Гүл жайнаған өмірдің нұры да – бала, жүрегінің жыры да – бала. Үкілеген үміттің жетегінде жүрген ата-ананың ғұмыры сол кішкентай ғана шаттығының көңілін табу мен арманын арманға жалғау арқылы болашаққа ұштасады. Ал жаныңды жылылыққа толтырған балалардың бақыты әке-шешесіне деген мейірімі мен махаббатының еркіндігінде.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Құлдыраңдап ойнап жүрген бөбегіңді өбектеп, қылығына тамсанып, құшағыңа алғанда күйбең тіршіліктің қамытынан жібіп, дүниеге құлашыңды кең жазып, қалықтап-шалықтағандай шаттықтың күйін кешесің. Анасының тас емшегін идіріп, тар құрсағын кеңіткен перзентіне елжіреген сәт шаршағанын ұмыттырып, дүн-дүниенің қайғысын басуға құдіреті жетеді. Ер азаматтың да алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, болашаққа деген сенімін арттырып, жарқын өмірге талпындыратын – баласына деген мейірім. Ал қарсы алдыңда тұрған өз құлыныңды құшақтай алмай не құшақтауға себеп таппай қиналғаннан асқан қасірет бар ма? Кез келген уақытта маңдайынан сүйіп, арқасынан қаға алмаудан өткен көңілсіздік бола ма? Өз балаңа өзің жат, өз балаң өзіңді бөтен сезініп, не ойын ашық айта алмай, не тілегін жеткізуге бата алмайтындардың жан жарасын сезіп көрдіңіз бе? Мұндай ерсі һәм түсініксіз сәттер көбіне бала бөтен ортада өскенде, не әлдекім бауырына басса, не ата-әжесінің тәрбиесін алғанда көрініс табады. Қазақ «Тапқан – ана емес, баққан – ана» деп екі-ақ ауыз сөзбен мұндай келеңсіздіктердің алдын алып, түсінік беріп кеткен.
Тұңғыш немере
Асыл – үйінің тұңғышы. Ол дүние есігін ашқанда ата-әжесі де қырықтың қырқасына енді шыққан еді. Тұңғыш немересін әке-шешесіне жолатпай, өз құшақтарына алды. Тіпті келіні баласының маңайына келіп, маңдайын иіскесе «шешеңнің иісі шығып кетіпті», бала мен ананың елжірескен сәттерін байқаса «туған анаңды тапқан екенсің ғой» деп келемеждеп, көкіректері қарс айырылатын. Мұның бәрі ата-әжесінің құшағында өскен балаға ауыр тиді. Жас та болса бәрін ұғып, әже мен атасының көңіліне қаяу түсіргісі келмей, туған әке-шешесіне жоламайтын болып алды. Олар отырған жерді айналып өтіп, ата мен әженің махаббатына барынша адал болуға тырысты. Есейе келе бұл сезім күшейе түсті. Жас баланы ата-анасымен әңгіме айтпауға, оларды айналып өтуге, сөздеріне құлақ аспауға алып келді. Тіпті жақындап кетсе тұла бойы тітіркеніп, тұра қашатынды шығарды. Олар сый-сияпат жасай қалса, соны алу үшін де ата-әжесіне жәутеңдей қарап, мың жерден ұнап тұрса да алмай қоятын. Оның себебі тым тереңде еді. Оны бесікте жатқаннан сіңіріп қойған. Ата-әжесінің «әке-шешең бізден жақын болмасын» деген түсінігінің жемісі баланы дүниеге алып келген адамдарынан алыстата берді.
– Бүгінде жасым 40-қа таяды. Жұрт сияқты анамды құшақтамақ түгілі, қолын ұстап көрмеппін. Әрине, кейде бала болып еркелегің-ақ келеді. Бірақ кеудеңде тас болып қатып қалған әлдене жібермейді, жібітпейді. Тіпті жылы сөйлейін десем, жақын тартқаным білініп қала ма деген үрейден зәре-құтым қалмайды. Сондықтан бөтен, жат болып көрінуге тырысамын. Ішкі сезімдерімді жасыру үшін ең жеңілі – осы. Мамам менің басымнан сипап көрмеді, әкеме де арқамды қақтырып көрмеппін. Бірақ олардың сырттай елжіреп тұратынын ту сыртымнан-ақ сеземін. Әсіресе, мен келіншек алғанда қиын болды. Әке-шешемді мен сыйламасам, жаңа түскен келін қайдан сыйласын?! Шешем мен әкем қанша жылы сөйлесе де дөрекі жауап қайтарып үйренгенмін. Олардың сөзінің бәрін теріс көру әжем мен атама деген беріктігім сияқтанатын. Бірақ мен үйленген күні тұңғыш рет көзіме жас келді. Себебі не келген қонақтарға, не түсіп жатқан келінге, не жалғыз ұлына жақындай алмай, босағадан сығалап қарап жүрген әке-шешемді көзім шалды. Сонда солар «Бақытты бол» деген бір ауыз сөзді еркін айта алмай, не туған келініне, не баласына жолай алмай, сырттан қызыға бақылап жүргені жанымды ауыртты. Әлі күнге сол сезім сақталып қалды. Әрине, есейе келе бәрін түсінесің. Іштей арпалысасың. Олардан жақын адамның жоғын сезесің. Бірақ бала күніңде жасай алмаған нәрсені қырық жылдан кейін қалай жасайсың?! Папам мен мамам біреулерге «Асыл бізді жақтырмайды, жек көреді» деп мұңын шағатын көрінеді. Негізі олай емес. Жақсы көремін. Бірақ мойындап қоймас үшін осылай қорғанамын. Ал ең жаманы сол – иттің итақайына қиған жылы сөзіңді алдыңда тұрған асқар тау әкең мен асыл анаңа айта алмау, – деді Асыл.
