Менің руым – «Көкқозы»

Алғыс айту күні – елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуының негізі. Ақжарма тілекпен әлдекімге жүрек түкпіріндегі разылықты білдіріп, атқан таң мен батқан күннің арасында жасалған ізгілікті түсіну күні.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Ауылдасым Александр жиын-тойда топ жарып, тілек айта қалса: «Менің руым – «Көкқозы!», – дейді шаттанып. Қазақи қалжыңы, шешендігі мен суырыпсалмалығының өзі кез келген отырыстың өңін ашып, сәнін келтіреді. Бұл – бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналғанының айғағы.

Бір топ қара баланың ішіндегі өзі сары, көзі көк өзге ұлттың балақайын көзім шалды. Басқа балалар шүлдірлеп жүр. Ал ол болса: «Мен орысша онша сөйлей алмаймын», – деп бәрін таң қалдырды. Балалар жиналып: «Ұлтың кім? Сен орыссың ғой, неге орысша сөйлей алмайсың?», – деп жатыр. Ол болса: «Иә, орыспын, бірақ біздің ауылда тек қазақша сөйлейміз», – деп жатты. Иә, ауыл деген қазақы тәрбиенің бастауына малынып, мейірімі төгілген аялы орта ғой. Өзім де ауылда өстім. Біздің ауылда да қазаққа деген құрметпен тілін жаттап қана қоймай, сонымен қатар бес-алтыдан бала тауып, қазақтан қыз алып, қыз берген отбасылар баршылық еді. Құда табақ тартып, құйрық-бауыр жеп, беташар жасағандарын да көз көрді.

Әжемнің құрбысы Оксана ақ жаулығы желбіреп жүріп сиыр сауып, май шайқап, айран ұйытып, құрт жасайтын. Жастайынан тұрмысқа шыққан оның шашының түсін де ешкім көрмепті. Себебі орамалын тастамаған. Соғыс жылдары немістің қызын ауыл болып қамқорлық танытып, жанашырлықпен еркелетіп өсірген екен. Бойжеткенде қазақ жігітіне ұзатып, қалың малын алып, бесігін де апарған ауылдастары еді. Соның құрметіне Оксана өзінің есімін «Ақсана» деп атаған көрінеді. «Мен қазаққа бұрын қыз едім, енді келін болдым» деп төрге шықпапты. Өле-өлгенше қазақтан көрген қамқорлығын айтып, жасаған жақсылығына разы болған. Ол айналдырған қазы мен жасаған бесбармағының дәмі тіл үйіретін. Кейін бауырлары табылған соң да еліне бармай қойыпты. Немересін бесікке тербетіп, бесік жырын айтып отырып жүріп кеткен Ақсананы өз өтініші бойынша қазақ бейітіне жерлеген. Ақсананың қазаққа деген ақ тілегі мен жүрегінің алғысы шексіз болғаны осыдан-ақ байқалса керек.

Ал сыған ұлтының ұлы Серік әке-шешесі ауыл аралап жүргенде дүниеге келген. Ауылдықтар жолай туып қалған жас отбасыға көмек қолын созып, қамқорлық танытып, үй беріп, жағдайын жасауға көмектеседі. Ауылда қазақтың балаларымен бірге өсіп-жетілген ұл өз ұлтының көшпелі өміріне наразы болып, туған ауылға тұрақтануын өтінеді. Алайда баласы ес білгенде, отбасы тағы қоныс аудармақ болады. Сонда достары мен туысындай болып кеткен ауылдастарын қимай жылаған Серіктің көз жасын көргендер қиналған екен. Кейін араға біраз жыл салып Серік ауылын сағынып, ата-анасынан қашып келіп, туған жеріне қайта оралады. Артынан іздеп келгендерге бармай қояды. Сөйтіп жүріп ауыл мектебінен білім алып, ержетеді. Кейін көршісінің қызына үйленіп, Марат, Қанат, Самат атты үш ұл мен Айгүл, Айнұр, Айғаным есімді қыздардың әкесі атанады. Бүгінде ел ішінде қазақи шапан киіп, ақ батасын жаудырып жүрген қара торы қарияның ұлты сыған екенін бірі білсе, бірі білмейді. «Қазақ мен дүние есігін ашқанда қаңғырып жүрген отбасыма пана болды. Алақандарында өсірді. Бір күні анау үй, бір күні мынау үйден қарным тойды. Ешқашан, ешкім алалаған емес. Бір қауым ел болып өсірді. Мен қазақтың ұлымын», – дейді Серік.

