Құшағы кең Қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Сондықтан мұндай жандарды өзгелерге дәріптеу – ортақ міндетіміз.
Осы орайда Тараз қаласындағы №22 бөбекжай-балабақшасы биылғы оқу жылында «Өрлеу» кәсіби біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалымен бірлесе маңызды жобаны іске асыруда. Бұл жоба тілді үйрене отырып, жарқын болашақты құруға, сол арқылы мәдени қарым-қатынасқа жол ашуымен маңызды.
Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөз бар. Бар тәрбиенің бастауы балабақша екенін қаперге алсақ, тілдік ортаны да сол жерден қалыптастыруымыз қажет.
Осы мақсатта «Тілдік ортаға ену» жобасының жоспарына сай бөбекжай-балабақша педагогтарының арасында «Қазақшаң қалай, әріптес?» байқауы өткізілді. Аталған сайысқа балабақша педагогтары тыңғылықты дайындықпен қатысып, зор жауапкершілікпен атсалысқанын айрықша атап өткен абзал. Әрине, қатысушылардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері болғандықтан, бұл байқау оларға оңайға соқпады. Соған қарамастан қатысушыларымыз өздерінің эрудициясын, дайындығын әр кезең сайын дәлелдей түсті. Әсіресе соңғы «Киіз үй достарды шақырады» бөлімінде «Жұлдыз» тобының қатысушылары қазақтың салт-дәстүрлері туралы құнды мәліметтерді бөлісіп, кеңінен баяндады. Сондай-ақ «Күн» және «Достық» тобының қатысушылары дайындаған «Тұсау кесу», «Ат қою» рәсімдері де көпшілік көңілінен шығып, қазылар алқасының жоғары ұпайын еншіледі.
Тіл – ұлттың жаны, асыл құндылығы, қуатты қаруы. Мұны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Бүгінде елімізде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне барлық жағдай жасалуда. Бұл игі істен біздің бөбекжай-балабақша да тыс қалған емес. Жоғарыда аталған бай- қау – сол сөзіміздің айғағы. Сондықтан мұндай іс-шаралар педагогтардың тілге деген қызығушылығын тудырып, үйренуге деген құлшыныстарын одан әрі арттырады деген үміттеміз.
Алия Жагпарова,
№22 бөбекжай-балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі