Өмір дейтін ақ қайыңның бүршігі ем

Сүреңсіз тірліктің қалтарыс-бұлтарысында жанымыздың жылылыққа мұтаждығын, жүрегіміздің сезімге іңкәр екенін жыр арқылы ғана сезіп, түйсінеміз. Осынау бір өнер, осынау бір нәзік дүние екінің біріне бұйырмайды. Себебі өлең – кие.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Осы киені өн бойында өлтірмей, өндіріп жазып жүрген аруларымыздың бірі – таластық ақын Жұлдыз Бейсек. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қабырғасында ақынның «Іңкәр-Ғазал» атты тұңғыр жыр кітабының тұсаукесері өтті. Айта кету керек, аталмыш жинақ Жұлдыз Бейсектің жарық дүниемен небәрі 28 жасында қоштасып, құйрықты жұлдыздай ағып өткен Іңкәр есімді сіңілісінің рухына арналған.

Таразда оқып, үлкен өмірге қанат қағып, бас қала асқан ақын бүгінде туған топыраққа қайта табан тіреп, облыстық «Jambyl» телеарнасында қызмет етіп жүр. Жас ақындардың шығармашылығына арналған «Жансусар» атты хабардың тұсауын кескені де күні кеше ғана. Аталған салтанатты кешке ақын арудың жанашыр бауырлары, анасы, замандасы, ақын Хамит Есаман, жерлес әрі қаламдас әпкесі Үміт Битенова мен оның жары Ербол Қамбатыров, қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің директоры Жанар Орынбаева, сондай-ақ, өлеңи өлкедегі қаламдас іні-сіңілілері жиналды. Арнайы шақырылған жазушы, драматург, публицист, облыстық «Ақжол» газетінің редакторы болып қызмет еткен тұста ақынның алғашқы жырларын жариялаған Елен Әлімжан кешті ашып, қарындасының шығармашылық жолдағы қадамы туралы естелігімен бөлісті.

– Шынымды айтсам жас Жұлдыздың жырларымен жақсы таныспын, ал қазіргі есейген, ақыл тоқтатқан Жұлдыздың шығармашылығымен енді танысып жатырмын. Бүгінде қалыптасқан, қаламында қуат бар ақын болып өсіпті. Сол жас шағынан-ақ бойында талабы, көзінде оты барын сезген едім. Өлеңдерінің ең бастысы жүректен шыққаны көрініп тұрды. Шығармада жүрек дүрсілінің екпіні болуы автор үшін әрқашан маңызды дүние. Оқырманға да сезім мен шынайылық арқылы жол табасың. Жұлдыз қарындасымыз өз жырларын өзі оқығанда жан дүниең тебіреніп кетеді. Рас, қыз баланың алдында үлкен міндеттер болады. Маған алғаш келген күнінде қыз баланың ақын болуы қиын дүние екенін айтқан едім. Бірақ Жұлдыз өз өмір жолында әйел ретіндегі міндетті де, қаламды да қатар алып қайсарлық танытып келеді, – деді жазушы. Кеш барысында Жұлдыз Бейсектің шығармашылығы туралы қаламдас әпкесі Үміт Битенова, замандасы Хамит Есаман да тұщымды пікірлер айтты. Өзге меймандар жаңа кітаптың авторына шығармашылық табыс тіледі. Айтылған жылы лебіздер арасында автордың өзі мөлдір жырларын оқып, кешке келген оқырмандардың көңілін тербеді. «Іңкәр-Ғазал» кітабының лентасы салтанатты түрде қиылып, ақын алғашқы жинағын жақындарына өз қолтаңбасымен тарту етті. Сондай-ақ кеш барысында ақынның қаламынан туған «Ауылым ай», «Бар қазақ менің бауырым», «Бала қанатым» атты жырларына жазылған әндер шырқалды.

Күз сөйлесін тамшы ернімен дірілдеп

Мен секілді іздейді ме екенсің?
Терезеден жолға қарап өтем, шын
Саған деген сағынышты мендегі
Қыркүйектің жапырағы көтерсін
Жолыңдағы бір жарықты күзетіп
Келер деген тас жолдардан жүз өтіп
Сағыныштан үгітілер ме екенмін,
Кірпіктерін бір қайырып күз өтіп
Сағынышымды саған деген күз айтар,
Күзбен бірге әйнектерім жылайды ал.
Телміретін тереземе сүйенем,
Кірпігімнен әппақ қайың құлайды әр
Сұр пердеме сіңіп қалды сағыныш,
Ал бөлмемде сол жалғыздық, сабылыс…
Үмітімнің үрейленген кейпінде
Сезімімді хатқа ағызам жанып іш.


