Қазақтың қабырғалы қаламгері, белгілі кеңес және қазақ жазушысы, қоғамдық-саяси қайраткер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, журналист-аудармашы Шерхан Мұртазаның туғанына биыл 90 жыл толды.
1932 жылы жұлдызы биік Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген болашақ жазушы қазақ журналистикасында өз мектебін қалыптастырды. Қанша білім қуса да, шағын ауылында өскен ол өзінің кіші Отанын ұмытпай, үнемі жерлестеріне көмектесіп жүрді.
Ол көшпелі қазақ кенеттен отырықшы елге айналған уақытта қарапайым колхозшының отбасында өмір есігін ашты. Әкесі Мұртазаны халық жауы деп Сібірге айдап жібергенде кішкентай Шерхан небәрі бес жаста болатын. Осылайша тұтқындалып, Сібірге айдалған әкесі сол күйі Отанына оралмады.
Шерхан Мұртазаның балалық шағы соғыстың ауыр кезеңінде өтті. Сүреңсіз жылдардың жазушы шығармаларына арқау болғаны да сондықтан. Тағдыр оны қаршадайынан қайратты болуға үйретті. Кейін келе бұл болмысы шындыққа тіке қарап, әділдікті жақтауға, әлсізді демеп, ұлтым деген ұрпақтың қалыптасуына сеп болды. Бұған дәлел көп. Әсіресе қаламгердің сөзінен де, ісінен де, өміршең шығармаларынан де осы ұстанымды анық аңғаруға болады.
Алдыңғы шетінеген үш баладан кейін өмірге келген сәбиінің амандығын тілеген Мұртаза әке мен Айша ананың қайғысыз-қамсыз күндері ұзаққа созылмады. «Халық жауы» деген жалған жаланың жазықсыз құрбаны болып, Қиыр Шығысқа айдалып кеткен әкесіне қайта оралуды жазбаған екен. Ал әкесіз қалған Шерхан балалық шақтың не екенін де білмей өсті. Керісінше, өміршеңдіктің үздіксіз сынағын көрді. Осындай жағдайдан аман шығу үшін анасы еңбек етіп, ақы ретінде жарты қап бидай алып, отбасын асыраған. Анасының жанында қиыншылық күндерді бастан кеше жүріп сегіз жасында мектеп табалдырығын аттайды. Бала күнінен қиыншылықтың тауқыметін көрген Шерхан Мұртаза 7-сыныптан кейін Жамбыл мектеп-интернатына оқуға түседі. Орта мектепте оқып жүргенде көрнекті «Алаш» қайраткері Жақып Ақбаевтың қызы Аргуния химия пәнінен, болашақ академик Мұхамеджан Қаратаев қазақ тілінен сабақ береді. Орыс тілін жақсы білмесе де, мектеп бітірісімен Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге аттанады. 1950 жылы жас Шерхан Мәскеудегі полиграфия институтына оқуға түседі. Осы тұста полиграфия институтының редакциялық-баспалық факультеті Мәскеу мемлекеттік университетіне қосылады. Үш жыл өткен соң ол оқыған редакторлық-баспа факультеті Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің кафедраларының бірі болды. Шын мәнінде, оның әдеби қызметі қайткен күнде де ақша табу керек деген қажеттіліктен басталды.
Аздаған шәкіртақымен және «Мосфильмнің» түсірілімдеріне көрермен ретінде қатысып тапқан қаражатымен күн көрген жас Шерхан алғаш рет аудармашы ретінде жұмыс істеп көруді шешті. Осылайша 50-ші жылдардың бірінші жартысында қазақстандық оқырмандар Шерхан Мұртазаның арқасында Лагиннің «Хоттабыч қартын» және башқұрт классигі Мұстай Кәрімді таныды. Ол сондай-ақ Венгрияның халық ертегілерін, Ганс Христиан Андерсен мен Шыңғыс Айтматовтың туындыларын да қазақ тілінде сөйлеткен болатын.
Шерхан Мұртаза – тек жазушылықпен, аудармашылықпен ғана айналысқан жоқ, сондай-ақ спортты жанына серік еткен атлет. Студенттік жылдары тіпті бокспен де айналысып, факультетінің намысын қорғап жарысқа қатысып, орта салмақ бойынша жүлдегер атанған. Ол спорттың бильярд және тапанша ату түрінен де алдына жан салмаған екен.
Осылайша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін «Саяси және көркем әдебиет» мамандығы бойынша диплом алған ол 1955 жылы Қазақстанға қайтып оралып, қазіргі «Жазушы» баспасына жұмысқа орналасады. Мұнда ол ұзақ жұмыс істемейді. Күні бойы басқа адамдардың мәтіндерін редакциялауға мәжбүр болған. Кейін бұл жұмыс өзіне тән емес деп шығып кетеді. Содан достары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне әдеби қызметкер ретінде баруға кеңес береді. Республикалық жастар командасы да Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегін қуана қарсы алады. Көп ұзамай ол Қарағанды мен Ақмола облыстарында тілші-аудармашы болып, үш жылдан кейін Алматыға осы газеттің бас редакторының орынбасары ретінде оралады. 1957 жылы «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі ретінде аудандарды аралап, ел өмірімен біте қайнасады. Публицистикалық туындыларын өндірте жазады. 1960-1963 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде редактор, 1970-1972 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясы мен «Жалын» альманағында бас редактор болып қызмет істеген. 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарды. 1975-1980-жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып қызмет істеді. 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы ретінде қызмет атқарды. 1992-1994 жылдары Мемлекеттік телерадио хабар тарату мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1990 жылдан ҚР Ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы болып қызмет істеген.
