Мемлекеттік рәміздер – патриоттық тәрбиенің бастауы

Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Конституциялық заңға сәйкес, Мемлекеттік рәміздер, яғни Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран – мемлекеттің айрықша белгілері.

Рәміздердің мемлекеттік және этникалық бірегейлікті білдіретін түрлі мән-мазмұны бар. Әр халықтың қалыптасу, даму жолында өзіне тән ерекшеліктері, қасиет тұтып, ардақтайтын киелі құндылықтары бар. Ол тарихи құндылықтарға дақ түсірмей күтіп ұстау, түпкі мән-мағынасын зерделеп, жарыққа шығару, жастарға ұдайы насихаттау қай мемлекетте болмасын маңызды мәселелердің біріне айналғаны мәлім.
Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш қадамы өзінің Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын иелік етуден басталады. 1991 жылы егемендігімізді жарияладық. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстары қолға алынып, батыл қадамдар жасалды. Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздерді білмейтін пенде кемде-кем болар. Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен жалпы білім беру мектептерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда. Себебі Мемлекеттік рәміздеріміз білім беру жүйесінде, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап оқытылады. Бүгінгі ұрпақ санасына Мемлекеттік рәміздердің мәні мен қалай қастерлеу керектігі де үйретіледі. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халық басынан түрлі қиын-қыстау кезеңдер мен қанды оқиғалар өтті. Сол үшін мемлекеттік рәміздерді қастерлеу әр азаматтың басты міндеті болуға тиіс. Келешек ұрпақ тәрбиесінен қалыс қалдырмай, мемлекеттік нышандарымыздың мәнін түсіндіре жүргеніміз артық етпес. Осы орайда, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы 4 маусым күні «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» акциясын ұйымдастырған болатын. Акция аясында «MART», «Дәмді себет», «Avаtariya» ойын-сауық орталықтарында Мемлекеттік Әнұран бір мезгілде орындалып, викториналық сұрақтар қойылып, «Қазақстан» шоколады мен жалаушалар таратылды. Акция аясында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерінде Мемлекеттік Ту ілініп, тұрғындарға ақпараттық-танымдық хабарламалар таратылды. Сондай-ақ «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форум ұйымдастырылып, форумда Мемлекеттік Әнұран шырқалып, көк байрақ желбіреді.
«Отаның – алтын бесігің» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың ең бірінші абыройлы міндеті. Біздің Туымызға көгілдір және алтын түс таңдалып алынған. Көгілдір түс біздің халықтардың бұлтсыз келешегіне, аспан ортақ дегенге ырымдалады. Туымыздағы бұл түс ынтымаққа, ауызбіршілікке, жаһандағы халықтар бірлігіне бастап тұр. Бірегей көгілдір түс тектен текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі – судың да түсі. Халықаралық ауқымда алып қарасақ, саясатта ашық көк түсті ту көтерген халық барынша сеніммен, түсіністікпен қабылданады және таза көгілдір түс біздің халықтарымыздың этно-мәдени бірлігін білдіреді әрі бір мезетте мемлекеттің тұтастығын меңзейді. Біздің туымыздың шетіне алтын түспен қошқар мүйіз оюы салынған. Жалпы қазақ ұлттық ою-өрнегінің ондаған ғасырлық тарихы бар. Қазақ ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Туымыздағы күн бейнесі шекарамыздың бұзылмайтынын бейнелейді. Шексіз далада ұшқан қыран, ою-өрнек – еліміздің ұлттық жиынтық белгісі. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Осы орайда айта кетерлігі, Елтаңба, Ту, Әнұран үлгілерін әзірлеуге байқау жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысқан. Барлығы 1 200 өтінім беріліп, Мемлекеттік Тудың эскиздерін әзірлеген. Болашақ Мемлекеттік Елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы және Мемлекеттік Гимннің 750 нұсқасы ұсынылған деседі. Мемлекеттік рәміздер эстетикалық талаптарға жауап беріп қана қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмді де алып жүруі керек болды. Бүгінгі Елтаңба − Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан секілді сәулетшілердің шығармашылық ізденіске толы үлкен еңбегінің жемісі. Мемлекеттік Елтаңбамыз домалақ нысанды. Домалақ – шығыс қазақтарының аса құрметінде, өйткені бұл нысан өмір шексіздігінің белгісі. Ортасында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақ отбасы амандығы, бейбітшілігі және ашық аспанды білдіреді. Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбада қолданылатын негізгі түс – құдіретті, күшті, байлықты, тұрақтылықты, тектілікті, имандылықты, әділетті, ізгілікті, мейірімділікті, адалдықты бейнелейтін алтын түс. Әнұран – халық жүрегінің соғуы, армандардың қорытпасы.
Қорыта айтсақ, еліміздің ежелден аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, Мемлекеттік рәміздердің бекітілуі – болашаққа бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан оларды қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болуға тиіс. Ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып, өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін де төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Comments (0)
Add Comment