Жас отбасы отау құрғанымен, әкесі балаға деген жауапкершіліктен бас тартып, әке болуға дайын еместігін алға тартыпты. Сөйтіп, Александрды анасы перзентханадан алып шыққанымен, қазақ әйеліне беріп кетіпті. Өз баласындай асырап-баққан әйел жайлы әңгіме шындығын есейе келе көршілерінен естіген Александр ештеңеге қарамастан қатты жақсы көреді. Ол өзін бағып-қаққан анасының туған шешесін танығанын біле тұра тіс жармайды. Тек Александр 5-сыныпқа барғанда, есік қаққан әйелдің өзінен аумай қалған көгілдір көздерінен туған анасы келгенін ұғады. Анасына дүниеге әкелгені үшін алғыс айтқанымен, өзінің қазақ отбасында тәрбиеленгенін, қазақтың ұлы екенін, басқалай болуы мүмкін еместігін айтып, туған шешесіне бармай қояды. Ол қазақтың қызына үйленіп, балаларының атын да қазақша қояды. Бұл – қазаққа деген шынайы алғыстың ізеті.

Сергей мен Лена қалада медициналық білім алып, ауыл ауруханасына дәрігер болып орналасады. Көгілдір отынсыз, жарық бірде жанса, бірде сөнетін, табиғаты қатал, жел бір азынаса апталап соғатын, не мейрамханасы, не демалыс орталығы жоқ, қиындығы мол ауыл тіршілігіне бұл жас отбасыны тұрақтап қалады деп ешкім ойламаған-ды. Оның үстіне керек-жарақты қаладан ғана тапсырыспен алдыруға болатын. Алайда жастарға ауылдағы мейірім мен шынайылық, қара термен тапқан нан, бау-бақша егіп, мал бағу қатты ұнап қалса керек-ті. Сергей ауыл жігіттерінен жылқы бағудың қыр-сырын меңгерсе, аз уақыттың ішінде арғымақтың құлағында ойнап, көкпар тартып, қыз қууға қатысып, өз ортасын, жекжат-жұрағатын да сайлап алды. Әйелі Лена да қаланың ақсаусақ қызы бола тұра, ауылдың тыныс-тіршілігін дөңгелетіп әкетті. Бие сауып, саумал, қымыз сатты. Қыс басталысымен соғым басына ауылдастарын бірінші болып шақыратын да осы отбасы еді. Дүниеге келген сегіз перзент – төрт ұл мен төрт қызын да бесікке бөлеп өсірді. Бір қызығы, олардың барлығы қазаққа тұрмысқа шығып, қазақтан қыз алды. Маған Ленаның немересі Эльмирамен тілдесудің сәті түскен еді.

– Менің ата-әжем өле-өлгенше балалары мен немерелерінің таза қазақ тілінде сөйлейтініне риза болды. Олар қазақша түсінгенімен, еркін сөйлей алмаушы еді. Біздің орыс тілін ұмытып, тек қазақша сөйлейтінімізді мақтан тұтатын. «Қазақтардың бойында үлкенді сыйлап қана қоймай, сонымен қатар қартайғанда қара шаңырағын тастамайтын, сосын кәрі ата-анасын жалғыз қалдырмайтын жақсы қасиеттер бар. Сол қасиеттерін бойларыңа сіңіріңдер. «Ұят, обал, сауап» дегенді де үнемі қайталап жүріңдер. Қазақ ұлтының қадірін біліңдер. Осы мемлекеттің асын ішіп отырған соң, құрметін де арттырыңдар» деп жиі айтатыны соншалықты, ұл-қызын былай қойғанда, немерелері де түп-түгел қазаққа тұрмысқа шығып, қазақты келін еттік. Бәріміз де көпбалалы ата-анамыз. Бір-екі баламен шектелген ешкім жоқ. «Бір бала туса, бір жусан артық өседі» деген түсінікпен ержеттік. Біздің бойымызда бір жақсы қасиет болса, ол ауыл қазағының көркем болмысы шығар. Бұл нәрсені әдейі жасамаймыз, расымен ми, жүрек, тіпті бар болмысымызбен осы ұлтқа сіңісіп кетіппіз. Киіт кигізіп, құдандалы болып жатқанда, соғым басы таратып, бастаңғы жасағанда, «Осы біз расымен орыспыз ба?» деп өз-өзімізге шынайы күліп, күдіктенетініміз бар. Бірақ мына сары шаш, көк көзіміз тұрғанда, ұлтымыздың қазақ емес екендігі байқалып-ақ тұр ғой, – дейді Эльмира.