Шерхан Мұртаза – халық қалаулысы ретінде әлденеше ел сенімін жүктеп, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің (1990-1993), ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 1995 жылдан жеке шығармашылықпен айналысты. 1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері болды.
Қажымас, қайраткер қаламгер Шерхан Мұртазаның еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерімен марапатталған. 1978 жылы «Қара Алқа» романы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. Қазақ КСР ЛКЖО (Жастар одағы) және Бүкілодақтық ЛКЖО сыйлығының, тәуелсіз Қазақстанның «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иегері. Шерхан Мұртаза ҚазКСР мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының Халық ақыны, өзге де мәртебелі атақтар мен дәрежелердің иегері болды.
Қаршадайынан шығармашылыққа әуестене келе, жазушылыққа біржола бет бұрады. Алғашқы шығармалар жинағы 1958 жылы «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көреді. Жазушының шығармашылығында өзі көрген, бастан өткерген өмір кезеңдері көрініс тапқан. Атап айтқанда, «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан» туындыларында өз дәуірінің перзент тұлғаларының, қарапайым еңбек адамдарының еңселі тұлғасын, жасампаз еңбегін арқау ете отырып, оқырмандарына ұсынды. Әсіресе соғыс пен одан кейінгі ел өмірінің боямасыз қалпы «Белгісіз солдаттың баласы», «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Интернат наны», «Ахметжанның анты» туындыларында алуан түрлі қиыншылықтарды бастан өткерсе де қажымай-талмай, адамгершіліктен айнымаған жандардың еселі еңбегі жазушы қаламына арқау болған.
Шерхан Мұртаза – қазақ журналистикасын жаңа сатыға көтеріп, осы саладағы бірнеше тамаша талантты буынды шыңдап шынықтыруда үлкен әсер еткен, өзіндік мектеп қалыптастырған тұлға. Сондықтан да Шер-ағаңның журналистік ұстаханасында шынығып, тәрбиесін көрген журналистердің мақтанышты лептегі «Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін сөзі қалыптасқан.
Шер-ағаңның жазушылығы, драматургтігі, журналистігі бір төбе де, елордадағы еңселі ғимараттың төріндегі биік мінберде тұрып ел қамы үшін айтатын ойлары бір төбе еді. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің (1990-1993), ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), ҚР Парламент Мәжілісі 2-ші шақырылымының (1999-2004) депутаты болып сайланып, елдің жүгін арқалаған кезеңдерде қазақтың тілі, ділінің есе теңдігі үшін небір керауыздармен арыстандай арпалысқан Шер-ағаңның үні ақпарат құралдары арқылы халыққа жетіп жататын. Қазақстанның өз тәуелсіздік тарихын жаңадан жаза бастаған кезең үшін әрбір салада жылдар бойы жинаған мол тәжірибеге, ықпал мен беделге ие Шер-ағаң қатарластарының орны ерекше еді. Дәурені басында, мысы мығым тұрған шағында тәуелсіз елдің алғашқы Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесуіндегі Шер-ағаң айтқан: «Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады. Осыған қатты мән берсеңіз», – деген сөзі бүгіндері әлеуметтік желілерді шарлап жүр. «Айтқан сөзіне қарасам, жолында өлгім келеді, істеген ісіне қарасам, қолында өлгім келеді!» дегенді де айтқан Шер-ағаң болатын. Азамат ердің баласы жылдар өтіп, қарттыққа бет алғанда қайраты қайтып, қуаты кеміп, шау тартатыны белгілі. Бұл қарттық Шер-ағаңды да айналып өткен жоқ. Өмірдің күзі, қарттық кезең жетсе де, қаламын қолынан тастамаған қазақтың Шер-ағасының жазбалары басылым беттерінде жарияланып жататын. Жұрт жапа-тармағай жарыса оқитын. Өзі айтатын, халықтың аузында мәтелге айналған, оқырманды ойға жетелейтін, өмірлік сабақ беретін «Әттең, бір кем дүние!» аясында өрелі ойлар, қаншама өзекті дүниелер халқының мәңгілік қазынасына айналды. Мұнда сексеннің сеңгірінен асып жасаған кесек те кемел ойлы қазақтың өмірден түйгені, арман-аңсары, ақыл-өсиеті, аманат-сенімі жатыр.
Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұрасын қалдырған қаламгер, тарихта халықтың Шер-ағасы деген есіммен қалған, туған халқының, тәуелсіз мемлекетінің өсіп-өркендеуі жолында қызмет еткен қайраткер қаламгер Шерхан Мұртаза 2018 жылы 8 қазан күні сексен алты жасында дүниеден өтті. Қазаға барша халқы қайғырды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айтқанындай, соңына өлмейтұғын сөз, ұмытылмас із қалдырған Шерхан Мұртазаұлының қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде сақталып, туындылары халқына мәңгілік рухани азық болып жасай берері сөзсіз.
Индира Сүлейменова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы