Мемлекет – сенің байлығың

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,
Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы

Елімізде, оның ішінде өңірімізде орын алған төтенше жағдай баршамызды қатты ойландырып тастады. Жасымыз келіп, қоғамға ақыл айтып, жақсылыққа шақырар сәтте мынандай бассыздық жағдайды көргеніміз бізге оңай тимеді. Бұл жағдайға не деуге, мұны не деп бағалауға болады?
Осынша бүлік не үшін керек болды? Аталған бұзақылық топтың көпшілігі жастар екені анықталу үстінде. Бүлік салғандардың нақты талабы қандай? Неге сонша ашу ызаға булықты? Осы жағы ойландырады, толғандырады.
Мемлекет – сенің байлығың, Отан – сенің барың мен нарың. Қанша бұзық болсаң да сені түсінетін де өз елің. Сенің мәселеңді өз Отаныңнан басқа ешкім, ешқашан шешіп бермейді. Осы жағдайға да Мемлекет басшысы бәрінен бұрын алаңдап, тиісті шешімдер қабылдап жатыр. Жастардың мақсаты бассыздық көрсету емес, елдің дамуына үлес қосу болса керек. Ал жастар бір мәселеге қиналса, алдыңғы буынмен, өмір көрген тұлғалармен ақылдасса, барлық істің жөні табылады емес пе?
Сондықтан мұндай нақты мақсаты, талабы жоқ бүлікшіл әрекет – қолдауға лайықсыз.
Елдің тыныштығынан, Отанның бүтіндігінен асқан байлық жоқ.

Comments (0)
Add Comment