«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім». Жиреншенің осыдан талай ғасыр бұрын айтқан осы бір ауыз сөзі әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Себебі қай заманда болмасын халық үшін баспанадан асқан бақыт болмаған. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Мемлекет басшысының Жолдауларында да осы мәселе айқын көрініс тауып келеді.
– Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деген еді Президент өз сөзінде.
Расында, бүгінде баспана зарының қара халықтың етінен өтіп, сүйегіне жеткені сондайлық, қазір отау құрған жастар ертең дүниеге келер ұрпағының қай жерде қоныс теуіп, қайда тұрақтарын ойлап қамығады. Бір ғажабы – кешегі көшпелі елдің ұрпағына ғана тән қасиет бұл. Себебі ежелден отырықшы елдердің тұрғындары үшін баспананы несиеге сатып алу немесе өмір бойы пәтер жалдап тұру әбестік емес, олар тіпті көп уақыт қонақ үйде тұрақтауды бойына ар санамайды. Ал қазақ үшін баспана – «өз үйім – өлең төсегім» ғана емес, қонақ қабылдар құтханасы, әулет айбары – қара шаңырағы, ал қазіргі заманда – әлеуметтік дәрежесін көрсетер индикаторы, тіпті капиталды көбейтер инвестициясы. Сондықтан да баспана – қазақ үшін әлі талай жыр болар өзекті тақырып.
Оның үстіне қазіргі кезеңде жекеменшік баспанасының болуы сол адамның әлеуметтік жағдайын, қоғамдағы рөлін, материалдық-қаржылық ахуалын айқын-дайды. Әрине, пәтер жалдап тұратын, жекеменшік үйі жоқ адам өзін орташа топқа жатқызбаса да, байлар санатына қоса алмасы анық. Сондықтан үйлі болу әрбір қазақ үшін үлкен мәртебеге айналуда.
«Public Policy Research» мекемесі жасаған зерттеулерге сәйкес, елімізде тұратын жасы 30-ға толмаған азаматтардың 54,3 пайызы жекеменшік пәтер жалдап тұрса, 18,6 пайызы жатақханада тұрып жатқан көрінеді. Ал 25 пайызы, яғни жастардың төрттен бірі ата-анасының немесе туыстарының үйін паналауда. Тіпті жұмыс орнын мекен еткендер де бар екен. Олар жалпы жастардың 2 пайызын құрайды. Ұзын сөздің қысқасы, жастардың 1,2 пайызының ғана жеке баспанасы бар. Мұндай зерттеулер мен көрсеткіштерден еліміздегі баспана мәселесі ушығып тұрғаны білінеді. Қарапайым адам үшін баспанаға қол жеткізудің өзі – ауқымды мәселе. Себебі еліміздің қай бұрышында болмасын жекеменшік пәтерлердің де бағасы тура мағынасында да, бейнелеп айтқанда да аспандап тұр.
Ресми деректерге жүгінсек, қазір елде коммуналды тұрғын үй қорынан үй алуға үмітті 300 мың адам кезекте тұр екен. Ең көбі – Астанада, 36 174 адам. Төрт шаһардағы – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде «үйсіздер» тізімінде тұрғандар жалпы кезектің 31 пайызын құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне жүгінсек, 300 мың адамның 130 мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасылар екен. Ал 124 мыңы – бюджеттік мекеме мен мемлекеттік қызметкерлер, ал 43 мыңы – жетім балалар.
«Үйсіздер» кезегі аталғанмен, анығында, бұл – мемлекеттен үй алуға дәмелі жандардың, Үкімет қолдауынан үмітті азаматтардың тізімі. Тіпті 90-жылдардың аяғынан 2000-жылдардың басынан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қатары аз емес. Ал коммуналды тұрғын үй қорынан жылда берілетін пәтерлер саны елорданың өзінде жүзден аспайды. Мұндай қарқынмен баспанаға мұқтаж, әлеуметтік сүйеніші аз тұрғындардың қатары алдағы жүз жылда сирей қоймас. Сондықтан жеке шаршы метрге иелік етуді көздеген азаматтар баспаналы болу үшін өз бетінше қам жасауға мәжбүр. Алайда елімізде осындай басты назардағы мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар санын көбейіп, жастарға арналған түрлі жеңілдіктер қарастыруда.
