Мен жырлаймын Жамбылды

Кіндік қаным тамған жері – Жамбылым.
Сыйға берген сөз патшасы алыбын.
Тау мен тасын жырлап өтем мәңгілік,
Туған жердің көз қуантқан сай қырын.

Таза ауасы, топырағы, бөктері.
Таң қалдырар тарихы мен өткені,
Фирдоуси мен Шона ақын жырлаған,
Жақсы көрем ата мекен өлкені.

Талас, Аса өзендері бойында,
Қатпар-қатпар қарт Қаратау қойнында.
Алатаудың бір сілемі тірелген,
Жамбылымның ұлан ғайыр жонында.

Айша бибі, Тектұрмаспен, Қарахан,
Сыр шертеді өткен ғасыр тарихтан.
Жібек жолмен саудагерлер қатынап,
Керуендер түйелермен жүк тартқан.

Жырлай берем, жырлай берем мен тағы,
Туған өлке, таусылмайтын жыр — бағы!
Құтты болсын мерейтойың, шаһарым,
Құт мекенім өзек болған жыр-дағы.

Айнур Абдулмаксут

Comments (0)
Add Comment