Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны

Мемлекеттік рәміздер – ұлттың дербестігі, тұтастығының айғағы. Сол үшін де оны құрметтеу – қазақстандықтардың парызы. Рәміздерге сан жылдар бойы ата-бабамыз аңсаған елдіктің, еркіндіктің иісі сіңген. Десек те, бейбіт күнде оның қадірін ұға алмай жүргендер де жоқ емес.

Сәндібек Піренов

Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Кеңес отырысында қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова қалаға қарасты мекемелердің Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануына қатысты жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесін баяндады.

– Жұмыс барысында қаладағы 80 мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарын сақтамаған бірқатар мекеме анықталды. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңының 4-бабы, 1.1 тармағында Мемлекеттік Ту және 6-бабының 1.1 тармағында Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың ғимаратына міндетті түрде орналастырылады деп көрсетілген. Алайда мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы мен №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының сыртында Мемлекеттік Ту орнатылмаған. Мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығы, саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернаты, облыстық ведомствоаралық психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы, нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы ғимараттарының сыртындағы Мемлекеттік Ту кірлеген. Облыстық қазақ драма театрында Мемлекеттік Туды және Елтаңбаны ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссия құрылмаған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Мемлекеттік Гимнді заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау және мемлекеттік рәміздерді пайдалану міндетті болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау жағдайынан лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Бүгінде жалпы мекемелердің негізгі міндетінің бірі – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық талаптар» ұлттық стандартына сәйкес Мемлекеттік Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуын латын графикасында «QAZAQSTAN» жазуына ауыстыру болып отыр. Бұл өзгерістер жайында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев облыс бойынша аталмыш жұмыстарды ағымдағы жылдың қазан айына дейін аяқтауды тапсырған-тын. Қазіргі уақытта бюджеттен қаралған қаражат есебінен қала бойынша 63 мекемеде Елтаңба ауыстырылыпты.

Комиссия отырысында белгілі болғандай, зерделенген мекемелердің ішінде мемлекеттік рәміздерді бекітілген стандарттарға сәйкес орналастырмаған мекемелердің бары белгілі болды. Бұл, біріншіден, өзімізге сын. Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев мемлекеттік мекемелер рәміздердің талаптарына бейжай қарағанын сынға алды. Мекеме басшыларын орнынан тұрғызып, олқылықтың орнын екі күннің ішінде шешуді тапсырды. Сондай-ақ бірлесіп атқарған жұмыстар нәтиже беретінін ескертіп, мемлекеттік рәміздерді орнатуға қаражаты жеткіліксіз болған мекемелерді бақылауға алатынын, қажетінше мәселені оңынан шешетінін айтты.

Comments (0)
Add Comment