Партия облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің көшпелі отырысы Байзақ ауданында өтті.
Кеңес мүшелері негізгі отырыс басталмастан бұрын тарихи-мәдени ескерткіштер мен мәдениет үйлерінің жағдайымен танысты. Нәтижесінде, кейбір ауылдардағы көне қалашықтардың жағдайы ерекше күтім керек екені анықталды. Аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов баяндап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Жалпы, ауданда 2020 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында Бурыл ауылынан – 180 орынға, Жетібай ауылынан – 90 орынға, Көкбастау ауылынан 90 орынға арналған клубтар соғылған. 2023 жылы Тегістік ауылынан 90 орындық клуб соғылып, пайдалануға берілсе, алдағы күндері Кеңес ауылынан тағы бір 90 орындық клубтың құрылысы аяқталмақ.
Сондай-ақ кеңес отырысында «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәуренбеков те баяндама жасады. Оның сөзінше, бүгінгі күні облысымызда 3 435 тарихи-мәдени ескерткіш бар болса, оның 235-і Байзақ ауданында орналасқан. Қазіргі таңда, ол нысандардың күтіп бапталуы мемлекет назарына алынған.