Мемлекет қаржысы мақсатты әрі кедергісіз үлестірілуі тиіс. Әсіресе малға құт мекен саналатын Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласында субсидия алып, ісін дөңгелетуге ниетті шаруалар аз емес. Дегенмен кейбір жауапты қызметкерлер мен шаруалардың «бармақ басты, көз қысты» әрекеті субсидияға қолы жетпей жүргендердің шымбайына батып тұр.
Жуырда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаев ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға байланысты жүргізілген талдау қорытындысын баспасөз мәслихатында баяндады. Сонымен, соңғы бес жылда басқарманың үш лауазымды тұлғасына және Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, жымысқы әрекеттері үшін тоғыз тауар өндіруші жауапқа тартылған.
– Талдау барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Мәселен, Қордай ауданындағы бір шаруашылықтың басшысы 2019-2020 жылдары туған-туыстарынан ірі қара мал және асыл тұқымды қой сату-сатып алу арқылы жалпы 91,9 миллион теңге субсидия алған. Осындай заңсыз әрекеттердің орын алуы, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімінде көрсетілген мәліметтерді қайта тексермеуінің салдарынан туындап отыр. Бүгінгі күні аяқталған және тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша анықталған материалдық залал 1 миллиард теңгеден асады, – дейді департамент басшысы Әділхан Әшірбаев.
Талдау қорытындысына сәйкес, кейбір жауапты тұлғалар қызметіне жүрдім-бардым қарағаны белгілі болды. Мысалы, субсидия берілгеннен кейін ауыл шаруашылығы басқармасы шаруаның шын ақпарат бергеніне нақты көз жеткізуі тиіс. Нақтырақ айтсақ, мамандар инвестордың сатып алынған техниканы үш жылдың бедерінде иеліктен шығармауын, қаржыны мақсатты пайдалануын және жобалық қуатқа шығуын жіті қадағалап, мониторинг жүргізуі қажет. Алайда соңғы 2 жылда ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан тиісті мониторинг жұмыстары жүргізілмеген.
Әділхан Әшірбаев басқармада тексеру функциясының болмауынан кейбір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалған мәліметтерді көрсетіп, заңсыз жолмен субсидия алуға тырысатындығын айтты. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігінің жерлерді пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, субсидия алған 14 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелмеген. Алайда аталған шаруа қожалықтары субсидия алуға арналған өтінімдерде жайылымдарының бар екенін көрсетіп, заңсыз қаржы алған.
Сонымен, талдау қорытындысы бойынша департамент тарапынан ұйымдастыру-басқару қызметіндегі кемшіліктерді жою бойынша 30 ұсыныс енгізілген. Енді келер жылы жауапты басқарманың мамандары субсидия бойынша мониторинг жұмыстарына кірісіп, заңсыз әрекеттерге жол берілмесе дейміз. Себебі екінші жақта субсидияны жылдар бойы күтіп жүрген шаруалар бар.
Сәндібек Асанәліұлы