Ақпараттандыру саласы күшті дамыған елдер күн өткен сайын кітапқа құштар ұрпақты өсіруге және бала бойында әдебиет пен кітап оқуға деген құштарлықты тәрбиелеуге үлкен назар аударуда.
Кітап оқу жоғары даму сатысында тұрған және әлеуметтік құнды адамның қасиеттерін қалыптастырады. Мұндай қасиетке ие адам болашақта да кеңінен ойлайтын, алыстан шолып, жақыннан болжайтын, шапшаң шешім қабылдауға бейімді, тілі шешен, қаламы жеңіл, есте сақтау қабілеті жоғары адам ретінде танылмақ. Сондықтан біз балаларды кітап оқудың толып жатқан пайдалы жақтарымен таныстыруымыз керек. Кітап жаңа әлемінің есіктерін ашады. Қазіргі таңда кітапханалардың қорлары ұлттық нақышпен көркем безендірілген, терең мазмұнды қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі кітаптармен толықтырылған.
Жыл сайын мектеп кітапханалары кезең-кезеңімен оқулықтармен толығып отырады. Мемлекет тарапынан бөлінген мол қаржыға оқушылар жыл сайын мектеп кітапханасы арқылы қайтарымды негізде оқулықтармен 100 пайыз қамтылып отыр.
Қазіргі таңда кітапханашылардың қолға алған жұмыстарының жаңа түрлерінің бірі – кітапханалық сабақтар. Яғни оқырмандарға кітап, кітапхана туралы тереңірек мағлұматтар беріп, сауаттандыру. Кітаптың шығу тарихы, жасалу жолдары, кітапты күтіп ұстау, оқу мәдениеті, кітаптың түрлері, анықтамалық, энциклопедияларды пайдалана білу, кітапхана мен оқырманның ережесі мен құқықтарын оқырмандарға таныстырып, оқырманның кітапқа, кітапханаға деген қызығушылығын арттырады. Осы мақсатта кітапханада ай сайын сабақтар жоспарланып, кезең-кезеңімен өтуде және оқушылардың кітапханалық сабаққа деген оң көзқарастары қалыптасуда.
Тәрбиенің міндетін, оқырманның ерекшелігін кітапхана қорын ғана біліп қою кітапханашыға аздық етеді. Мысалы, ересек балаларды биік адамгершілік қасиеттерге баулуға тамаша еңбек ерлері туралы адамның сұлулығын халық бақыты жолындағы күрескерлер туралы кітап көрмелерін ұйымдастыру көрмедегі кітаптарға шолу жасау арқылы адамгершілік тәрбиелікке баулуға болады.
Мектеп кітапханасы – кітап арқылы оқушылардың жан-жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси сапасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ететін бірден-бір әлеуметтік орын. Мектеп жасындағы жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу – кітапхананың төл ісі.
Оқушылар кітапханадан кітап алып оқиды. Пән мұғалімдері өтілген тақырыптарына байланысты қосымша тапсырмалар кітапханасымен тығыз байланыста болады. Сондай-ақ көркем әдебиетті оқу арқылы оқушыларды ұлттық патриоттыққа тәрбиелеуде мектеп кітапханасы өз үлесін қосуда.
Мектеп кітапханалары шәкірттерге сапалы білім беруде, тәрбиелік шараларды өткізуде мұғалімдердің бірден-бір сенімді серігіне айналып отыр. Кітап мұхитында бағыт табуға, рухани тәрбие мен патриоттық тәрбиеден азық алуға көмектесетін – кітапхана мен кітапханашы.
Кітап – балалар үшін қуаныштың ғана күші емес, жан-жақты тәрбиенің қайнар бұлағы. Ол ұрпақты айналадағы өмірмен таныстырады, адамгершілік қарым-қатынастар, жақсылық пен жамандық, шындық пен әділдік жөніндегі түсініктерін қалыптастырады. Кітапқа деген сүйіспеншілік одан алған білімін өмірге қолдана білу балаға өзінен-өзі келе қоймайды. Бұл жерде кітапханашының, мұғалімнің, ата-ананың белсенді көмегі керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынғандығы баршамызға аян. «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектеп жасындағы балалардың кітапқа құмарлығын оятумен қатар, танымдық-мәдени дамуына жол ашады. Сол мақсатқа жету жолында жас оқырмандар алдына бірнеше міндетті жүктейді. Ол оқушыларды оқу мәдениетіне тәрбиелеу, кітапқа деген құрмет пен сүйіспеншілігін қалыптастыру, ең бастысы, кітапты оқуға құштарлығын шыңдау болып табылады. Оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру жолында көркем әдебиетті оқу арқылы тіл тазалығын сақтап, ұлттық тәрбиеге деген қызығушылығын ояту басты нысана болары белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Аталған жобаның арқасында оқушылар мен жастардың көркем әдебиетке қызығушылығы артады, еліміздегі кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нығаяды. Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асуда. Жыл сайын мектеп кітапханалары көркем әдебиетпен қамтылып келеді.
Раушан Қожамжарова,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы