Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.
Расында, кез келген мемлекеттің болашағының баянды болуы білімді әрі қабілетті жастардың қолында. Сондықтан да жастарға жайлы жағдай туғызу, олардың жарқын бастамаларына қолдау көрсету – еліміздің басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда Меркі ауданында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.
Айталық, бүгінде Меркі ауданында тұрмыс кешіп жатқан 89 909 адамның 26 118-і, яғни 29 пайызын 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Бүгінде еліміздің әр түкпірінде белсенділік танытып, қоғам игілігіне өз еркімен қызмет етіп жүрген ерікті жастардың қатары артып келеді. Бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын жас буынның өсіп келе жатқанының айқын көрінісі. Әсіресе, ерікті жастарың қатарының молаюы көңіл қуантады. Еріктілік – тек көмектесу емес, үлкен жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның белгісі. 2020 жыл – Еріктілер жылы ретінде жарияланып, бұл бағыттағы жұмыстар жаңа серпін алған болатын. Сол уақыттан бері көптеген жастар қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысына айналды. Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында еріктілер клубтары құрылып, түрлі бастамалар жүзеге асырылуда. Жастардың ерікті болуға деген ұмтылысы олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. Мұндай тәжірибе тұлғаның дамуына, өмірлік бағыт-бағдарын табуына үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар еріктілік қызметі арқылы жастар командада жұмыс істеуді, қоғаммен байланыс орнатуды және әлеуметтік жобаларды ұйымдастыруды үйренеді. Ерікті болу – шын жүректен шыққан ниет. Ол үшін үлкен мүмкіндік те, үлкен жүрек те қажет. Бүгінгі белсенді жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сол себепті еріктілер қозғалысы – болашаққа апарар берік көпір.
Меркіде де мұндай жастар жетерлік. Айталық, 2025 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған «Merki eriktileri» волонтерлық қозғалысының 23 бағыты аясында 250 іс-шара өткізіліп, оған 5 215 ерікті жас қамтылды. Сондай-ақ «Ізгі іс» атты волонтерлық қайырымдылық жобасы шеңберінде 58 іс-шара өткізіліп, оған 350-ден астам белсенді жас атсалысты. Нәтижесінде аз қамтылған және жағдайы төмен 35 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, 23 жалғызілікті қарияға үй шаруасына көмек көрсетілді.
Сонымен қатар есепті мерзімде әр түрлі бағытта 649 іс-шара өткізіліп, оған 19 880 аудан тұрғындары мен жастары қамтылды. Атап айтсақ, рухани-адамгершілік бағытта – 127, әскери-патриоттық бағытта – 27, спорттық бағытта – 31, мәдени-шығармашылық бағытта – 92, құқықтық бағытта – 48, діни бағытта – 36, психологиялық-танымдық бағытта – 51, жастарға кеңес беру бойынша – 85, экологиялық мәдениет бойынша – 81, этносаралық келісім бойынша – 24, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша – 20 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Спорт – азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі» атты республикалық волейболдан жарыс, «Ұлттық ойындарды ұлықтау» атты жастар арасында ұлттық ойындардан жарыс, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай ашық аспан астындағы акустикалық кеш секілді ауқымды іс-шараларды атап өткен абзал.