Мәселен, қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізудің түрлі жолдары бар. Барлық адам бастапқы жарнасын төлеп, баспанаға қол жеткізе алады. Бүгінде жамбылдық тұрғындар арасында пәтерлі болып, қоныс той өткізген де баршылық. Мәселен, күні кеше қала әкімі Бақытжан Орынбековтің ортақтасуымен «Ұлы Дала» ықшамауданында бірнеше отбасыға көпқабатты тұрғын үйдің кілттері тапсырылды. Сондықтан «Әрекет түбі – берекет» дегендей, «әрекет жасаймын», «үйлі боламын» деген азамат арнайы бағдарламаларды зерттеп, зерделеу барысында пәтерлі бола алады. Мысалға алғанда, «7-20-25» – қарыз бойынша ең төменгі мөлшерлемесі 7 пайыз болатын ең танымал бағдарламалардың бірі. Бұл бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 20 пайызы. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкентте бағдарлама бойынша пәтердің ең жоғары құны 25 миллион теңгені құрайды. Қарағанды үшін бұл көрсеткіш 20 миллион теңгеге дейін, ал еліміздің қалған өңірлері үшін – 15 миллион теңгеге дейін жетеді. Қарызды өтеу мерзімі барлық өңірлер үшін бірың-ғай – 25 жылға дейін. Бұл бағдарламаға қатысушылар үшін негізгі талаптар:
• Қазақстан азаматы болуы;
• Меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы;
• Кәсіпкерлік немесе жұмыс орнынан тұрақты расталған табыстың болуы;
• Ипотеканың болмауы.
• Бастапқы жарнаны да төлей алмайтын азаматтар бұл соманы жергілікті атқарушы органнан «тұрғын үй сертификатын» алу арқылы жабуға мүмкіндігі бар.
• Бағдарламаға қатысу үшін тоғыз серіктес банктің біріне хабарласу қажет.
Осы секілді елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қордан пәтер алу мүмкіндігі де қолжетімді. Мұндай пәтер өтініш берушінің жағдайын жан-жақты анықтаған соң ғана беріледі. Толық емес отбасы немесе жалғызбасты ананың соңғы бір жыл көлеміндегі табысы бір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспаса, мемлекеттік қордан кезек бойынша пәтер жалдау мүмкіндігі қарастырылған.
Пәтерді ұзақ мерзімге де жалға алуға болады. Әр бес жыл сайын келісілген мерзім ұзартылып отырады. Бірақ тұрғын заңды түрде үйдің иесі болып табылмағанымен, оған өмір бойы сол жерде тұрақтауға мүмкіндік беріледі. Мұндай жалдамалы пәтердің ақысы бекітілген әдістеме негізінде төленеді.
Жеке секторда жалға алынған тұрғын үйге субсидияны азаматтардың жекелеген санаттары, оның ішінде көпбалалы отбасылар да ала алады. Бұл санатқа төрт не одан көп бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар кіреді. Аталған көмекті алу үшін отбасы мүшелерінің соңғы алты ай көлеміндегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.
Тек нәзікжандыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары да іске асуда. Соның бірі – «Ұмай» әйелдер ипотекасы. Бұл бағдарлама бойынша несиеге берілетін 38 миллиард теңгені «Азия даму банкі» ұсынады. Ал мөлшерлеме көлемі 12 пайыз болады. Ипотека табысы төмен әйелдерге беріледі. Бұған қатысу үшін «Отбасы банкінен» шот ашып, бастапқы жарнасын толтыруы қажет. Оның көлемі кіріс деңгейіне байланысты. Мәселен, егер әйелдің кірісі 200 мың теңгеден аз болса, бастапқы жарна 15 пайыз, 200 мың теңгеден көп болса, бастапқы жарна 20 пайыз болады. Берілетін несиенің шекті сомасы – 30 миллион теңге.
Көріп отырғандай, пәтерлі болғысы келетіндер үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Жоғарыда көрсетілген мемлекеттік бағдарламалар солардың тек 3/1 ғана. Олардан бөлек, жазбаға қосылмаған 10 шақты бағдарламалар бар. Сол себепті қол қусырып қарап отырмай әрекет жасау керек екені мәлім.
Тұрғын үй сарапшысы Нұрсейіт Мұратовтың пікірінше, нарықтан үй алу бойынша 50/50 бағдарламасы көп банкте бар. Айталық, «Отбасы банкінде» пәтер ақысының жартысын жинап, ең төменгі 5 пайызбен табысын растамай, ипотека алуға болады. Бірақ ол үшін бірнеше талапқа сай болу қажет.
– Қазіргі таңда көп адамның айлық табысы жетпей, ипотека ала алмай жүр. Сол үшін адам ерінбей өз болашағы үшін ақшаны алдын ала жинай бергені жөн. Ал депозиті жоқ адамдар пәтер сомасының 50 пайызын жинап, табысын растау арқылы 7-8,5 пайызбен қиындықсыз үй рәсімдей алады. Көп банкте пәтер ақысының 50 пайызын құйып, табысты растамай пәтер алуға болады. Мысалы, «Алтын банк», «Береке банк», «Halyk банкте» стандарт ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан жоғары болады. Ал табысын растаусыз шамамен 18 пайыз, – дейді Нұрсейіт Мұратов.