Тымық таңды оятқан құстар ма екен,
Жанымды жадыратар күш бар ма екен?!
Сағыныш сарайында қалып кеткем,
Есігімнен ертемен ұшқанда сен
Аспанның дидарындай сұрғылттанған
Сен кеткен соң тұманды күн бұлттанған
Кім сүртеді тамшысын кірпігімнің,
Жаңбырларды жаныма тырс-тырс тамған?
Өмірім құлар ме екен сырғып талдан,
Кім мені дүниеге мұң ғып таңған?
Сап-сары жапырақтарға малынумен
Күздің ішін кеземін сен құлттаған
Күз бе екен,
Өзім бе екем салқындаған?
Найзағай ма,
Көзің бе,
Жарқылдаған?
Өртеніп кетер ме екем сен келгенше
Сары алтын сағыныштармен лапылдаған.


Мына әлемнен жаным тоңып түршігем,
Өмір дейтін ақ қайыңның бүршігі ем
Жан таппастан ұғынатын жанымды
Күрең күнде күзге келіп күрсінем
Сағыныштан үлбіреген жапырақ
Айнасындай күз жанымның шатынап
Бұл дүниеге сыя алмаған жүрекпен
Бейуақытта бақта тұрам аһылап
Жүре алмастан әлеміңде жарқылдап,
Жапырақтай дір-дір етем қалтылдап
Маған деген сезіміңдей кетті әлем
Күздің қара суығындай салқындап
Шер кеудемді күз және де ай ұқпақ
Сенсіз өмір – сүреңсіз деп байыптап
Сезімімді жүрегімде жұбатам
Жер күнәләр мекені деп айыптап
Жел желпініп қанаттарын жайғанда
Жапырақтар көшеді екен, айлар да…
Тұла бойым жапырақтарға бөлініп
Күзбен көшіп бара жатам…
Қай маңға?


Ең соңғы жапырақ та үзілді…
Қыс келеді жылатумен күзімді
Мен келемін өліп қалған жапырақ
Ішіндегі тірілте алмай өзімді…
Неге мені әкетпедің жаныңа?
Не айтамын жапырақсыз таңыма?
Күздің қанатындағы көп жырды оқып,
Шерге баттым шәйі шәлім жамыла
Біреулерге көрінеді сорың бал,
Мұңмен кезіктірейін бе?…
Қолымды ал…
Жапыраққа жан ашитын кімің бар?
Кел де, қалқам, күңгірт түсті торымды ал.
Жайлы жастық болады ертең мына жер
Кім табылар құндағыңа құла дер?..
Жапырақты жаншып баса көрмеңдер,
Жапырақ та мен секілді бір әйел!


Жапырақтар жауып жатыр…
Үндеме!
Сөз берейік өмір – тойда күзге де
Күз сөйлесін тамшы ернімен дірілдеп,
Жаңбыр сүйген көл жыласын іргеде…
Қысты төрге оздырған соң кір-кірлеп
Жапырақтар жауып жатыр бір-бірлеп
Жапырақтың үстіндегі жүрегім
Жерге құлап бара жатыр бүлкілдеп…
Жапырақтар жауып жатыр үн-түнсіз
Сіздің, менің бірікпейтін күлкімсіз…
Жапыраққа орап берген жанымды
Жерге түспей көтерерсіз мүмкін сіз?!


Өзіңді іздеп ағады жұлдыз жерге
Көктемнен де сұрадым, қыс, күзден де
Жазды күн жусан иісін жұтып тұрып,
Мені есіңе алдың ба гүлді үзгенде.
Ақша бұлттар толқытып көңілімді,
Кеудемдегі оятса елігімді
Сені ойладым,
Ал сен ше, ойладың ба,
Жаңбыр сүйіп алғанда ерініңді
Бейнеңді сап айға наз, қылық – құмға,
Кірпігін көтереді үміт мұнда
Көктем сенің шерткенде терезеңді
Мені есіңе алдың ба?
Ұмыттың ба?
Қарашығы көзімнің тұнып мұңға,
Жұбатамын жүректі жуып жырға
Хабарыңды тосамын күннен, түннен
Ұмыттың ба сен мені
Ұмыттың ба?..


Тырнағымнан тамса да мұң,
Жанса да күн… дір етпен.
Мен күзімді қарсы аламын,
Мұздап қалған жүрекпен.
Тамыз кетті талға байлап
Жасыл желең гүл шағын
Жүрген шағың қалқатайлап,
Бәрі де өтті, құм, сағым…
Бұлт жыласа – бізден айып,
Бар обалын көтердім
Күз секілді жүз мұңайып,
Жүз рет жылап өтермін
Жанымды да жараласын
Күзде қалып тылсым дем
Маған неге аларасың?
Мен ғана ма күрсінген?!
Жапырақтарым жыл жанардан,
Омырауымнан жиі ақты
Ал жүрегім мұңға малған
Күзден туған сияқты.

Comments (0)
Add Comment