояуға ауысып құбылып тұр. Көркем қаланың ажарын ашып тұрған сәнді сәукелесі сияқты. Таяқ тастам жерде опера театры, ертелі-кеш сиқырлы әуен бір үзілмейді. Таң қалып, тамсанып тұрған Әкім ағаның ту сыртынан бір күні баяу ғана қоңыр үн естіледі.

– Әу, інім, екеуміз көрші болып шықтық қой!

Жалт қарап, көз алдында ұлы Әуезовті көрген жас шәкірт қапелімде не дерін білмей сасып қалды. Көздері жыпылықтап, тек басын изей беріпті. Бұл бір түс сияқты көрініс еді. Кеше ғана алдыңғы қатарға таласып кеп отырған Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Сейділдә Ордалиев, Қаратай Құттыбаев бар жас әдебиетшілер Әуезовтей әдебиет пайғамбарының дәрісін құныға тыңдап еді. Ұлы Мұхтар жай басып опера театрына беттеді. Ол кісінің пәтері келесі подъезде, екінші қабатта екен. Бұдан кейінгі көрініс те бір қызық болып жалғаса берді. Бір бұрыштан елеусіз ғана болып көрінген композитор Ахмет Жұбановтың соңынан үкідей ұшып Латиф Хамиди жетті. Бұлардың беттегені – сол театр. Театр есігі айқара ашық қалған екен. Іште репетиция жүріп жатыр. Бір кезде Ришад Абдуллиннің күңіренген зарлы үні шықты.
Ей, халайық, барым ең сен,
Зарыңа зар қосып ем.
Қасың емес, досың ем мен,
Дос пейілін тосып ем!
Бұл – әйгілі Абай ариясы, «Абай» операсынан. Бірер сағаттан соң дәл сол сахнадан Күләштің «Гәккуі» шырқалып тұрды. Осының бәрін көріп тұрған жас шәкірт қиял дүниесінде тұрғандай сезінеді өзін.
Өмір енді өзінің кең есігін айқара аша бастайды. Оқуын үздік бітіріп, елге оралған жас маман бірер жыл ауыл мектебінде үлгілі ұстаз болып еңбек етеді. 1953 жылы Қазақстан мұғалімдерінің республикалық тұңғыш I съезіне облыс атынан делегат болып қатысады. Бір есте қалатын жайт, сол жерде әйгілі «Қалың мал» романының авторы, Халық жазушысы Спандияр Көбеевпен сұхбаттасып бірге отырады. Бұдан кейінгі өмір жолы әр саладан көріне бастайды. Педучилище директорының орынбасары, Жамбыл мектеп-интернатының директоры, Жамбыл қалалық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болып істеп келіп, 154-ші қалалық кәсіптік-техникалық училищенің іргесін көтерісіп, тұңғыш директоры болып тағайындалады. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде училищені республика көлеміндегі ең алдыңғы қатарға шығарады. 70-ші жылдар ішінде шетелдерден, әсіресе, Моңғолия мен Қытайдан үйрену үшін, тәжірибесін жетілдіру үшін мамандар келіп, оқушыларын топтап ала келіп араласып жүрді. Сол жылдары ардагер ағаға «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» деген атақ беріліп, министр Санжар Жандосов өз қолымен «Волга» жеңіл автокөлігін сыйға тартқаны есімізде.

«Жердің биігі таумен өлшенеді, ал адамның биігі қадір-қасиетімен өлшенеді» деген рас сөз. Тегін де адамның қадір-қасиеті адал көңілінен, парасат-білімінен, қажырлы еңбегінен көрінетіні белгілі ғой. Айтулы қария, көп жыл ел басқарған Әкім ағаның құрдасы Сейілбек Әбдиев: «Әкімнің сөйлеп кетсе шешендігіне, бастап кетсе көсемдігіне, топ жарған серкелігіне тәнтімін», – дегені бар еді. Сол қасиеттер асыл ағаның бұралаңы көп ұзақ ғұмырында ылғи да сенімді серігі болып бірге жасасты. Осындай қадір-қасиетін бағалаған бір топ ағаларына арнап кезінде ақын Арғынбай Бекбосынов:
Төсінен әлі талай бұлақ ағар,
Таразда әлі талай ғұлама бар.
Арыстан, Өтеулі, Әкім, Жапар, Кәрім…
О, Алла, әлі керек бұл ағалар, – деп жырласа, арқалы ақын Нарша Қашағанов ағалары Баттал мен Әкімге арнап:
Егделердің ішіндегі еркегі,
Естілердің ішіндегі серкесі.
Жазылмағай жұптарыңыз жарасқан,
Жамылғанша қара жердің көрпесін, – деп өлең арнаған болатын.
Өміріне тағы бір елеулі із қалдырған уақиға – қазақтың кемеңгер ұлы Димаш Ахметұлы Қонаевпен болған бір кезеңдер. М.Горбачевтың қиянатына ұшырап, қапада жүрген Димекеңнің басына бұлт үйірілгенде, «Ақ жол» газетінің бетінде ашына жазылған «Қонаевтың кінәсі не?» деп дабыл қаққан осы Әкім аға болатын. Сол – сол-ақ екен, өзге облыстардың, республиканың орталық газеттері бірден іліп алып кетеді. Арашаға белсене араласады. Осыдан бірер айдан соң Әкім ағаның немересі дүниеге келгенде, үлкен кісінің есіміне рұқсатын сұрап, арнайы хат жолдайды. Жауап хатта: «Әкім інім, немереңе менің есімімді сұраған екенсің. Ризашылығымды беремін, бауы берік болсын!», – деп жылы лебізін білдіріпті. Сол нәресте Димаш бүгінде соқталдай азамат болып, еңбекке араласып жүр.

