Жамбыл облысында болған жойқын жарылыс кезінде жоғалған әскери Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары оны іздестіріп жатыр. Тіпті ол туралы нақты дерек берген адамға бір миллион теңге сыйақы бермекші. Айтуларынша, полицейлер мен әскерилер қазір Бауыржанды табуға күш салып жатқан жоқ. Сондықтан олар, президенттен шетелдік көріпкелдерді шақыртуға көмек сұрамақ. Ал қорғаныс министрлігінің өкілдері жоғалған жігітті іздеу жұмыстарын уақытша тоқтатыпты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Байзақ ауданындағы әскери бөлімшеде болған жарылыстан соң да алты айға жуық уақыт өтті. Дәл сол қаралы күні Бауыржан Дәуітбаев шұғыл шақырту түсіп, жұмысына кеткен. Содан бері ізім-ғайым жоқ. Ал соңғы үш айда іздеу жұмыстары да тоқтатылыпты. Бірақ не әскерилер, не полицейлер не үшін доғарғандарын түсіндірмеді дейді туыстары. Сондықтан өздері Бауыржан туралы деректер жазылған парақшаларды бүкіл ел аумағына таратып, іліп, іздеуге кіріскен.
“Кішкентай баласы түк түсінбейді. Күнде айтады. Бәріміз жылаймыз. Папам қайда деп…+ Енді Россияның границасынан бері қарай ориентациясын білуге өзіміз шықтық. Кетті жолдасым. Уже үш күн болды. Кімнен көмек сұраймыз?”, – дейді анасы Фатима Ағыбекова.
Амалы таусылған, бірақ үміті үзілмеген Дәуітбаевтар шенеуніктер шетелдік көріпкелдерді шақырсын деп талап қойды. Болмаса Нұр-Сұлтанға барып, президенттен көмек сұрамақ.
“Не ауданнан, не облыстан жағдайларың қалай, не істеп жатсыңдар баланы іздеп жатырмыз деген ешқандай әңгіме жоқ. Біз не істейтінімізді білмейміз. Алты ай болды. Мына анасы баланың қан жұтып отыр. Төрт баласы бар әйелінің. Келіншегінің аяғы ауыр. Ертең-бірсігүні босанады деп отырмыз”, – дейді ағасы Бақыт Дәуітбаев.
Ал қорғаныс министрлігінің өкілдері іздеу жұмыстары уақытша тоқтады деді.
“Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс кезінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевты әскери бөлімнің аумағында қыста іздеу тоқтатылды”, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі жарылыс кезінде қайтыс болған 17 азаматтың туыстарына 20 миллион теңге көлеміндегі өтемақы берілгенін айтты. Ал Бауыржан туралы дерекке зәру Дәуітбаевтар кез келген нақты ақпарат үшін миллион теңге сыйақымыз дайын деп отыр.