Мен оқыған бір кітап

Биыл аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен облысымызда Кітап оқу жылы деп белгіленген болатын. Осыған орай газетіміздің тұрақты оқырмандарының өзі оқыған кітаптан алған әсері мен түйген ой-пікірлер топтамасын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ақтаңдақ жылдардың ақиқаты

Альбина ЗАУЫТБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз универиситеті
«Филология және гуманитарлық ғылымдар»
факультетінің 4 курс студенті:

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары кеңес билігінің ұрдажық саясатының кесірінен халықты мәжбүрлеп отырықшыландыру және күштеп ұжымдастыру сияқты әрекеттер ауыл шаруашылығының құлдырауына әкеліп, талай халық зардап шекті. Тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап осы азапты жылдар туралы көптеген шығармалар жазылды. Бұл қатарда ғалым, жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Рақымсыз көктем» атты кітабы да бар.
Жалпы аталған кітаптың әсері мен үшін ерекше болды. Ең әуелі бұл шығарманың тақырыбы қызықты болғандықтан, оқуға құлшындыра түссе, алғашқы бетін ашқаннан қилы тағдыр илеуіндегі сұмдықтардың әсерінен шыға алмай қалдым. Өмір шындығын әр адамның әрқалай қабылдайтыны белгілі. Бұл хикаяға еліміздің шекаралық аудандарының бірінде өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған қасіретті оқиға негізге алынып, керемет жеткізілген.
Шығарма арқылы кеңестік қызыл империяның қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығын көркем тілмен көрсете білген. Оқу барысында ауыр ойға ере отырып, еңсең бір түсіп, біресе болашақ күндердің жарқын шақтарына деген ой-мұрат, аңсар-арман алға жетелеп қоя берері сөзсіз. Хикаят тек қана көркем шығарма емес, қанқұйлы жылдары қазақ бастан кешкен шынайы шындық болғандықтан шыбын жаныңды сыздатады. Жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, сүйектері сай-салада қалып, ажалынан бұрын қайтқан ата-бабалар үні мен зарын қағазға түсірген автордың ұрпақ үшін жасаған ұмытылмас мұрасы деп білеміз.
Тосын сюжеттік құбылыстар ауыр ойға жетелей отырып, еңсені түсіргенімен, жазушы шеберлігінің шыңына сүйсіне түсесің. Міне, бұл көркем қиялдың емес, өмірлік нақты бүтін болмыстың ащы жиынтығына суарылған композициялық шешімнің шынайылығының белгісі болса керек. Оқырманның оқу үстіндегі әлемтапырықтанған көңіл күйінің сабасынан асып, түйсік қалтқысында ойналмалы күй кешуінің де жойқын қалтарысты сыры осындай тосын тақырып ұсынған сый-таралғы болғаны ақиқат.

Ойы бөлек «Оң қол»

Айнұр ЖАМАЛБЕКҚЫЗЫ,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Біз тілге тиек еткелі отырған автор – Төлен Әбдік – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Оның шығармалары қазіргі заманның рухани мәселелерін терең әрі шынайы түрде қозғайды. Ал мен үшін жазушы шығармаларының ішінде «Оң қол» атты әңгімесі ерекше орын алады.

Бұл шығарма адам психологиясы, ішкі әлемі мен өзін-өзі тану мәселелерін көтереді. Сондай-ақ адам өміріндегі қиындықтарды жеңуге арналған күресті суреттейді. Шығарманың мазмұнына қысқаша тоқталсақ, ол – өз-өзіне сенімсіздік, ішкі дағдарыс, рухани ізденіс туралы жазылған туынды. Әңгіме басты кейіпкердің өміріндегі қиын кезеңнен басталады: ол оң қолын жарақаттап, оны жоғалтуға мәжбүр болады. Бұл физикалық кемшілік оның өміріне үлкен өзгерістер енгізеді. Оң қолының жоғалуы оның психологиялық күйіне, ішкі дүниесіне әсер етеді. Ол өзінің бұрынғы өміріне, мүмкіндіктеріне күмәндана бастайды. Осы жағдай арқылы кейіпкер тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыда да қиындықтарға ұшырайды. Алайда шығарманың негізгі идеясы – адам өз қиындықтарын жеңе отырып, жаңа өмірді қабылдайды, өзінің ішкі күшін тауып, жаңаруға ұмтылады. Оң қолын жоғалтқан кейіпкер ақырында физикалық кемшілігіне қарамастан жаңа мүмкіндіктерді көруге, өмірге деген жаңа көзқарас қалыптастыруға тырысады.
Бұл шығарманың басты философиялық ойы – адам қиындықтар арқылы өз күшін тауып, рухани жағынан жетіледі. Төлен Әбдік адамның ішкі әлемін, оның тұлғалық өзгерісін өте терең зерттеген. Оң қолын жоғалтқан кейіпкердің рухани ізденісі, өзін-өзі табуы, оның ішкі қақтығыстары – бұл өмірдің мәнін іздеудің бір көрінісі. Әңгімеде кейіпкердің психологиялық жағдайы мен оның ойларына көп көңіл бөлінген. Әрбір оқырман кейіпкердің ішкі әлеміне терең үңіліп, оның ойларымен, сезімдерімен бірге жүре алады. Оң қолдың жоғалуы тек физикалық тұрғыдан ғана емес, адамның рухани күйіне де әсер етеді. Кейіпкер өзімен күресу арқылы өзін-өзі табады, бірақ бұл жол оңай емес. Оның ішкі әлеміндегі күрес, өзін-өзі қабылдауы – шығармадағы басты мәселелердің бірі.
Жалпы автор шығармасында символизм элементтері кеңінен қолданылған. «Оң қол» – тек физикалық қол ғана емес, адамның ішкі күшін, оның өмірге деген қарым-қатынасын білдіретін символ. Оң қолын жоғалту арқылы кейіпкер өз рухани күшін іздеуге, жаңа көзқарас қалыптастыруға мәжбүр болады. Бұл шығарманың терең мағынасы, символикасы арқылы адам болмысының күрделілігі, оның ішкі әлеміндегі өзгерістер көрсетіледі. Сонымен қатар Т.Әбдіктің адамның рухани әлемін зерттеудегі үлкен жетістігі. Шығарма арқылы автор адамның ішкі жан дүниесіндегі күресті, қиындықтарды жеңуге деген ұмтылысты, сондай-ақ өзін-өзі табу мен рухани жаңаруды терең бейнелейді. Бұл шығарма адамның өміріндегі қиындықтарды қабылдай білу, оларды жеңе отырып жаңа өмірге қадам басу туралы ой тудырады. Қорыта айтқанда, бұл шығарма – әрбір оқырманның өз өміріне, ішкі әлеміне терең үңілуіне, өзін тануға мүмкіндік беретін маңызды туынды.

Comments (0)
Add Comment