2002 жылдың сәуір айында әрбір облыс-тан ел арасында беделі бар, халық қамын ойлайтын, олардың мақсат-мүдделерін ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға ашық айта алатын қариялармен Елбасы, Президент арнайы дидарласып, олардың ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін білгісі келген кездесу болып өтті. Оған әр облыс-тан бір-бірден 18 қария таңдап алынып, 10 сәуір күні Алматы қаласындағы Елбасы резиденциясында қабылдау өткізеді. Кездесуден бір күн бұрын, 9 сәуір күні сағат 16:00-де Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Астанадан «Сарыарқа» газетінің редакторын, Павлодардан қажылыққа барып келген қажы әрі жеке меншік шаруашылығы бар Ж.Құдайбергенов пен Әкім ағаны қабылдап, алдағы кездесуді өткізудің тәртібімен таныстырып, кім бастап, кім аяқтайтынын белгілейді. Жиында бірінші болып 15 минут сөйлеу құрметіне Әкім аға лайық деп шешілді де, құран оқу мен аяқтау Құдайбергеновке тапсырылды.

Әкім ағаның сөзінде ел ішінің оңалып, біртіндеп орнына келе бастағаны, бір кезде қаржы тапшылығынан жабылып қалған ағарту, мәдениет ошақтарының қазір жаппай ашыла бастағаны, еңбекшілердің жалақыларын бүгінде өз уақытында алатыны, Қаратау мен Жаңатас қалаларының қайта жандануы, «Амангелді газ» орталығының ел игілігіне айнала бастағаны, сондай-ақ ел сенімінің қайта оралғаны түгел баяндалды. Осыдан соң әр облыстың өкілдері рет-ретімен өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып өтті.

Президент зейін қоя тыңдай отырып, сөйлеушілерден бүгінгі табыстар мен кемшіліктерді ашық айтуды және ол кемшіліктерді қалай жөндеу керектігін, ел пікірін талдай отыруды талап етті. Жиын төрт сағатқа созылып, сөз соңын Елбасының өзі кеңінен толғап қорытты. Бұл енді өзі аса бір әсерлі кездесу болып еді.
Әкім аға сексеннің сеңгіріне шыққан соң да үйде тынып отырып қалмады. Тараз қалалық мәслихатының тұңғыш әрі бірнеше дүркін депутаты, «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ жыл төрағасы болып белсенді еңбек етті.

Осы бір ұланғайыр өмірінің ішінде ардагер аға көптеген марапат-мадақтарға ие болды. Оқу-ағарту саласындағы ерекше жетістіктері үшін «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, «Жеңістің 50 жылдығы», «1941-1945 жылдардағы еңбегі үшін», «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Жеңістің 60 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медальдері мен «Еңбек ардагері», «Қаланың құрметті азаматы» атанды.

Әкім ағаның ұзақ өмірі өзінің жан серігі, асыл ана Ғадила жеңгемізбен қамшының қос өріміндей жүріп отырды.
Кезекті бір мерейтойында өзінің жақсы көретін інісі Шахзада:

– Қадірлі Жәке, осы күш-қуатыңызбен, көңіл-күйіңізбен тоқсанның төріне шығып ап төменге бір көз салып қараңызшы, біз Рахым екеуміз келе жатыр ма екенбіз? – деп еді.
Сонда ол кісі:
– Кешегі күннен алысы жоқ, ертеңгі күннен жақыны жоқ, – деген еді ойланып тұрып.
Бірақ тағдыр оған жазбады. Тоқсанның асуы алынбады. Соның жағалауына жете бергенде, өмір тіршілігі мансұқ болды. Өмірден асыл аға қол үзді. Мінеки, сол асқар таудың үлкен жүрегінің тоқтағанына да биыл бес жыл толып отыр. Біз оны сағынамыз жоқтап әлі.
Мен дария-ғұмырдың бетінен шөмішпен қалқып қана алдым. Ал оның қатпарлы қабаты мен тұңғиық тереңі туралы әңгіме келер күндердің үлесі болып қалмақ.

Рахым Садықбеков,
ардагер ұстаз

Comments (0)
Add Comment