Өңірімізде баспана бақытына кенелген жандардың қарасы артып келеді. Солардың бірі – «Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспаналы болған Тараз қаласының тұрғыны Айшырақ Әлқуатова. Ол былтыр ғана бағдарлама аясында №15 «Ұлы дала» ықшамауданында 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізген.
– Қазақта «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Бұл сөздің терең астарын баспанаға жете алмай жүргендер жақсы түсінеді. Өзім көпбалалы әрі жалғызбасты анамын. Талай жыл бір бір тұрғын үйге зар болып, әркімнің жалдамалы пәтерінде күніміз өтті. Пәтер иесі де жыл сайын ақысын көтеретіні тағы бар. Бүгінгідей нарық қос бүйірден қысқан уақытта пәтерақыны төлеп тұру да оңай емес. Бұған ай сайынғы коммуналдық қызметтің ақысы да қосылады. Осы мәселе отбасымызды әбден қажытты. Содан «Отбасы банкінің» Тараздағы бөлімшесіне барып, кеңес алдым. Содан соң бірден банктен депозит ашып, қаржы жинай бастадым. Нәтижесінде, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы былтыр баспаналы болып, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Мемлекетіміздің баспанаға мұқтаж жандардың осындай бағдарламалар арқылы үмітін жаққанына шынайы алғысымызды білдіремін. Әр қазақ баспаналы болсын! – дейді көпбалалы ана ағынан жарылып.
Баспаналы болу біз ойлағандай, оңай дүние емес. Әсіресе диплом иеленіп, енді ғана кәсіби маман атанған жастар үшін үй мәселесі қиынға тиеді. Осы тұрғыда, жас мамандарды қолдау мақсатында мемлекеттен түрлі бағдарламалар ұсынылады. Елімізде жастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде? Жас мамандар жеңілдікпен баспана алу үшін не істеу керек?
Жастардың Қазақстандағы үлесі ең көп екені белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 15 және 34 аралығындағы тұр-ғындардың саны 6 миллионға жуық. Оларды сапалы біліммен, жұмыс орнымен және баспанамен қамту мемлекет үшін басым бағыт болып саналады. Ал соңғы жылдары мемлекет жастар мен олардың отбасылары үшін айтарлықтай көңіл бө-луі – бұл жағдайдың айқын көрінісі. Ол-арға арнап көпқабатты үйлер Қазақстан-ның барлық аймақтарында тұрғызылып, пәтерлер жеңілдетілген шарттармен берілуде. Жалындаған жастарымыз үшін тек ебін тауып баспаналы болуға әрекет жасаса болғаны. Мәселен, өткен жылы ғана облысымызда қолға алынған жастарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы бүгінде өз жұмысын қарқынды жүргізуде. Қазіргі таңда облыстың 35 жасқа дейінгі 7 140 тұрғыны баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналды. Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Сондай-ақ қатысушылардың Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ол 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (1 КМ – 37 389 теңге). Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Осындай талаптарға сай жастарымыз кезекке тұрып, өз баспаналарына қол жеткізуге бір табын жақындай түседі.
Бүгінде дәл осы бағдарлама аясында баспаналы болып, пәтер кілтін алып, жаңа қоныстарына көшіп те үлгерген жастарымыз бар. Солардың бірі – қордайлық Айгүл Жошиева.
– «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы туралы әлеуметтік желіден көріп қалып, бірден қамдана бастадық. Төлем қабілетіміз де банк талаптарына сай келді. Шілде айында құжаттарымызды тапсырып, 15 қыркүйекте конкурстан өткенімізді білдік. Ал 25 қыркүйек күні үйімізге көшіп келдік. Осылайша жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алу бақыты бұйырды. Айта кету керек, біздің отбасымыз үшін бұл бағдарламаның үлкен көмегі тиді. Өйткені үйлі болғанға дейін тұрып келген жалдамалы пәтеріміздің иесі аяқасты пәтерді сатуды шешкен еді. Сөйтіп, барар жер, басар тауымыз жоқ қиын сәтте «конкурстан өттіңіз» деген хабар жетіп, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Қордай ауылынан 11 млн теңгеге төрт бөлмелі үй таптық, – дейді тұрғын.
Әрине, «Өз үйім – өлең төсегім» деп берекелді шаңырағында арқанды кеңге жайып отырғанға не жетсін. Бірақ жоғарыда айтылғандай, қай өңірде болмасын баспана бағасы аспандап тұрғаны анық. Сондықтан жергілікті тұрғындар үшін арнайы бағдарламаларға құжат жинап, өз баспанасына қол жеткізген әлдеқайда тиімдірек. Алда әлі де тұрғындар үшін арнайы жағдай жасалып, «үйсіздер» қатары азаятынына сенімім мол.
Әмина МҰСА