Генрих пен Фрида да соғыс жылдары ауылға жеткен неміс ұлтының ұл-қыздары еді. Екеуі екі бөлек отбасының ұл-қыздары болғанымен, ауылдастары бір ұлттың балалары деп олардың бірге өсіп-жетілуіне барлық жағдай жасаған. Кейін екеуі үйленгенде, ауылдықтар еншісін беріп, үй алып берген. Алайда араға жылдар салып, туған-туыстары хабарласып, қырықтан асқан шағында Германияға қоныс аударды. Қазақстанның алақандай ауылында тек қазақ тілінде ғана сөйлеп өскен ұл-қыздарына бұл көш өте ауыр тигені анық еді. Бес баласы бес жаққа қашып, «кетпейміз» деп тамды айнала жылағанда, ауылдастарының ешқайсысы бейжай қала алмады. Ауылда туып-өскен балалары көршілерінің етегіне жабысып, «алып қал» деп еңірегенде, ет-жүректі елжіретіп-ақ жіберген. Бар дүниесі мен жиған-тергенін көрші-қолаң, дос-жарандарына бөліп беріп, кетерінде кемсеңдей жылаған Генрих пен Фриданың да бұл ауылды қимай бара жатқаны сөзсіз еді.

Бұл жанұя екі жыл сайын елге оралып, етене жақын жандарының жағдайын біліп кетіп жүр. Үнемі әдейілеп пошта арқылы хат жазады. Ол хатта Германияның сұлулығы, тазалығы, ғимараттарының шексіз әдемілігі мен ғажайып дамыған технологиясы айтылады. Қазақ тілінде «Сәлем хат» деп басталатын ерекше хаттан үзінді келтіре кетсек: «Армысыздар, алтыннан ардақты, күмістен салмақты қазақ бауырларым, бір туған ет жақындарым. Мал-жандарыңыз аман ба? Біздің жағдай жаман емес. Зәулім сарай, сұлу ғимараттар, үй іші жаңа жиһаз, түрлі керек-жараққа толып тұр. Қарнымыз тоқ, уайымымыз жоқ. Балалар қасымызда, немере де сүйіп жатырмыз. Бір қызығы, осынша өз елім, неміс ұлтының шексіз дамып кеткен кереметтей көркем дүниелері мен әсем көшелеріне қарап тұрып, қазағымның ұланғайыр шексіз даласын, шаң басқан көшелері мен күн жеп қойған қап-қара мейірімді жүздерін сағынып, кешкісін көз жасымызды бір сығып алатынымыз рас. Сәлеммен, қазақтың елі мен жеріне деген мәңгілік махаббатпен сіздердің Генрих пен Фрида».

Ал, ең қызығы, әке-шешесімен бірге елден кеткенде 17 жасқа жаңа толған Лина қазақ жігіті екеуі үйленетінін айтқанда, әке-шешесі қалуына рұқсат етпей, әлі жас екенін, махаббатының кездесетінін ескертіп, жас қызды зорлықпен алып кеткен еді. Арада 15 жыл өткенде Лина қазақ жігітіне оралып, тұрмысқа шықты. Бір-бірін құлай сүйген екеу ата-ананың тілін алып, ұзақ жылдар бойы бір-біріне деген махаббат алауын сөндіре алмай ғұмыр кешкен. Екеуі де отбасын құрмай, махаббатына адал екендіктерін осылай дәлелдепті. Бүгінде қазақтың шаңырағына келін болып түскен Лина – үш ұлдың анасы. Генрих пен Фрида енді Қазақстанға жыл сайын келіп, қызы мен жиендерінің жағдайын біліп қана қоймай, өздері құлай сүйген қазақ елін жиі көруге мүмкіндік алғанына дән риза.

Comments (0)
Add Comment