Сырласып отырып, тамағына тығылған тас жібіп, жанарынан бір тамшы жас болып тамып түсті. Әрине, біз Асылға ата-анасын жақын тартуға, өзгеруге кеңес бердік. Айтуға оңай. Бірақ Асыл бұл мәселеге біз ойлағаннан да тереңдік танытып, сол күні кешке анасына гүл шоғын, әкесіне қамшы сыйлапты. Бұл ғажап сәттің соңы үшеуінің солқ-солқ жылап, құшақтарының айқасуымен аяқталыпты.
Құрбым Аяулым да әжесінің қызы болып өсті. Бойжеткен соң басқа қалаға оқуға түсті. Ол да әке-шешесіне бөтен еді. Біз «Неге өйтесің?» деп сұрағанда: «Екеуін жек көремін. Әжемнің қызымын, олардың маған қатысы жоқ», – деп жауап беретін. Тіпті аттарын атайтын. Бірде әкесі қатты ауырып қалды. Аяулымға хабарласып, жылдам жету керектігі ескертілді. Сонда жолай көлігі бұзылып кешіккен құрбым әкесінің жаназасының үстінен түсті. Сол сәтке дейін «ата-анама бөтенмін» деп ешкімге бой бермей жүрген қыз жансыз тәннің бетін аштырып, кебінге оралған әкесінің суық денесін құшақтап айырылмай, көлденең жатып алып не көмуге бермей, жынданып кетудің аз-ақ алдында қалған еді. Сонда шырқырай жылаған шынашақтай қыз «мен әкеме жақсы көретінімді айтып үлгермедім» деп өксіді.
Бөтен бала
Менің анамды да әкесінің аға-жеңгесі асырап алған екен. Алтыншы сыныпқа жеткенде баққан кісілер дүниеден озыпты. Сонда туған ата-анасы алып кетуге келгенде анам бармай қойып, қаңырап бос қалған үйде небәрі 12 жасында біраз уақыт жалғыз өзі тұрған көрінеді… Әкесі де қызына қамқорлық танытып, құшағына алуға бата алмағаны сол, түні бойы қыз қорқып қалмасын деп күзетіп, үй сыртында айналшықтап жүреді екен. Бір күні бетпе-бет кездесіп қалғанда әкесі құшағына алып, «мен сенің туған әкеңмін ғой, бізді аясаң етті» деп жалынғанда ғана шешем өзі де осындай бір жан елжіретер сәтті іштей күтіп жүргенін мойындап, туған ата-анасының үйіне барыпты. Бірақ әлі күнге баққан анасын тапқан кісілерге қарағанда қаттырақ жақсы көретінін айтып отырады.
Әселді дүниеге келген соң нағашылары алып кеткен. Әке-шешесі студент болғандықтан, солай жасауға тура келеді. Сол бойы сол жаққа сіңіп кеткен қаршадай қыз кейін алып кетуге келген әке-шешесіне бармай қояды. Әлі күнге өзі десе ішерге асы бөлек туған әке-шешесінің үйіне жылдап ат ізін салмайды. Ал нағашылары үшін жанын қиюға даяр.
Әсел тұрмысқа шыққанда, ата-анасының орнына нағашылары құда болып төрге озды. Ана сүті мен әке айыбы да сол кісілерге берілді. Бұл да Әселдің қалауы. Мүмкін, әке-шешесін жақын тарту үшін Әселге уақыт керек шығар. Әзірге ол туған адамдарға бөтендігін ғана танытып келеді.
Менің де қызым дүниеге келгенде ата-анам алып кетті. Дүние есігін мерзімінен ерте ашып, бір жарым келі болып туып, әлі де толық жетілмеген, ана сүтін ембей қойған жиеніне шешем «қатайтып, салмақ қостырып, бір айдан кейін беремін» деп қамқорлық танытты. Алайда жасарып, жаңарып, балам үшін жанын беріп жүрген анамнан алып кетуге бата алмай жүріп, үш ай өткізіп алдық. Кейін баланы алып кеттік. Алайда үйдегі ойыншықтарды құндақтап алып, не тамақ ішпей, не ешкіммен сөйлеспей, бір нүктеге қадалып қалған анамның есі кіресілі-шығасылы, жынданып кетудің аз-ақ алдында қалғанын көргенде, қызды құшағына қайта салған едік. Бүгінде Диляра 12 жаста. Жаңа ашылған қызғалдақтай ата-әже, аға-жеңгесінің үйінде желкілдеп өсіп келе жатыр. Бірде 4 жасар қызыма: «Кімнің қасына ұйықтайсың? Анаңның ба, әжеңнің бе?», – деген сұрақ қойдық. Сонда ол: «Білмеймін», – деп басын шайқады. Кейін әжесі мен менің, яғни анасы ұйықтаған бөлменің ортасында, еденде көлденең ұйықтап жатқан қыз бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Бұл оның екі ананың да көңілін қалдырғысы келмегендігін білдіреді. Қызымды іздеп барған сайын теріс қарап отырады. Ойын ашып айтпайды. Бөтен. Суық. Жат. Қабағымен күтіп алып, қабағымен шығарып салады. Және, ең сорақысы, бұл мәңгілік пе деп қорқамын. Екеуміздің ортамыздағы көрінбейтін шымылдық қашан түрілер екен?!
Мұндай суық сезімдер барлық ата-әжесінің бауырында өскен балалар мен ата-ананың арасында бар. Иә, олар туған ата-әжесі, бірақ олар ата-ана емес қой! Әркім өз баласына еге болғанда ғана осындай жат сезімнен жапа шегетін «бөтен балалар» азаяр еді…