Жалпы, қазіргі таңда қоғамның қозғаушы күшіне айналған белсенді жастар – ел дамуының маңызды факторы. Олардың түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысуы тек жеке даму ғана емес, тұтас ұлттың рухани, мәдени және әлеуметтік өрлеуінің кепілі екені айқын. Жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуы – азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Олар волонтерлық жобаларға, экологиялық акцияларға, қайырымдылық шараларына, қоғамдық кеңестерге және түрлі дебаттар мен форумдарға қатысып, өз ойларын ашық білдіру арқылы қоғамдағы өз орнын табуда. Мәселен, мәдени бағыттағы іс-шаралар да жастардың жан-жақты дамуына сеп болуда. Домбырамен күй шертіп, театр сахнасында өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау – рухани жаңғырудың негізі. Өнер мен мәдениет саласына бет бұрған жастар елдің мәдени келбетін сақтауға, дамытуға атсалысып келеді. Спорттық жарыстар да жастар арасында кеңінен таралған. Футбол, волейбол, күрес, жүгіру, ұлттық ойындар жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, отансүйгіштік пен командалық рухты қалыптастырады. Спортпен айналысатын жастар әрдайым тәртіпке, мақсатқа жетуге ұмтылады. Ал зияткерлік жарыстар мен олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына қатысып жүрген жастар болса – болашақтың ғалымдары мен инженерлері. Олар ғылым мен технологияны дамыту арқылы елдің инновациялық әлеуетін арттырады. Бүгінгі білімге құштар, ізденімпаз жастар – ертеңгі жаңалық ашатын тұлғалар.
Жастардың белсенділігі тек іс-шараларға қатысумен шектелмейді, олар идея ұсынып, бастама көтеріп, өзгелерге үлгі болып жүр. Әлеуметтік желіде пайдалы контент таратып, өз замандастарына оң әсер етуде. Мұндай белсенділік – ел болашағына салынған берік негіз. Себебі бүгінгі белсенді жас – ертеңгі көшбасшы, ел тағдырын шешетін тұлға. Сондықтан да жастарды қолдау, оларға мүмкіндік беру еліміздің стратегиялық бағытына айналып отыр.
Қазіргі жаһандану дәуірінде жастарды жұмыспен қамту – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі. Олардың білім алып, кәсіби тәжірибе жинап, еңбек нарығында өз орнын табуы мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды фактор екені белгілі. Оның үстіне бұл тек әлеуметтік мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен ел дамуының да негізі. Себебі, еңбекке бейімделген, бәсекеге қабілетті, кәсіби және рухани жағынан дамыған жастар – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Бұған Меркі аудандық жастар ресурстық орталығы да сүбелі үлес қосып келеді. Айталық, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы көтерме жәрдемақы алу үшін 49 маманға 19 миллион 266 мың теңге, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 28 маманға 251 миллион 648 мың теңге қаражат бөлініп, жоспарға сәйкес берілетін болады. Аталған бағдарлама бойынша otbasybank.kz сайты арқылы көтерме жәрдемақы алу үшін қазіргі таңда 40 маман құжаттарын тапсырды. Бүгінге дейін білім саласының – 18, денсаулық сақтау саласының – 5, ветеринария саласының – 3, агроөнеркәсіп саласының 4 маманына 11 миллион 769 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұған қоса тағы 10 маман арнайы кезекке қойылды.
Сонымен қатар өңірде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына да барлық жағдай жасалған. Бүгінде аудан бойынша кәсіпкерлер саны 7 422 адамды құраса, оның 3 577-сі – жастар.
Сондай-ақ қазіргі таңда «Отбасылық цифрлық картасы» жүйесінде жалпы 1 844 жас тіркелген. Ауылдық округ мамандары тарапынан 739 жасқа адрестік жұмыстар жүргізілді. Осылайша қазіргі таңда «D» санаты бойынша – 1 537, «E» санаты бойынша – 307 жас тіркелген.
Бүгінде Жастар ресурстық орталығына қатысты 1 нысаналы индикатор белгіленген. Нақтырақ тоқталсақ, 2025 жылға арналған «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен қамтудың индикаторлық көрсеткішіне сәйкес, 100 жасты маусымдық жұмыстарға тарту жоспарланған. Мәселен, сәуір айында 29 жас «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына алынды. Нәтижесінде аудан аумағындағы жалпы көлемі 9 150 шаршы метр аумақ тазаланып, 16,4 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды және 30 ағаш егілді. Алдағы уақытта 71 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Қоғамның айнасы – жастар. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, тәуелсіздіктің баянды болашағын жалғастыратын да – осы жас буын. Бірақ соңғы жылдары жастар арасындағы қылмыс пен нашақорлық деңгейі қоғамды алаңдататын күрделі мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Әрине, жастар теріс жолға түссе, елдің болашағы бұлдыр болмақ. Сондықтан әрбір адам, әрбір отбасы, әрбір ұстаз, мемлекет – барлығы осы мәселеге бейжай қарамауы керек. Осы мақсатта аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері тарапынан жалпы 48 іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі зерделеу, 5 құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кездесу, «дөңгелек үстел» отырыстары, семинарлар мен акциялар өткізілді. Сонымен қатар жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында «Нашақорлық – жанның қатерлі ісігі», «Салауаттылық – денсаулық негізі», «Есірткісіз қоғам», «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыптарында іс-шара ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі екені белгілі. Мәселен, Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген болатын.
