«Осы орайда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын айрықша атап өткім келеді. Биыл елімізде 335,6 миллион ағаш егілді. Расында, осы бірегей жоба халықтық сипатқа ие болды, еліміздің болмысын, сана-сезімін өзгертуге зор ықпал етті.
Мен өзім осы жалпыұлттық қозғалысқа ерекше мән беріп отырмын. Таза болу дегеніміз, бұл – өте терең, маңызды ұғым. Бұл – ең алдымен, көшелеріміз, үйлеріміз, пәтеріміз таза болуы керек деген сөз. Ниетіміз де әрқашан таза болуы қажет. Кең даламызда жасыл желек, ағаш көп өсуі керек. Түптеп келгенде, тазалық – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет.
Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін нағыз өрлеу жылы болды деп айтсақ, артық болмайды.
Оқушыларымыз түрлі білім додасынан 1 мыңнан астам медаль алды. Спортшыларымыз ел мерейін өсіріп, көк байрағымызды биікте желбіретті. Өнерлі өрендеріміз төл мәдениетімізді төрге оздырды. Жер жүзі халқымызды рухы биік әрі озық ойлы ұлт ретінде тани бастады».