Президент Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы жаңа емхананың жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа таяуда салынған медициналық мекемеде 125 мың адам тіркеуде тұрғаны жөнінде баяндалды.
Ауыл емханасында күн сайын профилактикалық, жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Емхана заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Аудан тұрғындарына 260-тан аса дәрігер, орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.
Функционалды диагностика бөлімшесін арнайы аралап көрген Мемлекет басшысына компьютерлік томография, цифрлық рентген және маммография аппараттары таныстырылды.
Сонымен қатар Президентке Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау саласының даму барысы баяндалды. 2023-2024 жылдары өңірде 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Оған бюджеттен 5,2 миллиард теңге бөлініп отыр.
Былтыр медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға артты. Биыл тағы сондай көлемде өседі. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынып, 12 орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау ұйымдарын 575 дана заманауи медициналық құрылғымен жабдықтау қарастырылған. Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.