Қазақ армандаған егемендігін алды, ешкімге бодан емеспіз. Ата Заңымыз бар, шекарамыз бекітілген, етек-жеңімізді жидық. Ел қатарлы алыс-жақын елдермен қарым-қатынасымыз өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Көштен қалып жұртта отырып қалғанымыз жоқ, ел аман, жұрт тыныш, оған шүкіршілік айтамыз. Тек бүгінгі күннің жаралы мәселесі – тіліміз болып тұр. Ұлтты ұлт ететін – оның тарихы, тілі, дәстүрі. Тіліміз болмаса, ұлт деген жай – жалпылама айтыла қалған мәнсіз бос сөз. Тіл – ұлтымыздың айдары, дәні, ұйтқысы, қазынасы. Тіл жоғалған соң ел бола ма, тіл жоқ елді қайдан көрдің? Тіл өлген ел, тірі өлген ел деп халық даналары бекер айтпаған.
Бүгінгі таңдағы тіл жөніндегі босбелбеулік, басқа тілге өктемдік беріп ат мінгізіп, өзіміз солардың үзенгісінен ұстап, жаяу көшке ілесіп келе жатырмыз деп мәзбіз. Тіл туралы шешімдеріміз әншейін жел сөзді ұрандаған даурықпа. Билік сөзбен алдап қамқорсынып, «Қазақ-қазақпен қазақша сөйлеу керек» деген сөзді өздері бастап, артынша «Біз қазақ тілінде толыққанды сөйлеу үшін асықпауымыз керек, ол жылдарды талап ететін үлкен бағдарлама» деп тіліміз қазір қыл үстінде тұрғандай сезімдеміз. Бізде тұрақсыздықтық тайғағы басым.
Ол аз болғандай өзіміз, қазақтар, ана тілімізді тіл тазалығын бұзып, лайлай бастадық. Қазіргі уақытта біздің тілімізде жаңа түсініксіз сөздер пайда болды. Мысалы, «отырық, батырық, тұрық, жатырық, барық» деген сияқты мағынасыз батпақтап сөйлеуге кірістік. Бұл шатпақ елімізде күш алып кеңінен тарап барады. Оған «қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ», тіл мамандары ауыздарына құм құйып алғандай үнсіз, министрлік естімеген керең адамша біреуі бас көтермейді, жақтарын ашпайды. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тістейдінің кері келіп, қайтсек мемлекеттік тіл – қазақ тілі қашан өз деңгейіне көтеріледі деп армандап жүргенде, өзіміз қазақтар былдырлап-шылдырлап, батпақтап-шатпақтап таза тілімізді бұзуға кірістік. Ал ұлт тілінің кеми бастауы, оның жоғала бастауының алғашқы белгілері екенін есімізден шығармауыз керек. Бұл – ұлт үшін өте қауіпті жағдай. Біз бүгінгі таңда басымдылықпен орыс тілінде сөйлеп, елімізде тұратын басқа ұлт өкілдеріне елдің иесі қазақ екендігін, ал қазақ тілі мемлекеттік тіл екендігін бақандай 30 жылдан астам уақыт өтсе де, мойындата алмай келеміз. Айтыңдаршы, бұл қазақтың осалдығы ма, намыссыздығы ма, әлде еліктегіштігі ме?
Осы орайда алыстан іздемей-ақ жанымыздағы Тәжік елі құрлы бола алмадық. 2009 жылы Тәжікстан Президенті «Тіл туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл заңдарының бұрынғысынан ерекшелігі, орыс тілі «халықаралық қатынас тілі» мәртебесінен айырылып, есесіне жаңа заңдарына байланысты «Мемлекеттік билік пен басқару органдары, кәсіпорындар мен мекемелер ақпарат алу мен құжат алмасу тек мемлекеттік, яғни тәжік тілінде жүзеге асады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Заңды бұзғандар үшін жеке азаматтарға – 160, ұйымдарға 320 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді» делінген. Ал Өзбекстанда өзбекше білмейтін бір өзбекті таппайсың, керек десе онда тұрған басқа ұлттың өкілдері де өзбекше сөйлегенде таң қаласың.
Ал біздің құрғақ сөзбен көпіртіп, жетелесіп «әйтеміз» бен «бүйтеміздің» төңірегінен ұзап шыға алмай, діңкелеп отырған жайымыз бар. Осындай жігерсіздігімізге іш ауырып, «әттеген-ай» деп «Уа, халайық, ойланайық» әрекеттеніп, жолын іздеп қолға алайық деген оймен төменгі шумақтарды жаздым:
Тіліміз біздің қазір ала шұбар,
Мұндай тіл бәрімізді тұйыққа әкеп тығар.
Көпшілік орыс тілін мадақтайды,
Күшті тіл деп шың басына алып шығар.
Ең қиыны билік түгел сол тілге басын бұрды,
Қателесіп оларды, міне сөйтіп құдай ұрды.