Осы мақсатта Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен биыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алған болатын. Аталмыш жоба Меркі ауданында жемісті жүзеге асуда. Мәселен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен аталған жоба аясында 21 іс-шара өткізіліп, оған 480 жас қамтылды. Атап айтқанда, блиц-сауалнамалар, ардагерлердің үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізу, «Кітап ал, кітап сыйла» атты жастармен кездесу, «Кітаппен дос бол!» атты кітап оқу челленджі, М.Мақатаевтың туғанына 94 жыл толуына орай поэзиялық кеш, «Кітап білім бастауы» атты жастар арасында кітап оқу байқауы, «Кітап-IQ» атты жастар арасында зияткерлік сайысы, «Мейірімділік мекені» жобасы аясында қоғамдық жұмыс істейтін жандарға арналған акция, алғыс айту күніне орай кітап сыйла акциясы, «Өңірден шыққан танымал тұлғалардың шығармаларын насихаттау» тақырыбында жастармен кездесу, «Кітап ал кітап сыйла» тақырыбында жастар арасында интеллектуалды ойын, «Кітап – асыл қазына» атты «дөңгелек үстел» отырысы, Б.Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Елім деп туған ер едің» атты жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Қазақ халқының тарихы – тереңнен тамыр тартқан, өнегеге толы, ұлы мұра. Сол ата-бабаларымыз қалдырған ұлы мұраны зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізу – әрбір елжанды азаматтың парызы. Осы орайда ауданда қабылданған «Бабалар салған ізбенен» атты жобасы – рухани жаңғыру аясындағы тағылымды бастамалардың бірі болғаны анық.
Жастарды ұлттық тарихпен, мәдениетпен және дәстүрмен тереңірек таныстырып, ата-бабаларымыздың қалдырған рухани және материалдық мұрасын дәріптеуді мақсат тұтқан жоба аясында 7 іс-шара өткізіліп, оған 195 жас қамтылды. Атап айтқанда, «Бата – ұлттық тәлім-тәрбие бастауы», «Салт-дәстүрім таусылмайтын байлығым», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Ата-ана – алтын тұғырым», «Еңбек түбі – береке», «Ұлттық ойындарды ұлықтау» тақырыптарында аудан жастар арасында кездесулер ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, осы жоба арқылы ұлттық сана мен рухани жаңғыруды нығайту, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға қызығушылықты арттыру, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғырту және тарихи ескерткіштер мен киелі орындарды насихаттау көзделіп отыр.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бизнес-тренерінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша әртүрлі бағытта 34 іс-шара ұйымдастырылып, оған 780 жас қамтылды. Атап айтқанда, «Бүгінгі қадам – ертеңгі табыс» жобасы аясында Жұмысшы мамандықтар жылына орай 8 іс-шара өткізіліп, 260 жас қамтылды. Нәтижесінде 2 жас саңырауқұлақ өсіру кәсібімен айналысуда. Сонымен қатар «5 миллион» және «2,5 пайыз несие» бойынша – 3, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2 іс-шара өтіп, нәтижесінде, 13 жас аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне құжат тапсырып, кезектерін күтуде. Сондай-ақ 44 жас «Мансап орталығы» филиалына жолданып, атаулы бағдарлама аясында жұмысқа орналасса, «Отбасы банк» менеджерімен өткен кездесу нәтижесінде 9 жас депозит ашып, қаржы ұйымының тұтынушысы атанды. Бұған қоса «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 3 іс-шара ұйымдастырылып, 5 жас аталған бағдарлама аясында оқуға түсуге ниет білдірді.
