Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Арай-2» ықшам ауданындағы жаңа көпқабатты үйлерден 90 отбасыға пәтер кілтін табыстады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Өңірде 32 000-ға жуық адам пәтер кезегінде тұрса, 1100 әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жоспарда бар көрінеді. Ал мерекеге орай ел игілігіне берілген мұндай аса құнды тартуды жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен Ауған соғысының азаматтары зор қуанышпен қабыл алды. Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған.
– Биылғы жылғы жоспарымызда – Тараз қаласында ең кем дегенде 53 үйдің құрылысын аяқтау. Осы мәселені іске асыру мақсатында еңбек етіп келеміз. Бұйырса, дер кезінде бітіреміз. Сонда 4000 тараздық пәтерге ие болады. Ал күні бүгін қуанышқа кенеліп, баспаналы болып отырған жандардың шаңырағында тек жақсылық болсын деп тілеймін, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер кілтін табыс ету барысында.
Баспаналы болып, өрісі кеңейіп, қазақтың жөн-жоралғысымен шашу шашып, шаттанып жүрген отбасылардың арасында Ауған соғысының ардагері Торғайбековтер отбасы да бар. Бұл отбасы осынау айтулы күнді 10 жылдан аса күткен.
– Ауған соғысының ардагері ретінде пәтердің кезегінде тұрғаныма он жылдың жүзі болды. Әкімдіктен қоңырау шалып, «пәтер аласыз» дегенде қуанышымда шек болмады. Алла қаласа, осы шаңыраққа құт қонып, өсіп-өніп, берекесі артқан жанұяның бірі болсақ деген ниеттеміз, – деді Торғайбековтер отбасының отағасы.