Жастар жағы, орыс тілін барлығы таңдап алып,
Тыңдамайды қой деген сөзімізді бұйым құрлы.
Біздің кәзіргі тілімізде дағдарыс бар,
Орыстардың бізге деген бұрынан-ақ ниеті тар.
Үсті бейіш, асты кеніш жерімізге,
Көзі түсіп, жолын іздеп олардың көңілі дал.
Орыстардың негізігі ойы тілді жою,
Ары қарай тегімізді өзгертуге мақсат қою.
Оларға тіл жойылса кеңінен жол ашылат,
Соныменен бәріне қолы жетіп шексіз баю.
Өзімізде ыңғайланып орыстарға жолымызды ашудамыз,
Қасиетті тілімізден түгел жеріп қашудамыз.
Билігіміз 30 жыл тіл жөнінде алдап жүріп,
Байқамастан орыс тілге аяңдап басудамыз.
Уа халайық! жүре берсек тілімізбен біражола қоштасамыз,
Тіл жоғалса, ұлт бізді тоқтаңдар деп тоспасы анық.
Айта берсе мысалдар жер бетінде толып жатыр,
Түгелімен түгі қалмай осы жолмен жоғалды ғой талай халық,
Ойланбасаң, оянбасаң бір бәленің болары анық,
Жете алмаймыз ұзатсақ кеш болады, бәріне көштен қалып.
Біздің ата-бабаларымыз сөз тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарап, лас, шала, сөздерді ешқашан қолданбаған, қабылдамаған. Бабаларымыздан бізге жеткен таза тіл бұзылмай, керек десеңіз, Кеңес заманында да өзгерген жоқ. Егемендігімізге қолымыз жетіп, өзімізге-өзіміз келе бастағанда, тілімізді былғай бастадық шұбарлап. Тіл – біздің баға жетпес негізгі байлығымыз, негізгі алтын қазығымыз. Ағайындар! Ана тілімізді бұзбай, таза сөйлеуге күш салайық. Қарап тұрсақ, біздің кейбір жастарымыз 4-5 тілді үйреніп игеріп алып, қазақ тілін білмей ашуыңды келтіреді. Міне, осыдан-ақ қазақ тілі өзінің деңгейін жоғалтып, құнсызданып бара жатқанын байқауға болады.
Сонымен қатар тағы айта кететін бір мәселе, біздің тіл туралы Жапон елінің тарихшы-турколог ғалымы Наката Юко зерттеп: «Сендер қазақтар, меніңше, өз ана тілдеріңді ұмытып, терең тамырларыңды жоғалтқансыңдар. Сендер арнайы не болмаса үлкен ықпалмен өздеріңнің саналарыңнан тарихты өшіріп алғансыңдар. Өз тарихтарыңыздан адасып, аспанда ұшып жүрсіңдер қалықтап. Осы аурудан жазылу үшін сендерге өз ана тілдеріңді орнына келтірулерің керек, халықты тарихтарыңызды көбірек білуге қызықтырып көңілдерін соған қарай бұру жолында ұлкен жұмыстар атқарылуы қажет. «Неге қазақтар тарихсыз қалған?» деген сұрақпен Алматыдағы кітап дүкендерінен бір тарих туралы терең жазылған, зерттелген туынды таппадым. Неге тарих туралы кітап дүкен сөрелерінде жоқ, неге десеңіз, халық өз тарихына қызықпайды. Міне, осының салдарынан өз тілін ұмытып, орысшаға бет бұрып барады. Мен туркологпын, қазақ елінің түбін сақтарды, ғұндарды зерттеп жүрмін. Өте керемет. Ал сендердің келешектерің де керемет болуы үшін тарих пен ана тілін жоғалтпауларың керек, сол арқылы жоғалтқан тарихтарыңызды еске түсіріп түгендеуге толық мүмкіншіліктерің бар», – дейді жапон ғалымы.
Жапон ғалымының біздің тарихымызға соншалықты қызығушылығы – ол ғалымда үлкен сезім бар екені көрініп тұр. Біздің тарихымызда ата-бабаларымыз – кезінде әлемді дүр сілкіндіріп, Еуропадан бері тарта патшалық құрып, елді аузына қаратқан батыр халық. Сол себептен ол ғалым терең зерттеп көруге көңілі бұрылған. Ал біздің тарихшыларымыз болса, орыстардың бәрін өзгертіп, бұрмалап жазып қойған тарихтарынан әрі аса алмай әлі адасып жүргені бәрімізге мәлім. Ізденіс жоқ, терең қазып қарауға шамалары жетпей келе жатыр.
Осылайша Жапон елінен келіп, біздің төл тарихымызды түгендеп жүргенде, «Біздің билік не ойлайды, мүйіздері қарағайдай болып көрінетін ғалымдарымыз қашан ойланады?» деген сұрақ әрдайым көңілді мазалайды.
Құрманғали Уәли,
Қордай ауданы