Бұдан бөлек, аталған жоба арқылы 5 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 380 жас қамтамасыз етіліп, 150-ден астам бос жұмыс орыны ұсынылды. Осы ұсынылған бос жұмыстар бойынша жәрмеңке барысында 47-ге жуық азамат тұрақты жұмысқа қол жеткізді. Нақтырақ тоқталсақ, «Meralko» ЖШС-не – 6, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-не – 11, «Меркі қант зауытына» – 11, «Мейірім Меркі сауықтыру орталығы» ЖШС-не – 10, «Отбасы Банк» АҚ-на – 3, Меркі аудандық білім бөліміне – 3, аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына – 1, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-не 4 жас жіберілді.
«Жастарға кеңес» жобасы аясында Меркі ауданы жастарын ақпараттандыруға бағытталған көшпелі кеңес беру бойынша 4 ауылдық округте кеңес беру өткізілді. Атап айтқанда, Тәтті, Ақермен, Кеңес, Аспара ауылдық округтерінде басқосулар ұйымдастырылып, нәтижесінде «Серпін-2050», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары бойынша 60 жас кеңес алды. Кеңес беру алаңында 56 жас білімгер құқықтық сауаттылығы бойынша жеке сұрақтармен жүгінді. Ал 31 жас тұрғынға «NEET» санатындағы жасқа кәсібін ашу, қайтарымсыз грант және несие алу бойынша кеңестер берілді. Сондай-ақ 33 жас психологиялық қолдау, жеке мәселелері бойынша қайырылды.
Жалпы, 2024 жылы аудандық Жастар ресурстық орталығы үшін зор табыспен аяқталды. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің орталық «Үздік жастар орталығы-2024» номинациясына лайық деп танылса, Айтбек Күшікбай «Үздік директордың орынбасары» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар орталық қызметкері Мадияр Сәмбетов «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің құрылғанына 20 жылдық төсбелгісін кеудесіне тақты.
Қорыта айтқанда, Меркі аудандық жастар ресурстық орталығы – тек мекеме ғана емес, жастардың үні, үміттің шамшырағы, болашаққа апарар алтын көпір.
Меркі – мыңжылдықтардан сыр шерткен, шежірелі өлке. Осындай киелі мекенде орналасқан орталық бүгінде ауданның ең белсенді, ең жалынды жастарының басын қосып, игі істерге ұйытқы болып отыр. Мұнда әрбір жас өзін еркін сезініп ғана қоймай, өзінің дарынын танытып, биікке самғауға мүмкіндік алуда. Орталық қабырғасынан түлеп ұшқан жастар бүгінде тек аудан көлемінде ғана емес, облыс, тіпті республика деңгейінде де көзге түсіп, ел сенімін ақтап келеді. Себебі мұндағы қызметкерлер әрбір жастың жүрегіне жол таба біледі. Олар үшін әр жас – бір әлем, бір арман. Сол арманды бірге іске асыру – орталықтың басты мұраты. Орталық ұйымдастыратын әрбір іс-шара тәрбиелік мәні терең, ұлттық болмыс пен заманауи көзқарасты қатар өргізетін бағыттармен ерекшеленеді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жастардың рухани өсуіне де ерекше мән береді. Сондай-ақ орталық жаңашылдықтың жаршысы, рухани кемелдіктің ордасы, ұлт болашағына бейжай қарамайтын, жүрегінде жалын, көзінде от ойнаған жастардың мекені. Олар «Бірлік бар жерде тірлік бар» қағидасын берік ұстанып, бір-біріне демеу, қоғамға тіреу болып келеді. Осылайша, Меркі жастары еліміздің болашағын жарқын ететін ұлы істердің ұйытқысына айналып отыр.
Нұрбек ЖҰМАНАЗАРОВ,
Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры