Мемлекеттік қызметтің майталманына құрмет

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қоғам қайраткері Күлімхан Тоғызбаевамен арнайы кездесіп, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

– Бұл айтулы белес өмір жолындағы мол тәжірибенің, биік парасат пен кемелдіктің, ел мен өңірдің дамуына сіңірген еңбектің лайықты бағаланатын шағы. Сіздің еңбек жолыңыз – көпке үлгі, жас ұрпаққа өнеге. Журналистика саласында бастаған қызметіңізбен қоғам тынысын айқын сезініп, елдің үнін жеткізе білдіңіз. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік әрі рухани дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты қызметтерде кәсіби шеберлігіңіз бен ұйымдастырушылық қабілетіңізді көрсеттіңіз.
Бүгінде әріптестеріңіз бен замандастарыңыз өзіңізді биік мәдениетіңіз, парасат-пайымыңыз және адамгершілік қасиеттеріңіз үшін ерекше құрметтейді. Сіздің өмір жолыңыз – елге адал қызмет етудің және ұлт игілігіне еңбек етудің жарқын үлгісі, – деген шаһар басшысы мерейтой иесіне арнайы сый-сияпаттарды табыстап, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Күләш Әбдікешова және «Жамбыл облысының іскер әйелдер Қауымдастығы» ҚБ төрағасы Меруерт Лештаева сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.
Өз кезегінде Күлімхан Майлыбекқызы да қала басшылығына алғыс айтып, шынайы ризашылығын жеткізді.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment