Мемлекеттік қызметші бұқараға жақын болуы керек

Бақдәулет Сариев,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекеттік қызметшілер алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге ұмтылып, бұқараға барынша жақын болуы керек.

Себебі, қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді. Сол артылған сенімді ақтау үшін мемлекеттік қызметші қандай болуы керек? Ол үшін мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі негізделетін қағидаттарға сай болуы қажет.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Демек, адалдық пен әділдік, жауапкершілік пен қарапайымдылықтың арқасында қоғамның сенімін туғызу – әрбір мемлекеттік қызметші үшін міндет. Қасықтап жинаған абыройды шелектеп төкпей, сенім мен құрметке ие болу үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз. Мұнымен қатар жоғары моральдық және адамгершілік қасиеттері қатар жүруі тиіс. Себебі бұл қасиеттер жиынтығы – мемлекеттік қызметшінің бейнесі мен имиджінің айнасы!

Comments (0)
Add Comment