Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және қала әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен келелі кеңес өтті. Басқосу барысында мемлекеттік қызметті дамытудың негізгі модельдері, басымдықтары, әдеп нормалары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау мен алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, аталған департаменттің басшысы Болат Копдикбаев, әкімдікке қарасты бөлімдердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жас мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Ең әуелі шаһар басшысы сөз алып, мемлекеттік қызметтің ел дамуындағы маңызына тоқталды.
– Мемлекеттік қызмет – қоғам мен билік арасындағы сенім көпірі. Ал сол сенімнің негізі – кәсібилік, ашықтық, адалдық және жауапкершілік. Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңарып, тиімділікке, нәтижеге және азаматтардың сұранысына бағытталуға тиіс. Осы орайда мемлекеттік қызметті дамытудың заманауи модельдерін енгізу, адами капиталды нығайту және басқару мәдениетін жетілдіру басты басымдықтардың бірі болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызметші болу – антқа адал болу деген сөз. Елімізге білімді, еңбекқор, білікті, тәртіпті, әділ және өз ісіне жауапты мамандар қажет. Мемлекеттік қызметшілер халықтың әл-ауқатын арттыру үшін табанды еңбек етуі керек», – деген болатын.
Бүгінде мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мен қызметтік әдебі де – мемлекеттік органдардың беделін айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық шектеулерді қатаң орындау – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби және азаматтық борышы.
Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – осы бағыттар бойынша ортақ түсінік қалыптастырып, нақты ұсыныстар мен тиімді тетіктерді айқындау, өзара тәжірибе алмасу, туындаған сұрақтарға нақты жауап алу және ортақ ұсыным қалыптастыру. Бұл талқылау әрқайсымыздың күнделікті қызметімізде жауапкершілікті арттырып, қоғам алдындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді деп сенемін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте департамент басшысы Болат Исаханұлы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев Әдеп кодексінің ережелерін сақтау, мемлекеттік қызметшілердің этикасы, меритократия қағидатының жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Ал сала ардагері Рахматілда Рахманбердиев жас мемлекеттік қызметшілерге ізгі тілегін білдіріп, бұл саланың жауапкершілігі жоғары екенін тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өте өзекті екенін тағы бір еске салды.
– Бүгінгі жиын барысында көтерілген мәселелердің барлығы әрбір мемлекеттік қызметші үшін заң талаптарын мүлтіксіз сақтау мен жеке жауапкершілікті арттырудың маңызын нақтылай түсті. Алдағы уақытта аталған талаптар күнделікті қызмет барысында қатаң басшылыққа алынуға тиіс. Алдағы уақытта осы кеңестің нәтижесі мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және қызметтік тәртіпті нығайтуға ықпал етеді деген ойдамын, – деген шаһар басшысы бұл бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Comments (0)
Add Comment