«Мен туып-өскен Жаңаарқа да жаңа облысқа қосылар» – Бекболат Тілеухан

Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан өзінің Instagram-дағы парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz.

Оның айтуынша, қазақтың қастерлі ұғым, қадірлі есімдері ұлықталып, облыс атауын алып жатқаны қуантты.

«Қазақтың арғы-бергі тарихында Ұлытау жерінің де, атауының да жөні бөлек. Арыда түрік қағандарының ордасы болған, беріде қазақ хандарын ақ киізге отырғызып хан көтерген қастерлі мекен. Бұл өзгеріс орталық Қазақстанның рухани да, экономикалық та өрлеуіне тың серпін береді деген сенімдеміз. Менің туып-өскен жерім Жаңаарқа да осы облыстың құрамына қосылады деп ойлаймын. «Жер таппан жерге жетер Жетісуым: Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым» деп Ілияс ақын жырға қосқан Алатаудың бөктеріндегі көрікті аймақ та жаңа облысқа айналып, Жетісу атауын алып жатқаны өте жарасымды», – деді ол.

Сондай-ақ ол қазақтың кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының атына облыс құру – бір жағынан, ақынға құрмет, екіншіден, шығыс жұртының ұзақтан күткен бір тілегі екенін айтты.

«Мемлекет басшысы айтқан ақжарма жаңалыққа қаймана қазаққа құтты болсын айтамыз», – деді Б. Тілеухан.

 

Comments (0)
Add Comment