«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!»

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!»

Қазақ тарихында елінің мақтанышы, ұлтының ары мен намысы болған қайсар қыздар аз болмаған. Томирис ханшайымнан бастап, Домалақ ана, Айша бибі, Ұлжан мен Зере, Әлия мен Мәншүк сынды батырларымызға дейін – барлығы да қазақ әйелінің ақылдылығын, даналығын, ержүректігін, қайсарлығын дәлелдеген тұлғалар.

Осындай ұлы аналардың еңбегін ұлықтау, ерлігін өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай шаһар төріндегі «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» атты облыстық қыздар форумын ұйымдастырды.
Аймақ аруларының басын қосқан шарада сөз алған орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали кездесудің мәні мен маңыздылығына тереңірек тоқталды.
– Бүгінгі қазақ арулары ардақты аналарымыздың даңқты жолын жалғастырып, әр салада үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Ғылымда, өнерде, спортта, кәсіпкерлікте, медицинада, мемлекеттік қызметте – қай бағытта болмасын, жетістікке жеткен қазақ қыздары көп. Соның ішінде Жамбыл облысынан шыққан арулар – қазақ қыздарының қайсарлығы мен даналығының жарқын көрінісі. Топырағынан талай талант түлеген бұл өңірдің арулары сан саланың көшбасшысы атанып, елдің мақтанышына айналған.
Жамбыл жерінен шыққан дара тұлғалардың қатарында – Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова, қазақ поэзиясының ақ гүлі Күләш Ахметова, суретші Фатима Зауырбекова, әнші Бағдат Сәмединова, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, әлем чемпионы Фируза Шарипова және көптеген басқа да нәзікжанды, бірақ рухы мықты жандар баршылық. Бүгінгі форумның басты қонақтары да осы ізгі жолды жалғап, әр саланың биігіне шығып, өзгеге үлгі болып жүрген арулар. Олар – ғылым мен өнерде, спорт пен медицинада, журналистика мен азаматтық қорғауда үлкен жетістіктерге жетіп, өз еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген арулар, – деді Эльмира Иниятқызы.
Форум аясында он саусағынан өнер тамған арулардың ұлттық нақыштағы бұйымдары көрмеге қойылып, салтанатты шараның соңы орталықтың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Жұматай Көксубай

Comments (0)
Add Comment