Мемлекеттік сатып алу майшелпек емес

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Камал Қабылбеков пен аталған департаменттің Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаровтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Алғаш болып сөз алған Камал Қожахметұлы департаменттің ағымдағы жылдың 1-ші тоқсандағы атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды.

– Департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның кез келген көріністерінен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында, сонымен қатар Мемлекет басшысы және агенттік басшылығы тарапынан қойылған міндеттерді орындау бойынша кеңінен жұмыс жүргізуде. Айталық, есепті кезеңде департаменттің өндірісінде 118 қылмыстық іс тергелді. Сондай-ақ айыптау актісімен 15 тұлғаға қатысты 11 қылмыстық іс аяқталса, ақталатын негіздермен 22 іс тоқтатылды. Сонымен қатар қылмыстық істер шеңберінде анықталған залал сомасы 389 миллион теңгені құрап, оның 378 миллион теңгесі мемлекетке қайтарылды. Ал 19,5 миллион теңгеге тыйым салынды. Ең бастысы, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ, – деген спикер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы түрінде көтермелеу белгіленгенін де атап өтті. Мәселен, осы жылдың 3 айының өзінде 2 тұлғаның өтініші қаралып, комиссия шешімімен оларға 367 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген.
Әрі қарай сөз сабақтаған Дәурен Даниярбекұлының айтуынша, жүргізілген кешенді сыртқы талдау жұмыс- тарының нәтижесінде көліктік бақылау инспекциясына 21 ұсыныс енгізілген. Талдау қорытындысында аталған органның ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі тиісті деңгейде іске асырмағандығы белгілі болған. Сондай-ақ 12 қызметкеріне қатысты мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде екен.
– Есепті кезеңде 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Жемқорлық тәуекелдері әлеуметтік маңызы зор балалар спорты мен шығармашылығын жан басына нормативтік қаржыландыру саласында, жол салу бағыты, миграция қызметі, мемлекеттік сатып алуда орын алған. Балалар спорты мен шығармашылығын жан басына нормативтік қаржыландыру саласына келетін болсақ, жүргізілген мониторинг аталған саладағы нормативтік-құқықтық актілерінің реттелмегенін көрсетті. Мәселен, ағымдағы жылы облыс бойынша мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты іске асыру үшін 500,0 миллион теңге қаражат бөлінген. Алайда бақылаудың жоқтығынан бүгінгі күні келіп түскен өтінімдер саны неғұрлым ұлғайып, тиісінше 3,3 миллиард қаражаттың бөлінуі керек екені анықталды. Сондай-ақ департамент күнделікті «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға да мониторинг жүргізуде. Мониторинг- пен жолданған ұсыныстар негізінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 237,0 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Мұндай мысалдар өте көп, – дейді Дәурен Омаров.
Оның сөзінше, қоғам өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеу және мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы есептерін тыңдау мақсатында Қоғамдық кеңес жанынан арнайы комиссия құру көзделіп отыр екен.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment