Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқуға грант бөлу жүйесі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство басшысы білім гранттарының жетіспеушілігі мәселесіне тоқталып, жаңа шешімдер ұсынды.
«Біз екі үлкен жүйелі дүниені ұсынамыз. Біріншісі, гранттарды саралау. Иә, гранттар санын көбейтіп жатырмыз. Биыл гранттар саны былтырғымен салыстырғанда 19 пайызға өсті, келесі жылы да көбейеді. Бірақ бәрібір әлі де жеткіліксіз. Сондықтан гранттардың бәріне 100 пайыз емес, 100, 75, 70, 50 пайыз грант (оқу ақысының пайызы – авт) болатындай етіп саралауды ұсынбақпыз», – деді министр Нұр-Сұлтанда өткен форсайт сессиясында.
Сонымен қатар, Саясат Нұрбек мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі механизмін қайта іске қосу жоспарлары туралы айтты.
«Сонымен қатар, МБЖЖ механизмін және білім беру несиесі механизмін қайта іске қосып жатырмыз. Өйткені грантқа ілінбеген адамдарға да мемлекеттен көмек алып, оқу ақысын бөлуге мүмкіндік беруіміз керек», – деп түсіндірді ол.